Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының (ЕКПА) Бас хатшысы Деспина Хадзивасилиу-Цовилис Қазақстан Президентінің жүргізген ішкі саяси және әлеуметтік реформалардың белгіленген бағытын қолдайтынын білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оны Еуропадағы ең ескі парламентаралық институттағы жетекші қызметке сайлануымен құттықтай отырып, Қазақстанның Страсбургтағы Бас консулы Әнуарбек Ахметов биылғы тәуелсіздіктің 30-жылдығын атап өтіп жатқан елімізде болып жатқан қайта құрулар туралы айтты.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудың маңыздылығымен келісе отырып, ЕКПА Хатшылығының басшысы Қазақстан басшылығының заңның үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтық қоғамның рөлін күшейту және көппартиялық жүйені қалыптастыру жөніндегі жалпы ұстанымын қанағаттанушылықпен атап өтті.
Саяси реформаларды қарастыра отырып, ЕКПА Бас хатшысы өлім жазасын жою арқылы Қазақстан бүкіл аймақ үшін және Ұйымның кейбір мүшелері үшін үлгі болды деп мәлімдеді.
Тараптар сонымен бірге Қазақстан Парламенті мен Парламенттік ассамблея арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады. Пандемияға қарамастан, парламентаралық байланыстар күшейтіледі. Қазақстандық депутаттар еуропалық әріптестерімен көптеген мәселелер бойынша сенімді, сындарлы диалог құруға мүдделі екендігі баса айтылды.