Терезеден сыртқа көз тастасам, үйдің маңындағы саяжолдың көп орындығының бірнешеуі шалқасынан құлап жатыр. Желдің екпінінен құлайтындай жеңіл емес еді. Әрі жерге темірмен бекітіліп орнатылғанын өз көзіммен көргенмін. Не болса да, «Тепсе темір үзетін» бір «мықтының» тындырған шаруасы екені анық. Ал анасымен серуендеп жүрген балдырған орындықты орнына қоймақшы болып бір бұрышынан тартып әлек.
Қайбір жылы облыс орталығының көшелеріне шыны аялдамалар орнатылғанда бұзақылар бірінен соң бірін қиратып, иесіз қалған үйдің терезесіндей қылып еді. Бар жаңаның астан-кестеңін шығаратындардың бұл ессіздігіне тоқтау жоқ. Содан да болар, майысқан көше шамын, төңкеріліп жатқан орындық пен қоқыс шелегін, сынған не боялған шағын сәулет мүсіндерін көрсек, «Бұл не масқара?» деп кейімек түгіл, назар аудармауға айналдық. Тіпті қаланы абаттандыру мақсатында жаңашылдық енгізіліп жатса, «Бұл қанша күн тұрады екен?» деген ой қылаң беретіні белгілі.
Осыдан бірер жыл бұрын Петропавл қаласының орталық алаңына смарт-орындықтар, Кәрім Сүтішев көшесінің бойына шахмат орнатылды. Келесі күні смарт-орындықтардың сол түні қирағаны жайлы хабар тарады. Қызылжарлықтардың ермегіне айналған шахматтың да дәурені ұзаққа бармады. Фигураларын жау шапқандай қылды. Кейін шахматтарды жөндеп, қайта орнына қойды. Бұл жолы да «Енді қанша күн тұрады екен?» деген сұрақ көкейге оралды. Ал мына орындық қанша күн осылай жатады екен деген оймен мен баламды алып далаға шықтым. Есік алдында бірінші кіреберісте тұратын таныс апа кездесті.
– Осында туысым тұрады, соған келіп едім. Мына кіреберістің іші тап-таза. Лифтінің ішінде ілулі тұрған жарнама тақтасы сол қалпы. Тіпті анықтама қызметтерінің телефон нөміріне дейін жазып, іліп қойыпсыңдар, – деді.
– Оған неге таңдандыңыз?
– Біздің кіреберістің ағаш есігін сындырып, қабырғаға сүйеп қойды. Сыртқы есік темір болғасын ғана шыдап тұр. Тазалық жайлы айтқым да келмейді.
– Есікті кім сындырса, соған жөндетпейсіздер ме?
– Сындырған адамды іздеп жатқан ешкім жоқ. Есік қабырғаға сүйеулі күйі бірнеше күн тұрды. Сосын осы жазда ауылдан көшіп келген бір ақсақалдың баласы жөндеп, қайта орнатты. Қазір тәртіпті әлгі ақсақал қадағалап жүр. Сендердің кіреберістеріңде пәтер иелерінің өздері тұратын шығар. Біздегі пәтерлерде тұратындардың тоқсан пайызы – жалға алушылар, – деді.
Сол сәтте санама саңылау түскендей болды. «Бұл – менікі емес, үкіметтікі» деген бұрынғы кеңестік тұтынушылық пиғыл әлі де түзелмей, ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан ба, қалай? Бүгінгі жастардың ішіндегі біліміне емес, білегіне сенгендердің жаны ашымастығына қарап, «Сонда өзің өмір сүріп отырған елің де сенікі емес, үкіметтікі ме?» деп сұрағың келеді...
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
журналист
ПЕТРОПАВЛ