Өңірдің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев карантиндік шектеулерге бірқатар өзгеріс жасады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің «Павлодар облысы аумағында шектеулі карантиндік шаралар туралы» №8 қаулысы 2 сәуірден бастап күшіне енді.
– Эпидемиялық жағдайды бағалау өлшемдеріне сәйкес, өңір 16 наурыздан бастап «жасыл аймақта». Тек Тереңкөл, Аққулы және Павлодар аудандары сары аймақта. Сондықтан сырқаттанушылықтың төмендеуіне байланысты бірқатар жеңілдетілген карантиндік шара қарастырылды, – деді Б.Әлиев. Қабылданған шараларға сәйкес, тұрғындарға бұрынғыдай санитарлық талапты қатаң сақтап, медициналық бетперде кию, 65 жастан асқан адамдардың үйде отыруы ескертілуде. Өңір тұрғындары асыға күтіп жүрген ауылшаруашылық жәрмеңкесіне Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында рұқсат берілді. Жәрмеңкелерде барлық санитарлық талаптың сақталуы, ауылдан өнім әкелушілер де, өнімді сатып алушы қала тұрғындары да бетперде тағуы тиіс. Өнімдердің бәрі зертханалық тексеруден өтеді. Барлық ұжымда қызметкерлердің 30 пайызы қашықтықтан қызмет етуде. Мәдениет нысандары, кинотеатрлар, театр, музей, кітапхана, бильярд, балалар орталықтарында 30 адамнан аспайтын көлемде жиналуға рұқсат берілді. Сауна, моншалар да ашылды. Толымдылығын 20 пайыздан асырмай, көрермендердің қатысуымен спорттық іс-шараларды өткізуге болатыны айтылды.
– Ал караоке, қорқор бөлмелері, түнгі клубтар сияқты ойын-сауық мекемелерінің жұмысына шектеу жалғасады, – деді бас санитарлық дәрігер. Сондай-ақ қалалық және ауылдық мектептерде балалар санын 25 адамнан асырмай дәстүрлі форматта оқытуға рұқсат берілді. Топтардың бірігуімен іс-шаралар өткізбей, ата-аналары мен еріп жүретін адамдарды енгізбей, мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істей береді. Балаларды түзету кабинеттері, балалар мен ересектерге арналған білім беру орталықтары келушілер санын шектемейді. Толымдылығын 30 пайыздан асырмай және бір келушіге кемінде 4 шаршы метр сақталған жағдайда тұрғындар мешітке бара алады. Жаңа қаулыға сәйкес толымдылығын 30 пайыздан және адам санын 50-ден асырмай, ағайынның басын қосып банкет залдарының қызметіне де рұқсат берілді. Ал ашық және жабық ғимараттарда жабдықтардан басқа көріністі, спорттық іс-шараларды, отбасылық, ойын-сауық, ұжымдық, корпоративтік шараларды өткізу үшін банкет залдарын жалға алуға, көп қонақ шақырып той жасауға тыйым салынады.
Жалпы, осы күнге дейін облыста 19 127 адамнан КВИ анықталса, 18 548 науқас індеттен жазылып шықты, 17 науқас инфекциялық ауруханаларда емделуде. Қазіргі уақытта облыста инфекциялық ауруханалардың жүктемесі 27 пайызды құрайды. Соңғы күндері облыста 17 адамның індет жұқтырғаны анықталған.
– Бұл науқастар бойынша айтсақ, облыс орталығында – 8, Екібастұзда – 4, Ақсуда – 2, Баянауыл ауданында – 1, Шарбақты ауданында 2 жағдай тіркелген, – дейді Б.Әлиев. Ал өңірде қазірге дейін вакцинаның І компоненті 5 094 адамға егілсе, ІІ компоненті 2 424 адамға салынды. Мысалы, 198 полиция қызметкері, 1 162 мұғалім, 3 128 дәрігер, 516 екпе алғысы келген тұрғындар, 15 студент, 60 созылмалы аурулары бар адам, 11 мемлекеттік қызметші екпе алған.
– Ауруханаларда екпе алуға ешқандай шектеу жоқ. Мысалы, 65 жастан асқан тұрғындар да екпе қабылдай алады. Екпе алу үшін өзі тіркелген емханасына жазылады. Тексеруден өткеннен кейін дәрігердің рұқсатымен ғана егіледі, – дейді басқарма мамандары.
Екпе алуға қатысты сұрақтар болса, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының WhatsApp желісіндегі 8 705 447 52 52 нөміріне хабарласуға болады.
– Өңіріміз «жасыл аймақта» болса да сақтық шараларын босаңсытуға болмайды. Егер карантиндік шаралар мен шектеулер талапқа сай сақталмаса, ахуалдың ушығып кетуі әбден мүмкін. Карантинді толық шектеуге немесе тоқтатуға әлі негіз жоқ, – дейді Б.Әлиев.
Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта адамдар біртіндеп иммунитетке ие бола бастайды. Сонда ғана эпидемиялық жағдай оң көрсеткішке жете алады. Қазір өңірге COVID-19-ға қарсы вакцинаның кезекті үлесі келіп түсті. Яғни I компоненттің 4 200 дозасы және «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V) II компонентінің 1 300 дозасы жеткізілген. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, препарат Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың орталық қоймасына сақтауға жіберілді.
Екпенің алғашқы легі өңірге 31 қаңтарда келіп түскен. Келесі легі 21, 27 ақпанда, 17 наурызда жеткізілген.
– Қазір әлемде де, елімізде де індеттің қайтадан өршуі ескертілуде. Наурыз айында індетке шалдыққандар санының өсуіне мереке күндерінің әсер етуі мүмкін екенін айттық. Сәуірде, жаз айларында қандай өсім болатыны белгісіз. Бәрі халықтың санитарлық нормаларды сақтауына және екпе алуына байланысты, – деді Б.Әлиев.
Павлодар облысы