Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрының жанынан қуыршақ театры ашылды. Жаңа өнер ұжымының әртістері кішкентай көрермендеріне «Ата мектебі» спектаклін ұсынды. Балаларға арналған алғашқы қойылымның авторы – театр әртісі Бекет Зинуллин.
«Ата мектебі» – жастардың ата-анасын ауылда қалдырып, оқуға, жұмыс істеуге, табыс табу үшін қалаға кетуге мәжбүр болатыны туралы қойылым. Алайда у-шуы мол қаланың әсері ме, әлде албырттық па, ауылдан өкше көтерген жастың дені жарық дүниеге әкелген ата-анасына хабарласуды ұмытатынын қайтерсің? Тіпті кіндік кескен ауылына бармайтындар көп. Бұл – күнделікті өмірде қалыпқа айналған үрдіс. Осының бәрі сахнада ата мен немеренің бейнесінде көрініс тапты. Қала баласы ауылда өткізген қысқа мерзімде атасының даналық ұлағатына қуана зейін қояды. Пайдалы ақыл-кеңес алып, домбырада ойнауды үйренді. Бақшадағы жұмысқа көмектесті. Қаладағы ата-анасына оралар сәтте атасын құшақтаған немере тағы да келуге уәде берді.
– Аға буын – отбасылық құндылықтар мен дәстүрді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізетін алтын көпір. Бала тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Ата-әжені ешбір мектеп те, балабақша да алмастыра алмайды. Сол себептен, біз ауылдағы қарт ата-ананың балаларына, немерелеріне деген сағынышын, өнегелік ұлағатын көрсетуді көздедік. Қариялар қарашаңырақты тастап, балалары тұратын қалаға қоныс аударғысы келмейді. Кейде өзім де алыс ауылдағы ата-анамды ойлап, мұңайып қаламын. Бұл – өмір. Десек те, ең басты ойды – ата-ананы жалғыз қалдырмауды көрерменге жеткізе алдық, – дейді драматургия авторы Б.Зинуллин.
Академиялық драма театрдың директоры Берік Жәменовтің айтуынша, Атырауда қуыршақ театрын ашу идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын туындаған екен. Алайда оны іске асыруға балаларға арналған драматургияның кенжелеп қалғаны қолбайлау болған.
– Оңтүстік өңірдегі қуыршақ театрының әртістерінің қазақ даласынан өзге елге құлдыққа сатылған Бейбарыс сұлтанның балалық шағы туралы жазылған Рахымжан Отарбаевтың «Сағыныш шөбі» атты пьесаны сахналағанына куә болған едім. Сол спектакльдегі көріністер жүрек қылын қозғап жіберді. Мұндай театрды Атырауда ашуға болмай ма? Бұл туралы театрымыздың әртістеріне ұсыныс айтып едім. Олар қуыршақ театрын ашу бастамасын бірден қолдады, – дейді Берік Жәменов.
Оның айтуынша, болашақта Алматы мен Ақтөбе қалаларындағы қуыршақ театрларының мамандарын, әртістерін шақыру жоспарланып отыр. Жас көрермендерге арналған қойылымдарға балалар да қатыстырылады.
Атырау облысы