Піл сауырлы Арқа төсінде туризм туралы әңгіме қозғалғанда, алдымен көнеден қалған мұралары жадыны жаңғыртқан Ұлытаудың, көкше теңізі көбігін шашып шалқыған Балқаштың, тұмса табиғаты таңдайды қақтырған Қарқаралының ауызға ілігетіні заңды әрі түсінікті.
Облыстағы туризм индустриясын негізінен осы үш бағытта дамытудың қолға алынғаны да осы ойды қуаттай түседі.
Бір қуанарлығы сол, бүгінгі күнде туризмнің талпынған жанды табыссыз қалдырмасын ұққан Қарағандының бизнес өкілдері бұл саланы дамытуға білек сыбана кіріскен. Зады, Қарқаралыны «Қазақстанның Швейцариясы» деп тегін айтпайды. Мұнда өңірдің өңін кіргізіп, шырайын келтіріп және туристерді магнитше тартып тұратын мемлекеттік ұлттық табиғи парк бар. Жері тау-тасты, ну орманды болып келетін парктің аумағы 112,1 мың гектарды құрайды. Оның 29,1 мың гектарын туристік-рекреациялық дамуға арналған жерлер алып жатыр. Ал бұл дегеніңіз, осы аумақта туризмді дамытуға мол мүмкіндік беретін аса қолайлы жағдай бар деген сөз.
Қазірдің өзінде Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің аумағында осы мақсатта жалпы көлемі 143,1 гектар жалға алуға болатын жер учаскелері белгіленген. Оның ішінде 19 жер учаскесі қысқа мерзімге және 11 жер учаскесі ұзақ мерзімге берілетін болады. Қазіргі уақыттың өзінде қысқа мерзімге берілетін 11 жер учаскесінде 17 келісімшарт жасалған және бес жер учаскесі ұзақ мерзімге жалға тапсырылып, жаңа нысандар ашу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы ұлттық табиғи паркте туристерді тарту мақсатында қолға алынған шаруалар аз емес. Мысалы мұнда табиғат мұражайы мен жабайы аңдар тұратын вольер саяхатшыларға қызмет көрсетеді. Ұлттық табиғи бақтың аумағында 11 туристік маршрут ресми тіркеліп, жұмыс істеп тұрғанын да еске сала кеткен жөн.
Қарқаралы Ұлттық табиғи паркінің директоры Айдар Дарбаевтың айтуынша, мекемеде орманшы, қорықшы, күзетші, эколог, туристік мамандардың бәрін қосып есептегенде, 120-дан астам адам жұмыс істейді екен. Осындағы елік, бұғы, қабан және бизон сынды аңдарды көруге ынтыққан жұрттың қарасы тіпті де қалың болатын көрінеді. Мысалы 2019 жылдың өзінде 35 мыңнан астам адам бұл жерге арнайы келіпті. Бизон демекші, паркте табиғатта сирек кездесетін бұл жануардың үш аналығы мен бір бұқасы бар екен.
Ұлттық парктің аумағына кіру үшін әр адам 0,1 АЕК көлемінде ақы төлейді. Қазір ол шамамен 278 теңгені құрайды. Былтыр, мысалы, қызметтің осы түрінен 42,8 млн теңге пайда түсіпті. Туризмнің құдіреті де осында: істің қиюын тапсаң, аспаннан ақшаны қарша жаудырады!
Қарқаралының жақсы атын жалғыз ұлттық табиғи парк қана шығарып тұрған жоқ. Көрем дегенге ниет білдірген қауымға одан тыс жерлерде де көптеген көзайым нысандар бар. Мысалы Құнанбай қажы мешіті, Абай түскен үйі, Мәди Бәпиұлының ескерткіші мен бейіті, тарихи-өлкетану мұражайы, 78 коммунардың ескерткіші, басқа да көптеген тарихи-мәдени орындардың жеткілікті екенін айта кеткен жөн.
Бүгінгі күнде ауданға ат арытып келетін қонақтарға арналған 31 демалыс орны мен қонақ үй жұмыс істеп тұр. Бұлардың жалпы алғанда 2,7 мыңнан астам адамды қабылдап, қызмет көрсетуге әлеуеті жетеді. Ең бастысы, бұл салада 300-ден астам адам жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр.
Аудан әкімі Эльдар Дүйсетаев Қарқаралы қаласы үшін аса қолайлы туризм саласын дамыту қажет деп санайды. «Алдағы уақытта Қарқаралы қаласының тарихи орталығын жаңғырту ойда бар. Туризмді дамыту жобасы аясында инфрақұрылымды жетілдіруді, тау-шаңғы, сауықтыру кешендерін салуды, қонақ үй, мейрамханалардың және бөгетте қалалық жағажайдың құрылыс жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз», – дейді аудан басшысы.
Ресми статистикаға сенсек, 2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша демалуға келгендерге көрсетілген қызмет көлемі 197,9 млн теңгені құрапты. Келушілердің саны 11680 адамға жеткен. Әлбетте, демалушылардың саны карантиндік шектеулерге байланысты сәл-пәл төмендеген екен. Алайда мамандар мұның уақытша көрсеткіш екенін айтады.
Қарқаралыда демалушылардың қызығып келетін жерінің бірі – Самалкөлдің жағасына орын тепкен «Шахтер» демалыс үйі. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты бұл базаның жанында тау шаңғысы кешені бар. Қыстың қызығын осында келіп көргендер оның атақты Шымбұлақтан бір де бір кем емесін айтар еді. Мысалы, мұнда да 500 метр биіктіккке шығаратын аспалы арқанжол бар. Межелі биікке көтерілгеннен кейін шаңғымен немесе шанамен құлдилаймын десеңіз, ерік өзіңізде.
«Шахтер» демалыс үйінде келушілерге арналған сервистік қызмет дұрыс жолға қойылған. Бұл жердегі қонатын бөлмелердің жайлылығы, тамағының дәмділігі турасында жылы лебіз білдіретін демалушылардың қатары уақыт өткен сайын артып келеді. Бағасы да қолжетімді. Мысалы, мұнда адам басына тәулігіне 12 мың теңгеден алынады. Бұл соманың ішіне жатын орын және төрт мезгіл тамақ кіреді. Ал қалған қызмет түрлерінің, мысалы, саунаға түсу, бильярд ойнау, қыста шаңғы тебу, жазда қайықпен жүзудің ақысын тіпті де су тегін деуге болады.
«Берлога» деп аталатын демалыс үйінің де «Шахтерден» кем түсер жері жоқ. Мұнда көбіне демалыстың отбасылық түрін таңдағандар ат басын тірейді екен. Демалушылар шаңғы, шана, тюбинг тебуден шаршаса, атпен серуендеуіне де жағдай жасалған. Тіпті хаски иттері жегілген шанаға мініп, қызыққа батуға да мол мүмкіндік бар. Саламатты өмір салтын ұстануға бағытталған осы демалыстардан кейін караоке залына барып, қалағаныңызша ән айтып, көңіл көтеру де қонақжай мекеннің сүйсінтетін қызметінің біріне айналған. Айтпақшы, дәл осы «Берлога» демалыс үйінің түбінен 1200 метр биіктікте жатқан атақты Шайтанкөлге тікелей көтерілуге болады.
Қарқаралы аудандық кәсіпкерлікті дамыту және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Серік Төлеубектің өлкеде туризм саласын дамытуды мақсат еткен жоспарлар туралы айтқаны көңілге қуаныш ұялатады. Мысалы, алдағы уақытта қаланың өз басында құны 15 млн теңгені құрайтын қонақ үйдің құрылысы басталады екен. Тағы бір кәсіпкер ескі қазандық ғимаратын қалпына келтіріп, қомақты қаржы салып, қонақ үйдің құрылысын жүргізбекші.
Ал «Бұғылы» шатқалында қолға алынбақшы жоба ауқымдылығымен назар аударады. Сәтін салса, мұнда инженерлік инфрақұрылым дұрыс жолға қойылғаннан кейін, тау-шаңғы және шипажай-сауықтыру кешендерінің, стадионның, қонақүйлер, демалыс үйлері, мейрамханалардың құрылысы басталады. Көл жағасында қалалық жағажай жасалмақшы. Бұдан бөлек этно, жаяу жүру, тауға шығу, шаңғы тебу, ат спорты, велосипед және мотоцикл туризмін дамыту да жоспарға түзілген. Сонымен қатар Қарқаралыдағы барлық сауықтыру, көңіл көтеру, демалу, қызмет көрсету орындарына қызығушылық танытқан адамдарға арналған Visit.Karkaraly веб-сайтын әзірлеу бойынша жұмыстар қолға алынбақшы. Ал болашақта шағын ұшақтарға арналған әуежай ашу идеясы қарқаралылықтардың туризм сынды игілікті және ырзықты салаға ерекше мән беріп отырғанын көрсетсе керек.