«ANTIKOR LIVE» жобасы аясында өткен тікелей эфирде Тарбағатай ауданының әкімі Асхат Смаилов ауданда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру барысы туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауымен Ақжар ауылына «Open Space» форматында «Ашық әкімдік» ашуға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ қосымша Тұғыл ауылынан «Ашық әкімдік» кеңсесін ашуды жоспарлап отырмыз. Аудан тұрғындарына мемлекеттік қызмет түрлерін көрсету мақсатында 17 ауылдық округте 20 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды. Оның он бесі ауылдық округ әкімшіліктерінің ғимараттарында, біреуі мектеп ғимаратында, үшеуі Ақсуат, Ақжар, Тұғыл ауылдық округтерінің орталық кітапханаларында орналастырылса, тағы біреуі Тарбағатай ауданы әкімдігінің ғимаратындағы сервистік үлгідегі «Ашық әкімдік» кеңсесінде орналастырылған», дейді аудан әкімі Асхат Смаилов.
Сонымен қатар Асхат Смаилов аудандағы мемлекеттік сатып алу бойынша ақпаратпен бөлісті:
– 2020 жылы мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы арқылы 1 486,9 млн теңгеге 53 конкурс өткізіліп, одан үнемделген қаражат көлемі 107,5 млн теңге болды. Оның ішінде: 177,0 млн теңгеге 20 ашық конкурс тәсілі арқылы, 1 309,9 млн теңгеге 33 арнаулы тәртіп қолданылған конкурс тәсілі арқылы өткізілді. 2021 жылы 2 003,5 млн теңгеге 23 конкурс жоспарланып отыр.
Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, мемлекеттік органдардың қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауда ішкі талдау жүргізу үшін аудандағы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерде жұмыс тобы құрылған. 2020 жылдың желтоқсан айында «Тарбағатай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіндегі бөлімдерге сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіліп, аудан әкімінің ресми сайтында жарияланған. Бұл жұмыс биыл ауылдық округтер мен бөлімдер арасында жалғасын таппақ.
«Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және тәуекелділігін төмендету мақсатында ауданымыздағы 17 ауылдық округ әкімі аппараты және 15 мекеме бөлімдері «Ашық бюджет» интерактитвті картасына қосылған. Жалпы аудан бойынша бүгінгі күнге 32 мемлекеттік мекеменің 10 018 586, 0 мың теңге қаржысы жарияланып тұр. Бюджеттің ашықтығы кез келген азаматқа қол жетімді болу үшін 17 ауылдық округтің орталықтарында «Ашық бюджет» интерактивті картасының баннерлері орналастырылды. «Ашық бюджет» жобасына жауапты тұлға аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сахариев Мейіржан Мұқанұлы бекітілген», деп атап өтті аудан басшысы.