Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті онлайн форматта өтті. Жоспар бойынша іргелі жиын Түркістан қаласында өтуі тиіс еді. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты іс-шараны бейнеконференция режімінде ұйымдастыру ұйғарылды.
Саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Түркі кеңесінің Құрметті ТөрағасыНұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн форматта өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Қазақстанның ұсынысын қабыл алып, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысуға келісім берген Мемлекет басшыларына ризашылығын білдірді.
– Бұл басқосуды бәріміз үшін қасиетті Түркістанда ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Алайда пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай біз саммитті онлайн форматта өткізуді жөн көрдік. Індеттің беті қайтқан соң, бұрынғыдай бетпе-бет жүздесеміз деп сенемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды Наурыз мейрамымен тағы да құттықтаймын. Бұл – күллі түркі жұртының төл мерекесі. Бауырлас елдерге бақ-береке тілеймін! – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Түркістанның барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт екенін айтты. Бабаларымыздың осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден діни білім алып, түркі-ислам мәдениетін әлемге таратқанын, түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түп-тамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болғанын атап өтті.
– Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті бүкіл әлем теңдессіз сын-қатерлермен күресіп жатқан қазіргідей қиын уақыттың өзінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы бәсеңдемегенін ерекше атап өтті. Алайда күрделі кезеңдегі қарым-қатынасымызға тың серпін беру жолдарын бірлесіп ойластыруымыз қажет екенін жеткізді. Осы мақсатта бірнеше мәселе бойынша ойымен бөлісті.
– Біріншіден, індетті тоқтатудың бірден-бір жолы – азаматтарымызды вакцинамен жаппай қамтамасыз ету екені айдан анық. Біздің елдеріміз де екпе шығаруды қолға алды. Ортақ мүддеге сай тәжірибе бөлісіп, бір-бірімізді қолдауымыз қажет деп санаймын.
Өкінішке қарай, халықаралық қауымдастық пандемияға қарсы күрес кезінде тұтасып әрекет ете алмады. Негізгі ірі мемлекеттер арасында қайшылықтар туындап, вакциналық қақтығыс басталып кетті. Біріккен Ұлттар Ұйымы да осындай күрделі жағдайда өз әлеуетін көрсете алмады.
Осы күрделі кезеңде денсаулық сақтау және биоқауіпсіздік мәселесінің маңызы арта түсті. Бұл ретте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында Қазақстан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтергені белгілі. Сіздер осы тың идеяны қолдайсыздар деп сенемін. Агенттік болашақта биологиялық қатердің алдын алуға және қауіпті дерт бойынша мәлімет алмасуға мүмкіндік берері сөзсіз.
Екіншіден, пандемия бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа әкеп соқтырды. Індеттің салдарынан өзара сауда айналымы азайып кетті. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр шамамен 7 миллиард доллар болды. Бұл – пандемияға дейінгі көрсеткіштен 11,2 пайызға төмен. Сондықтан біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты міндеттің бірі. Осы орайда тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын.
Бұдан бөлек, су-энергетика саласы – қатынастарымыздың тағы бір құрамдас бөлігі. Өйткені су мәселесі біздің аймақтағы өте маңызды, күрделі проблемаға айналып отыр. Трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану – елдеріміздің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің кепілі. Осы орайда, өздеріңізбен бірлесе гидроқұрылымдар салу жобаларына атсалысуға дайынбыз, деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесіне мүше елдер арасында жасанды интеллектіні дамыту, ауқымды деректерді талдау, цифрландыру, интернет саудасы сияқты салаларда ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Мемлекет басшысы технология қазіргідей жылдам дамып жатқан дәуірде бұл қадам инновацияларды игеруге және бәсекеге қабілетімізді арттыруға мүмкіндік береді деп сенеді. Бұл ретте Қазақстан электронды үкімет, банк және қаржы жүйесіндегі озық технологиялар мен цифрлы шешімдер төңірегіндегі тәжірибесімен бөлісуге әзір екенін айтты.
– Үшіншіден, Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құру жұмыстарын тездету қажет. Бұл – біздің елдерімізге ортақ алғашқы қаржы институты. Бастаманы барлық мүше мемлекеттер пысықтаған соң оның штаб-пәтерін «Астана» халықаралық қаржы орталығында орналастыруды ұсынамын. «Астана» қаржы орталығы – халықаралық деңгейдегі қаржы институттарының үздік тәжірибесі мен заманауи мүмкіндіктерін біріктірген бірегей алаң. Мұнда ислам банкингі және сукук құралдары кеңінен қолданылады. Бұл ұйым түркі елдеріне кең көлемде инвестиция тартуға жол ашатын ерекше құрылым болмақ.
Төртіншіден, білім беру саласындағы ынтымақтастық – болашақтағы табысты серіктестіктің негізгі факторы. Осы ретте ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастырған жөн. Сол арқылы жастардың заман талабына бейімделуіне жол ашылады. Оны «Ұлы түркілер» білім беру қорын құру арқылы жүзеге асыруға болар еді. Қор университеттер арасында академиялық ұтқырлық, тағылымдамадан өту, біліктілікті арттыру ісін үйлестіреді. Біз бауырлас елдердің жастарына Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша оқу үшін 50 грант бөлуге дайынбыз (Ясауи атындағы стипендия).
Бесіншіден, қазіргі заманда гуманитарлық және академиялық ықпалдастықтың өзектілігі артып келеді. Іргетасы орта ғасырда қаланған Түркістан шаһары археологиялық және ғылыми тұрғыда әлі толық зерттелген жоқ. Сондықтан ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беруі өте орынды. Бұдан бөлек, тамырластық символы ретінде Түркістанда халықтарымызға ортақ сәулет нысанын салсақ, құба-құп, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Кеңестің мәртебесін арттырып, институттық құрылымын нығайту мақсатында оны толыққанды ұйымға айналдыратын уақыт келгенін айтты. Мемлекет басшысы осы ұсынысты саммит қорытындысы бойынша қабылданатын Түркістан декларациясына енгізіп, бекітуді ұсынды.
– Қазіргі халықаралық саясат пен қарым-қатынаста Түркі әлемінің маңызы арта түскені баршаға мәлім. Ендеше,Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың болашағы зор деп айтуға толық негіз бар. Біз өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша өзіміздің көзқарасымызды білдіруіміз керек. Біздің дауысымыз нық әрі айқын болуға тиіс. Осы орайда біз барлық бастама мен ұсынысты бауырлас елдермен бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде саммитті барша түркі халықтарының киелі мекені – Түркістан қаласында өткізу жоспарланғанын, алайда соңғы уақытта халықаралық іс-шаралар эпидемиялық ахуалға байланысты онлайн режімде өтіп жатқанын айтты. Соған байланысты осы басқосуды да бейнеконференция форматында өткізу туралы шешім қабылданғанын жеткізді.
– Бүгінгі басқосуымыз «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбымен өтеді, – деді Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Құрметті төрағасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті облыс орталығы 2018 жылы Шымкент қаласынан Түркістанға көшіріліп, сол уақыттан тұтас өлкенің жаңа тарихы басталғанына тоқталды.
– Екі жыл ішінде қала түбегейлі өзгерді, бұл жұмыс әлі де жалғаса береді. Қаланың келешек архитектуралық келбетін қалыптастырғанда, әлбетте тарихи сабақтастық сақталады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы іс-шараға қатысушыларды коронавирус пандемиясына байланысты ахуал түзелгеннен кейін Түркістанға келуге шақырды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті бейресми саммит Түркі кеңесіне мүше бауырлас елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев COVID-19 пандемиясына байланысты халықаралық қоғамдастық үшін қиын-қыстау кезеңде де түркі елдері бірлігін сақтап қалғанын атап өтті.
– Менің ұсынысым бойынша «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты дер кезінде әзірленді деп есептеймін. Бұл құжатты биыл күзде Түркияда өтетін кезекті саммитте қабылдаймыз. Бакудегі саммитте Кеңесті Ұйым деңгейіне көтеруді ұсынған болатынмын. Сол маңызды ұсынысты қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін, – деді Елбасы.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Құрметті төрағасы экономика саласында өзара сауда мен инвестиция көлемін ұлғайтудың әлеуеті зор екеніне тоқталды.
– Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келісімдер Ұлы Жібек жолын қайта түлетіп, Каспий теңізінің рөлін арттырады. Бұл Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының артықшылықтарын елдеріміздің тиімді пайдалануы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі («Тұран» дәлізі) Еуропа мен Азияны жалғайтын ең қауіпсіз әрі қысқа сауда жолына айналып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Саммит аясында түркітілдес мемлекеттер арасындағы экономика, көлік, коммуникация және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық аясын кеңейтіп, нығайту жайы талқыланды.
Сондай-ақ Елбасы күллі адамзат алдында тұрған жаңа сын-қатерлерге назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев түркі мемлекеттерінің көшбасшыларын қазіргі күрделі халықаралық ахуалға орай Вашингтон, Мәскеу, Бейжің және Брюссель арасында ауқымды келіссөздер процесін бастау жөніндегі өзінің ұсынысын қолдауға шақырды.
– Аталған төрт тарап адамзаттың болашағы, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін өздеріне жүктелген ерекше жауапкершіліктің салмақты екенін толық сезінеді деп сенемін. Түркітілдес мемлекеттердің басшылары мені қолдайтынына және бұл мәселе бойынша байыпты пікір білдіретініне сенімдімін. Біздің ортақ көзқарас-пікіріміз алпауыт мемлекеттердің астаналарына жетеді деп үміттенемін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Соңында Елбасы түркі елдерінің көшбасшыларын ортақ мейрам Наурызбен құттықтап, бауырлас халықтарға тыныштық пен игілік тіледі.
Жиын барысында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған сөз сөйлеп, Түркі кеңесінің ынтымақтастықты нығайтудағы рөліне жоғары баға берді. Сонымен қатар Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 8-ші саммиті 2021 жылдың 12 қарашасында Ыстанбұлда өтетінін жеткізді.
– 2018 жылғы қыркүйекте Қырғызстанның Шолпан ата қаласында Түркі кеңесінің VI саммиті өткен болатын. Сол жиында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойынын Түркияда өткізу туралы шешім қабылдаған едік. Егер сіздер рұқсат етсеңіздер, бұл ойындарды мына коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдырып, 2022 жылы өткізбек ойымыз бар, – деді Түркия Президенті.
Бұдан бөлек, Режеп Тайип Ердоған Түркі кеңесіне мүше елдердің басшыларын Анталия дипломатиялық форумына, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммитіне шақырды.
– Анталия дипломатиялық форумы маусым айының ішінде өтеді. Форум түрлі салада пікір алмасу алаңы ретінде жұмыс істейді. Сонымен қатар Түркі кеңесінің VIII саммитін 2021 жылдың 12 қарашасында Ыстанбұлда өткіземіз деп үміттенемін, – деді Түркия басшысы.
Жиын барысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев сөз сөйлеп:
– Осы саммиті ұйымдастырғандарға ерекше алғысымды айтқым келеді. Осы орайда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымды білдіремін. Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі зор, Түркі кеңесінің құрметті төрағасы ретінде осы саммитті ұйымдастыруға ауқымды үлесін қосты, – деді.
Сонымен қатар Әзербайжан Президенті Таулы Қарабақтағы жанжалдың реттелуіне қатысты өз пікірін айтты. Осы орайда ол бұл мәселе бойынша өткен жылдарда болған фактілерге тоқталды.
– Біз өзіміздің ұстанымдарымыз бойынша жұмыстарды атқардық. Қарашада Әзербайжан, Ресей президенттері, Арменияның Премьер-Министрі тиісті мәлімдемеге қол қойды. Осылайша, Әзербайжанның жері қайтарылды. Біз аталған аумақтағы елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстарын атқарып жатырмыз, – деді Ильхам Әлиев.
Сөз соңында ол аталған мәселеде мемлекеттің аумақтық тұтастығы бойынша Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіне және басқа да ұйымдарға алғысын айтты.
Өз сөзінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Түркі кеңесі елдерінің Даму банкін құратын кез келгенін атап өтті. Сондай-ақ түркітілдес мемлекеттердің әлеуетін толық пайдалануға шақырды.
– Дамудың жаңа дәуірінде біз кез келген сын-тегеурінге дайын болуымыз, әлеуетімізді бірлесе отырып пайдалануымыз керек. Сонымен қатар осы жылдардың ішіндегі басты мақсатымыз экономикалық қарым-қатынасымызды нығайту болды. Дегенмен ол нақты құжаттарға негізделуі тиіс.
Түркі кеңесі өзінің инвестициялық қорын жасақтап, Даму банкін ашатын уақыт келді. Осыған қатысты нақты жұмыстарды бастауға дайынбыз. Мұнан бөлек, көлік-транзит әлеуетімізді дамытудың маңызы артып келеді. Оған өңіріміздің барлық мүмкіндігі де, әлеуеті де бар. Яғни Орталық Азия арқылы Қытай, Үндістан, Пәкістан сынды әлемдік нарыққа шығар жол ашуымыз қажет. Ал Әзербайжан мен Түркия арқылы Еуропа елдеріне шыға алар едік. Ал бұл инфрақұрылымдық жобаларды қажет етеді, – деді Өзбекстан Президенті.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Түркістан қаласының тарихи мұрасы өте бай екенін және түркі әлемінің өте маңызды орны саналатынын атап өтті. Бұдан бөлек, ол Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің жұмысына алғысын жеткізді.
– Ежелгі Түркістан қаласы туралы әлем елдері жақсы біледі және шаһар түркітілдес елдердің тарихына алтын әріппен жазылған. Бұл қала түркітілдес әлем бірлігінің символы, сондай-ақ түркі өркениетінің негізі деп айтуға болады.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі арқылы экономикалық, мәдени, гуманитарлық және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін көп тарапты қатынастарымызды жалғастыруымыз керек. Ұйым елдері коронавирус инфекциясы салдарын еңсере алады деген үміттемін. Бір-бірімізге көмек көрсетіп, түрлі көп тарапты жобаларды жасасақ деген ұсыныс бар. Түркі кеңесі инвестициялық қор жасауды ұйғарды және бұл өте маңызды жоба, – деді Садыр Жапаров.
Сондай-ақ жиында Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбан, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев сөз сөйледі.
Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданды.