Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың 22 қыркүйегінде өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы тұңғыш бірлескен жоба – Көкшетаудағы «Қазақстанның Агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің болашағына зор сенім білдірген болатын.
Бүгінгі күні алтын астық өсіретін құнарлы өңірдің еңсесін елден ерек көтеріп, толайым табысымен ерекшеленіп отырған серіктестіктің серпінді ісі сәтімен басталып, нәтижелі сабақталуда. Алдымен, жақсылығымен жан жадырата келген жобаның алдына қойған басты мақсаты туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Ол – Беларусьтің тиімділігі әлдеқашан дәлелденген, сан сынақтан өткізілген коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларының озық техникаларын өз елімізде құрастырып, екі елдің арасындағы сауда экономикалық байланысты нығайту болып табылады.
Серіктестіктің шығаратын техникасы қуаты мен төзімділігі жағынан тиімді болған соң аз уақыттың ішінде ел ішінде жақсы қырынан танылып, сұранысқа ие болып отыр. Оңынан оңғарылған, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәуір тынысын тамыршыдай тап басып, уақытында қолдау көрсетуінің арқасында жақсылығымен жұртшылыққа танылған соны жобаның соқпағы заңғарларға бастауда. Бүгінгі биіктен өткеннің өрнегіне көз салсаң, шынында да кеңестік дәуірден мұра болып қалған, бүгінде сау тамтығы қалмаған көне техниканы жаңасымен, жаңасы болғанда да жарамдысымен алмастыру диқандардың қолын ұзарта түскендігі айқын. Бүгінгі күні облыстағы егістік алқаптарда кәсіпорынның өндіріс алаңдарында құрастырылған «Ростсельмаш», «Клевер» акционерлік қоғамдарының, AGCO-Amity JV LLC компаниясының брендтік өнімдерін көрсеңіз, таңғалмайсыз. Бұлардың қатарында дәл сол уақытта қасқалдақтың қанындай қат болып, таптырмай тұрған заманауи астық комбайндары, қуатты тракторлар, алымдылығы жоғары егіс кешендері, әртүрлі модельдегі коммуналдық техникалар шығарыла бастады. Корпорация 2019 жылы 1464 дана техника шығарса, өткен жылы 3 мыңнан астам техника мен әртүрлі бөлшектер дайындаған. Астықты өңір үшін өте-мөте қажет дүние. Тозған техника жаңасымен жаңғыртылды. Қуатты да өнімділігі өте жоғары жаңа кешендер дархан даланың тынысын аша түсті. Маңдай термен өсірілген дән қаулай көктеп, ел ырысын молайтты.
Ақиқатында, жомарт даланың төсінде ақық дән аялаған диқан қауым өнімділігі өте жоғары, жаңа заманның талабына толық жауап беретін техникаға сусап отырған болатын. Жоғарыда аталған әлемдік брендке айналған техникаларға қоса, «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы» ЖШС 2020 жылы «Ростсельмаш» компаниясымен лицензияланған тиісті келісім-шартқа қол қойды. Бұл келісім екі жаққа да тиімді болып шықты. Осы мәміле шеңберінде Torum астық комбайны мен Buhler Versatile-3000 сериялы тракторлары және кеңалымды жем-шөп дайындау техникалары шығарыла бастады. Бұл техникалар да жергілікті аграршылар үшін көктен тілегені жерден табылғандай олжа болатын.
Шын мәнінде астықты өңірдің дамуына жаңа серіктестіктің зор септігі тиді. Жобаның алғашқы кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусьтің «Минск трактор зауыты» ашық акционерлік қоғамы және отандық «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп, «МТЗ-ҚАИК» серіктестігін құрған болатын. Кейін бұл жоба ауқымды мақсатты көздеген Индустрияландыру картасына енгізілді. Облыстық әкімдіктің қолдауының арқасында сумен, электр қуатымен жабдықталып, инфрақұрылымды түзу мәселесі оңынан шешілді. Алғашқы бетте іскерлік байланыс шеңберінде өңірге аса қажетті 7 түрлі техниканың 500 данасы құрастырылды. Жақсы жаңалыққа ел елең ете түсті. Әсіресе, дала төсін түлеткендер. Өйткені бірлескен кәсіпорын дайындап шығаратын жаңа заманғы тракторлардың бағасы да диқандар үшін қолжетімді еді. Жалғыз тракторлар ғана емес, жүк көліктерінің, тіпті арнайы мақсаттағы машиналардың да әлденеше түрі шығарыла бастады.
Бүгінгі күні іркіліссіз жұмыс істеп тұрған кәсіпорын ауыл шаруашылығы мен коммуналдық қызметке арналған техникалардың 5 мыңнан астам бірлігін шығарады. Осы қуатты техникалардың арқасында өңірдің өңі кіріп қалғандығын ерекше екпін түсіріп айта кеткеніміз орынды. Қуатты техникаға қолы жеткеннен кейін ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің де еңбегі жанып сала берді. Өзгені былай қойғанда, облыс шаруашылықтары соңғы жылдары 10 мыңға жуық шетелдік техниканы сатып алғандығын, осы қуатты күштің арқасында жерде өнген дән еш ысырап болмай, құт қамбасына уақытында құйылып отырғандығын айта кеткен жөн.
Жаңа техникамен жарақтанған диқандар ауа райы құбылмалы солтүстік өңірде егін жинау науқанын күзгі жауынға ұрындырмай, уақтылы атқарып жүр. Бұған себеп болып отырған – алымдылығы жоғары шетелдік техникалар. Елбасының көрегендігінің арқасында жаңа сатыға көтерілген ауыл шаруашылығы саласының негізгі өнімі – Көкшетау астығы жалғыз өз елімізде ғана емес, шет елдерде де жоғары бағаланады. Тұңғыш Президентіміз жұртшылықпен жүздескенде облысты экономикалық тұрғыдан әртараптандырудың негізгі діңгегі аграрлық сектор екенін атап өткен болатын. Сол ойдың игілігін бүгін ел көріп отыр. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуінде ұзын-ырғасы 100-ден астам жоба жүзеге асырылуда. Астаналықтардың ақ дастарқанына қойылатын адал дәм түрі молайып, сапасы жақсарып келеді. Бұл ең алдымен азық-түлік белдеуін жасап отырған облыстың қарымды қарекетінің нәтижесі. Мұның өзі соңғы 15 жылда 10 мыңнан астам жаңа трактор, астық жинайтын комбайн, дән себетін кешенмен қаруланған диқандар еңбегінің арқасы. Ал оған дем берген, оңтайлы жағдайын жасаған, дер кезінде жобаның жүзеге асуына мұрындық болып қанаттандырған – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Бүгінгі күні ісі оңынан оңғарылған ұжым атақ-даңқы әлемге белгілі «Вираж» холдингінің үлескер компаниясы ретінде өңірлік индустрияландырудың алдыңғы легінде тұр. Көкшетаудың индустриялық-технологиялық паркін қамтитын корпорация өзінің мемлекеттік қаржылық тетіктерін «КазАгроҚаржы», «Аграрлық несие корпорациясы», «БРК-Лизинг» акционерлік қоғамдары арқылы іске асырып, айтулы өнімдерін еліміздің 19 қаласындағы нарықтық айналымға шығарып отыр. Жалғыз біздің аймақ қана емес, тұтас ел, барша жұрт индустриялық жоба жетістігінің жемісін көруде.
Ақмола облысы