Аты жаман індеттің үшінші толқынының ел аумағында таралуына байланысты Шымкент қаласында карантин ережесі 12 сәуірге дейін ұзартылды. Әсіресе наурыз айының бел ортасынан бастап шаһарда коронавирус індетін жұқтырғандар саны арта түсті. Бір ғана мысал, 28 наурызда КВИ-дің 45 жағдайы тіркелді (белгілері бар – 25, белгілері жоқ – 20). 25 адам инфекциялық стационарға жатқызылып, 20 адам үй бақылауына алынды.
Қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев індеттің жаппай таралуына жол бермеу мақсатында карантиндік іс-шараларды ұзарту туралы қаулы қабылдады. «Шымкент қаласының аумағында 2021 жылғы 29 наурыз сағат 00:00-ден бастап 2021 жылғы 12 сәуір сағат 00:00-ге дейін карантин және шектеу іс-шаралары ұзартылсын», делінген құжатта. Аталған қаулыға сәйкес, 29 наурыз бен 12 сәуір аралығында қалада ас беру шараларын (толтырылуы 30 пайыздан артық емес, бірақ 50 адамнан артық емес) қоспағанда адамдардың көп жиналуына байланысты кез келген іс-шараларды (туған күндер, мерейтойлар, шығарып салу, құдалық, той, беташар және басқа) өткізуге тыйым салынады. 65 жастан асқан адамдардың қалада жүруі шектеледі. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарға (оның ішінде қалалық қоғамдық көлікте сапар шегу кезінде) және қызметіне рұқсат етілген нысандарға барған кезде, сондай-ақ ашық ауада орналасқан қоғамдық орындарда болған кезде (5 жасқа дейінгі балаларды және ашық ауада спортпен шұғылдануды қоспағанда) бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау және антисептиктерді пайдалану жөніндегі талаптар қатаң сақталуы қажет.
Шымкентте инфекциялық стационарларда төсектік орын жеткілікті. Қазір стационарлардағы 560 орынның 249-ы бос, ал карантиндік стационарлардағы төсектік орындар түгелдей бос деуге болады. Бүгінге дейін шаһарда 305 046 ПТР зертханалық зерттеу жүргізілген. Оның ішінде бір күнде 1 963 ПТР алынған. Сондай-ақ қала аумағында санитарлық-эпидемиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізетін 22 мобильдік топ жұмыс істеуде. Олар өткен тәулікте 240 нысанға тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 17 нысанда карантин режімінің талаптары бұзылғаны анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылған. Бүгінде індеттен қорғанудың оңтайлы жолы – вакцина салдыру мен бетперде режімін сақтау. Тұрғындар жиі шоғырланған орындарда бетперде тағып жүруді жұрт назарына салған қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілерінен құралған топ коронавирустың алдын алу үшін бетперде таратуды қолға алған. Олар қысқа уақыттың ішінде 5 мың дана медициналық бетперде таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған шара аясында қаланың Төтенше жағдайлар департаменті және Полиция департаментінің қызметкерлері базар маңындағы тұрғындар мен сатушыларға, қоғамдық көлік иелеріне карантин талаптарын түсіндірді. Сондай-ақ қоғамдық орындарда бетперде тағу қауіптің алдын алудың алғышарты екенін еске салды.
Індетті жеңу үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Бұл үшін ел тұрғындары жаппай вакцина салдыруы керек. Осы мақсатта Шымкентте 7 мыңға жуық адамға ерікті түрде вакцина салынды. Оның ішінде 4 301-і медицина қызметкерлері болса, 2101-і – педагогтер. Ал 161-і полиция қызметкерлері мен 299-ы – басқа да санаттағы азаматтар. Инфекцияға қарсы вакциналау жұмыстары 21 емдеу мекемесінде жүргізілуде. Бұған қоса наурыз айының соңына дейін қосымша 10 бастапқы медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында вакциналау үшін арнайы кабинеттер ашылмақ. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, БМСК ұйымдарының 450 медицина қызметкеріне вакциналау мәселелері бойынша тренинг семинарлар өткізді. Бұдан бөлек, тұрғындар арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша тиісті іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізілуде. Вакциналауға профилактикалық егуге қарсы көрсеткіштері жоқ адамдар жіберіледі. Вакциналау алдында дәрігер егуге келген адамды міндетті түрде тексеруден өткізеді. Қалада медицина мамандары енді демалыссыз инфекцияға қарсы егу жұмыстарын жүргізеді. Өткен сенбі мен жексенбі күндері бастапқы санитариялық медициналық көмек көрсету ұйымдарындағы мамандар өз еркімен келісім берген азаматтарға ковидке қарсы екпе салды. Бүгінге дейін 7 181 азаматқа ковидке қарсы вакцина салынған. Екпе алғандардың 70 пайыздан астамы – медицина мамандары. Ал басқалары – мұғалімдер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Екпе салу түрлі санат бойынша кезегімен жүргізілуде. Вакциналау жұмыстары қаладағы 26 емдеу мекемесінде жүргізілуде. Қосымша 10 бастапқы медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында арнайы кабинеттер дайындалды.
Вакцина салдыру – коронавирус ауруының таралуын болдырмаудың бірден-бір жолы.
ШЫМКЕНТ