Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Шаруалардың егіс науқанына дайындығы туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілуі туралы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, өңірлердегі ахуал туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндады.
Форвардтық сатып алу тізбесі 9 дақылға дейін кеңейтілді
Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаровтың айтуынша, министрлік Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында егіс алаңдарын әртараптандыру және рентабельділігі жоғары дақылдарды өндіруге көшу жұмысын жалғастырып жатыр. Мәселен, 2021 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,8 млн гектарға егу жоспарланған. Бұл 2020 жылға қарағанда 0,8%-ға көп. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды 15,8 млн гектар алқапқа егу жоспарлануда.
Майлы дақылдардың болжамды алаңы – 3 млн гектар. Бұл өткен жылғы деңгейден 63 мың гектарға көп. Азықтық дақылдар 3,4 млн гектарды құрайды. Көкөніс-бақша дақылдарының алаңы өткен жылғыдан 16 мың гектарға асып, 280 мың гектарды құрайды.
«Биыл 10 наурызда облыстар әкімдіктері мен қаржы институттарының қатысуымен көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге дайындық мәселесі жөнінде кеңес өткізілді. Онда жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік маңызы бар дақылдар алаңдарын ұлғайту мәселесіне жіті көңіл бөлмей отырғаны атап өтілді. Кеңес қорытындысы бойынша облыстық әкімдіктерге қарақұмық, картоп алаңдарын ұлғайту қажеттігі туралы хаттар жіберілді. Мәселен, жергілікті атқарушы органдарға қарақұмықтың бұрын жоспарланған алаңын 89 мың гектардың орнына 103 мың гектарға дейін, картопты 197 мың гектар орнына 209 мың гектарға дейін ұлғайту ұсынылды» деді С.Омаров.
Биыл 29 наурыздағы жағдай бойынша Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп жатыр. Атап айтқанда, 67,7 мың гектарға жаздық масақты дәнді дақылдар, 6,5 мың гектарға картоп; 10,3 мың гектарға көкөніс дақылдары, 18,7 мың гектарға көпжылдық шөптер егілді. Облыстар әкімдіктерінің ақпараты бойынша, бүгінгі күні 2,4 млн тонна тұқым себілген, бұл жоспардың 100,2%-ын құрайды.
2021 жылы тұқым шаруашылығын қолдауға 11,8 млрд теңге бөлінді, бұл минералды тыңайтқыштарды қолдануды 3,3%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Облыстар әкімдіктерінің жедел ақпараты бойынша бүгінгі күні республика диқандарына көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 117,6 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілген.
«Бүгінгі таңда Алматы, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында субсидиялауға өтінімдер қабылдануда. Жақын аралықта Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында өтінімдер қабылдау басталады. Қалған өңірлерде субсидиялар тізбелері мен нормаларын бекіту жұмыстары аяқталуға жақын» деді Ауыл шаруашылығы министрі.
2021 жылға пестицидтерді субсидиялауға облыстардың жергілікті бюджеттерінде 30,6 млрд теңге көзделген, бұл пестицидтерді сатып алуды 15,8%-ға арттыруға және қолайлы фитосанитарлық жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құралымдарында 141,7 мың трактор, 73,2 мың тұқымсепкіш, 221,2 мың топырақ өңдеу құралы бар. Бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияны орындайтын қазіргі заманғы егіс кешендері 4,3 мың бірлікке дейін ұлғайды. Бұған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезіндегі мемлекеттік қолдаудың тиімді шаралары ықпал етті. «ҚазАгроҚаржы» АҚ ақпараты бойынша биыл жыл басынан бері 24 млрд теңге сомасына 1 112 техника, оның ішінде 458 трактор, 28 комбайн және 626 өзге де техника қаржыландырылды.
Биыл 29 наурыздағы жағдай бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 97%-ды құрайды. Техниканы дайындау жоспарлы режімде жүзеге асырылып жатыр. Жаппай жұмыс жүргізу алдында техника дайындығы 100%-ға жетуі тиіс.
Биыл Энергетика министрлігінің келісімімен егіс жұмыстарын жүргізу үшін ақпан-маусым айларына шамамен 380 мың тонна дизель отыны бөлінді. Қазіргі уақытта облыстардың операторлары мұнай өңдеу зауыттарымен шарттар жасасу және диқандар үшін дизель отынын тиеп-жөнелту рәсімдерін жүргізуде. Графиктің қолданылу кезеңінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп өңірлерге мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынының тиеп-жөнелтілуіне күн сайын мониторинг жүргізеді.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге шамамен 116,8 млрд теңге кредиттік ресурстар бөлінді, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ республикалық бюджеттен көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлді.
Бүгінде «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде 48,6 млрд теңге сомасына 1 326 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды. Тағы 562 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 10,6 млрд теңге сомасына қаржыландырылу сатысында. Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ кредиттер көлемі 6 млн теңгеден аспайтын көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді қаржыландыратынын да атап өту қажет. Бүгінгі таңда 60-тан астам ұсақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 370 млн теңгеден астам қаражат берілді.
Сондай-ақ Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырады. Жоспарланып отырған сатып алу сомасы 45,3 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 14,3 млрд теңге сомасына 74 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды. Биыл форвардтық сатып алу шеңберінде сатып алынатын өнімдер тізбесінде ауыл шаруашылығы дақылдары 4-тен 9-ға дейін кеңейтілгенін атап өткен жөн. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру және азықтық базаны нығайту үшін бидаймен және арпамен бірге, қарақұмыққа, күнбағысқа және басқа да майлы дақылдарға келісімшарттар жасалады.
Қажетті дизель отыны бөлінеді
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, 2021 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу мақсатында Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, «2021 жылғы дала жұмыстарына дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесін» әзірледі. Осы кесте шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған қажеттілік 379 мың тонна көлемінде бекітілді. Биыл 29 наурыздағы жағдай бойынша, аталған кестені іске асыру барысы төмендегідей: ақпан айында жоспарланған 16,6 мың тоннаның 14,8 мың тоннасы, яғни 89,6%-ы тиеп-жөнелтілді, наурыз айында жоспарланған 115,7 мың тоннаның 50,3 мың тоннасы, яғни 43%-ы тиеп-жөнелтілді, сонымен қатар кесте бойынша сәуір айында 107 мың тонна, мамыр айында 125,4 мың тонна және маусым айында 15 мың тонна тиеп-жөнелту жоспарланып отыр. Тиеп-жөнелту төлемге сәйкес жүргізілуде.
«2021 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына арналған дизель отынының бағасы Павлодар мұнай-химия зауыты мен Шымкент мұнай өңдеу зауытында 1 тоннасы үшін 174 мың теңгені, ал Атырау мұнай өңдеу зауытында 1 тоннасы үшін 172 мың теңгені құрайды (ҚҚС-ты қоса алғанда, FCA шарттарында)» деп атап өтті Энергетика министрі.
Ауыл шаруашылығы қажеттілігіне арналған дизель отынының құны жанар-жағармай нарығына қатысушылармен келісу бойынша анықталады және оны мұнай өнімдерінің ресурс иелері өз еркімен белгілейді. Министрліктің бағалауы бойынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының бағасы автожанармай құю стансасының бөлшек сауда бағасынан литріне 15-20 теңгеге төмен болады деп күтілуде.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «Көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүргізу елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі. Былтыр пандемияға қарамастан егіс жұмыстары өте жоғары деңгейде жүргізілді. Агротехнологиялар дәл сақталып, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары уақтылы салынды. Бұл мол астық жинауға мүмкіндік берді. Биыл Үкімет көктемгі егісті қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешімдерді қабылдады» деді ол.
Премьер-Министр Экология министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, республиканың оңтүстік өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді суармалы сумен, оның ішінде ұзақмерзімді перспективада тұрақты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Өңірлердің әкімдеріне ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін тізбелер мен субсидиялар нормаларын бекіту жұмысын бір апта ішінде аяқтау, Энергетика министрлігіне бекітілген кесте мен бағалар бойынша егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының қажетті көлемін жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды. «Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егіс алаңдарына жүргізіліп жатқан әртараптандыру шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға ерекше назар аударсын» деді А.Мамин.
Солтүстік Қазақстанға 2 трлн теңге инвестиция тартылады
Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қаралды. Бұл мәселе туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары жаңартылды. Құжат төрт негізгі бағыт – инвестициялық жобалар, тұрғын үй және инфрақұрылым, әлеуметтік сала, қоғамдық құқықтық тәртіпті және азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету бойынша 80-нен астам іс-шараны жүзеге асыруды қамтиды. Жаңартылған Кешенді жоспарда инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 2 трлн теңгені құрайды, оның басым бөлігі – жеке инвестициялар. Бұл жаңа жобаларды іске асыруға, сапалы жұмыс орындарын құруға және өңір экономикасының жаңа құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Алдын ала бағалау бойынша Кешенді жоспарды іске асыру өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін 1,5 есе ұлғайтуға, жалпы өңірлік өнімнің өсу қарқынын 5,2%-ға дейін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Жаңа өсу нүктелері пайда болады, облыстың инфрақұрылымы жақсарады. Мәселен, АӨК саласында 52 тауарлы сүт фермасын, 3 бордақылау алаңын, 2 құс фабрикасын, құрама жем зауытын, жылыжай кешенін, басқа да нысан салу жоспарлануда. Өнеркәсіпте CLAAS ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін, John Deere сервис орталығын жергіліктендіру, «Ақсораң» және «Баян» вольфрам-молибден кендерінің кен орындарын игеру, сондай-ақ ready-built factory типі бойынша тау-кен металлургия комбинатын және жаңа өндірістік алаңдар салу көзделген. Өңірде «Қызылжар» сауда-логистикалық хабы құрылады. Еліміздің әкімшілік орталықтарымен іскерлік белсенділікті дамыту үшін әуе рейстерінің саны айына 16-дан 68-ге дейін ұлғаяды. Туристік әлеуетті күшейту және спортты дамыту мақсатында Имантау-Шалқар курорттық аймағында көпфункционалды туристік кешен, Петропавл қаласында 3 мың орындық спорт сарайы салынады. Солтүстік Қазақстан облысының елді мекендерінің тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық, цифрлы және көлік инфрақұрылымын дамыту жалғасады.
Облыстық көпсалалы аурухананы салумен қатар, өңірде 47 медициналық нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларға арналған 400 орындық түзету мектеп-интернаты және 16 мектеп салынады. Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша жоғары оқу орнын, сондай-ақ Академиялық көшбасшы орталығын құру жоспарлануда.
«Өңір әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жаңа импульске ие болады. 26 мың біліктілігі жоғары жұмыс орны ашылады. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту өңірдегі көші-қон үрдістерін тұрақтандыруға мүмкіндік беріп, жастардың тұрақтауы мен мамандардың келуіне қосымша жағдай жасайды. Бұған білім беру мен денсаулық сақтау салаларын белсенді дамыту септігін тигізеді» деді аталған мәселені қорытындылаған Премьер-Министр.
Үкімет басшысы тиісті мемлекеттік органдар мен өңір басшылығына Солтүстік Қазақстан облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының бекітілген кешенді жоспарының іс-шараларының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.