• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2010

“БАЛДӘУРЕНДЕ” ӨТКЕН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

614 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму  комитеті  Білім және ғылым министр­лігімен бірлесіп, “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығында “Қазақстан Республикасындағы балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын, сауықтыру және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру” тақы­рыбында дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелге қатысушылар “Балдәурен” орталығының жұмысымен танысып, лагерьде демалып жатқан балалармен кездесіп әңгіме­лесті, сабақтарына қатысты. Одан кейін дөңге­лек үстелдің күн тәртібіне сәйкес Білім және ғылым министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шердің “Қазақстан Республикасындағы балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын, сауықтыру және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жағдайы туралы” деген тақырыптағы баянда­масы тыңдалды. Онда жыл сайын елімізде әр түрлі үлгідегі 10 мыңнан астам лагерьдің жұмыс істеп, 1 миллионнан астам баланы қамтитыны айтылды. Содан кейін басқосуға қатысушыларға “Артек” (Украина), “Орленок”, “Океан” (Ресей), “Зубренок” (Беларусь) халықаралық балалар орталықтарының жұмысы туралы фильм  көрсетіліп, “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығының даму болашағы туралы оның бас директоры Мұхитдин Төлеп­баев сөз сөйледі. Оның мәлімдеуінше, “Балдәурен” РОСО жыл бойы жұмыс істейді және ауысымына үздік оқуы, белсенді өмірлік ұстанымы үшін конкурстық негізде жолдама алған 11-ден 15 жасқа дейінгі 300 балаға дейін қабылдайды. Оқушылардың жазғы демалысын дамы­тудың өңірлік мәселелерін шешу бойынша өз аумақтарында жыл бойы жұмыс істейтін балалар орталықтары бар Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстары білім басқар­маларының бастықтары өз ұсыныстарымен бөлісті. Елімізде мұндай орталықтар – жетеу. Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын, сауықтыру мен жұмыспен қамтылуын қаржыландыру жағдайы туралы  Қаржы министрлігі департамент директоры­ның орынбасары Варвара Үсіпбекова айтып берді. Басқосуға қатысушылар аталған жұмысты жетілдіру мәселелері бойынша сұрақ-жауаптармен пікір алмасты, сауықтыру лагерьлері жүйесін бұдан әрі дамыту туралы ұсыныстарды талқылады. Қатысушылар қабылданып отырған шараларға қарамастан, балалар мен жасөспірімдердің демалысын ұйымдастыру  және  сауықтырумен қамту шаралары жеткіліксіз деген пікірге келді. Сауықтыру лагерьлеріне аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасылары балаларының қолжетімділігі проблемалық мәселе болып отыр – республика бойынша жазғы балалар лагерьлеріне жолдаманың орташа бағасы 7 мың теңгеден 45 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Дөңгелек үстел жұмысының қорытындысы бойынша балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастыруды жетілдіру, жазғы кезеңде оқушыларды сауықтыру, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудің жаңа тұрғыларын дайындау, балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтыру және жұмыспен қамтылуын дайындау және ұйымдастыру бойынша барлық деңгейде комиссиялар құру, сондай-ақ балалар лагерьлерін пайдалануға қабылдау дайындығы, барлық қала сыртындағы лагерьлер мен демалыс аймақтарын есепке алу, оларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиялармен қамту, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды, мемлекеттік қолдауға мұқтаж көп балалы, толық емес, аз қамтылған отбасының балаларын, өмірдің қиын жағдайында қалған “тәуекел” топтың балаларын, экологиялық жайсыз аудандарда тұратын балаларды, мүгедек балаларды және дамудағы мүмкіндіктері шектеулі балаларды жазғы кезеңде жергілікті бюджет қаражаты есебінен тегін жолдамамен қамтамасыз ету, еңбек заңдарына сәйкес жазғы каникул кезінде уақытша жұмыс орындарын құру жолымен жасөспірімдерді жұмыспен қамту туралы ұсыныстар қабылданды. Дөңгелек үстел жұмысына Парламент депутаттары, бірқатар орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.