Жапонияның бас шаһары – Токиода өтетін Жазғы Олимпия ойындарында өнер көрсететін футболдан 16 құраманың тізімі белгілі болды.
Олар: Еуропадан – Франция, Германия, Испания, Румыния, Азиядан – Аустралия, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Америкадан – Бразилия, Аргентина, Солтүстік Америкадан – Мексика мен Гондурас, Африкадан – Мысыр, Кот-д’Ивуар, Оңтүстік Африка, мұхит аймағынан – Жаңа Зеландия және жарысты өткізуші ел ретінде Жапония ұлттық құрамалары.
Аталған турнирдің жеребесі 21 сәуірде FIFA штаб-пәтері орналасқан Цюрих (Швейцария) қаласында тартылады. Футбол турнирі 22 шілде мен 8 тамыз аралығында Токио (екі стадион), Сайтама, Иокогама, Ибараки, Сендай және Саппоро қалаларында өткізіледі деп жоспарланған.
Айта кетейік, 2016 жылы Риода өткен төртжылдықтың басты бәсекесінде Бразилия құрамасы Олимпиада чемпионы атанған болатын.