Ақтау гарнизонында қорғаныс ведомствосының басшысы арнайы операциялар күштерінің құрамдарын тексерудің екінші кезеңі өтіп жатқан оқу-жаттығу полигондарын аралады, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл тексеру Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің және Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелерін қамтыды.
Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев 2020 жылы әскерлерге жауынгерлік оқу-жаттығудың маңызды бағыты ретінде енгізілген, тактикалық атыс жаттығуларын орындау барысымен танысты.
Бұдан өзге тексеруге суға десант түсіру мен кемелердің диверсиясына қарсы шараларды орындайтын бөлімшелердің жауынгер жүзгіштері де қатысты. Ал Әскери-әуе күштерінің армия авиациясы осы кезде жеке құрамды жеткізу мен десант түсіру міндеттерін орындайды.
Жуырда әскерлерде жеңіл техникамен тікұшақтардан десант түсіру тәсілдері, сондай-ақ төтенше жағдайларда психологиялық тұрақтылықты арттыру бойынша арнайы жаттығулар пысықталғанын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, Қорғаныс министрі гарнизонның әскери бөлімдерінің қоймаларында қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтаудың ұйымдастырылуын тексерді.
Қорғаныс ведомствосының басшысы әсіресе, өрт пен диверсияға қарсы қауіпсіздіктің жай-күйіне, техникалық күзет құралдарының дұрыстығына, сондай-ақ сақтау объектілерінде қарауылдық қызметті ұйымдастыруға назар аударды.