Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті неліктен онлайн өтіп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz
«Бұл басқосуды бәріміз үшін қасиетті Түркістанда ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Алайда, пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай біз саммитті онлайн форматта өткізуді жөн көрдік. Індеттің беті қайтқан соң бұрынғыдай бетпе-бет жүздесеміз деп сенемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды Наурыз мейрамымен тағы да құттықтаймын», деді Президент.
Мемлекет басшысы Наурыз күллі түркі жұртының төл мерекесі екендігін баса айтты.
«Бауырлас елдерге бақ-береке тілеймін. Енді іс-шараны ұйымдастырушы ретінде Түркі кеңесінің бейресми саммитін ашық деп жариялаймын», деді Мемлекет басшысы.
Бейресми саммит барысында алғашқы сөз түркі дүниесінің тұтастығына ұйытқы болған тұлға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Әрі қарай Мемлекет басшылары ағылшын әліпбиінің реті бойынша сөз сөйлеп, Түркі кеңесінің бас хатшысы баяндама жасайтын болады. Саммит соңында түркі елдерінің мәдени құндылықтарына және кеңестің мәртебесіне қатысты қорытынды декларация қабылданады.