• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 05 Сәуір, 2021

Параллельді әлем

1416 рет
көрсетілді

Ғаламның болмысы жөнінде жиі тал­қы­ланатын тақырыптың бірі – параллель әлем. Бұл мәселе ежелгі гректер­ден бас­тап қазіргі ғалымдарды да әлі күнге ма­за­лап келеді. Бір қызығы, оның мыса­лын күнделікті өмірден де байқауға бо­ла­ды.

Антикалық дәуірде ежелгі гректер «Ато­мис­тика» философиясына сенген. Яғни Левкипп, Демокрит, Эпикур бастаған ойшылдар әлем атомдардан құралғанын айтып, ғаламдардың көптігіне сенген. Ке­йінірек ғалымдар бұл ұғымды одан әрі жетілдіріп, «мультиғалам», «паралле­ль әлем» деген секілді жаңа түсінік қа­лыптас­тыр­ды.

Бізге белгілі ғалам (observable universe) – өте үлкен. Оның бір басынан келесі басына жету үшін миллиардтаған жыл кетеді. Бы­лайғы жұрт үшін ғаламның үлкендігін аңғару қиын.

Ал ғалымдар бізге белгілі ғаламнан бө­лек тағы да әлем бар деп есептейді. Не параллель әлем бар, не ғалам өте көп. Ака­­демиялық орта­лықта бұған қатысты пікір­талас әлі күнге жүріп жатыр. Қысқасы, ға­лымдардың па­йымдауынша, біздің ға­лам жалғыз емес. Рас, әзірге теорияларды дәлелдеудің не жоққа шығарудың сәті түс­кен жоқ.

Қазіргі таңда солардың ішінде «Ішек теориясының» (String theory) бәсі жоғары. Аталған теорияға сүйенсек, әлемдегі бүкіл ма­терия өте кішкентай бөлшектерден құ­ралған. Олар ғылымға мәлім ең кішкентай кварктар, бозондардан да кіші. Олар ішек секілді, тоқтаусыз тербеледі. Домбыраны тартқанда әр пернені басқан сайын түрлі дыбыс шығатыны секілді, мұндай ішектер де тербетілуіне қарай түрлі бөлшектерді қалыптастырады.

Сонымен қатар «Ішек теориясы» бізге белгілі әлем үш өлшемді – ұзындық, ен және биіктіктен, сондай-ақ уақыттан бөлек тағы 7 өлшемді қарастырады. Жоғарыда айтылған ішектер осы өлшемдерде есептелмек. Осылайша, «мультиғалам» мен паралелль әлемді дәлелдеуге мүмкіндік туады.

Танымал физик әрі теоретик Митио Каку мұны былай түсіндіреді. Бөлмеде радиоқабылдағыш бар делік. Оны қос­па­йынша әуе толқынында тарап жатқан жа­ңалықты естіп, музыканы тыңдай алмайсыз. Радиоқабылдағыштың толқынын ауыстырсаңыз, келесі радионы тыңдайсыз, тағы ауыстырсаңыз басқасын естисіз. Өшірсеңіз, тыныштық орнайды. Бірақ бөлмеде әуе толқыны тарауын жалғастыра береді. Оны естімесек те, бар екені анық.

Ендеше, көп өлшемді әлем мен параллель әлемге өту үшін де радиоқабылдағышты ауыстырғанымыз секілді әрекет жасауымыз қажет. Яғни әуе толқыны түрлі жиілікте тарап жатқаны тәрізді «мультиғалам» түрлі жиілікте болуы әбден мүмкін. Өкінішке қарай, адамзат әзірге ондай технологияны ойлап таба алған жоқ.

Бір қызығы, ғалымдарды әуре-сарсаңға салған параллель әлемнің мысалдарын күнделікті қарапайым өмірден байқау қиын емес. Алысқа бармай-ақ мемлекеттің мил­лиардтаған қаржысын жымқырғандар ауыр жазадан құтылып, «шелек жалағандар» тұтылып жататынына етіміз үйреніп кеткен. Осындайда қалталыларға арналған заң қарапайымдардан бөлек параллель әлемде жазылатындай ма деген ой келеді.

Жыл сайын сан түрлі бағдарламалар қабылданады. Бірақ олардың басым бөлігі шынайы жағдайды ескерілмей жасалатынын мемлекет басшылары талай мәрте сынады. Ендеше, мұндай бағдарламаларды құрастыратындар – басқа әлемде, қара­пайым халық бөлек әлемде тіршілік ете­тінін айғақтайды.

Елордамызда баспана таппай, лашық жағалап жүргендер жетерлік. Есептеп қарасақ, астанада 300 мыңдай пәтер бар екен. Қала халқы миллионнан асқанына көп болмағанын ескерсек, шаһарда отбасы санынан баспана саны көп екені айтпаса да түсінікті.

Осыдан екі жыл бұрын бес баланың осындай лашықтың бірінде түтінге тұн­шығып өлгені мәлім. Биыл пәтер жа­ға­лап жүрген тағы бір көп балалы отбасы осындай қай­ғы­ға душар болды. Қа­рапайым халық тү­тін­ге тұншығып жүр­­­генде миллиардтаған қар­жы­ны қал­та­сына басып, шетелден қымбат виллалар сатып алып жатқандар қаншама. Осының өзі параллель әлем емей немене?! Қорыта айтқанда, бәріміз бір елде мекен етсек те, біріміз бір «жиілікте», келесіміз басқа «жиілікте» өмір сүреміз.