Көптеген елде вакцина бірінші және екінші фазадан кейін ғана пайдалануға беріледі. Қазақстанда вакцинаны терең әрі мұқият зерделеу үшін клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңінің жартысы қосылды.
«Назардағы басты мәселе, бұл – адамдардың денсаулығы. Біз Денсаулық сақтау министрлігімен келісіп, клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңінде вакцинаның әсерін толығырақ зерттеу үшін осындай тактиканы қолдандық. Қазіргі уақытта вакцина Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында Білім және ғылым министрлігі сатып алған құрал-жабдықтармен өндіріліп жатыр. Бұл – бірегей құрылғы. Егер мұндай құрылғы қолда болмағанда, біз бүгінгідей тамаша нәтиже көрсете алмас едік», деді Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.
Қазақстандық ғалымдар отандық вакцинаны 2020 жылдың 9 мамырында әзірлегенін айта кеткен жөн. Ол қауіпсіз технология бойынша иммуностимулятор қосу арқылы өлтірілген вирустан жасалды.
2020 жылдың 17 қыркүйегінде 44 еріктінің қатысуымен клиникалық зерттеулердің I кезеңі басталды. Вакцина қауіпсіз екенін көрсетті. Еріктілердің жағдайы қалыпты болды. 17 қазанда клиникалық зерттеулердің II кезеңі басталды. Оған 200 волонтер қатысты. Зерттеу нәтижелері бойынша вакцина жоғары иммуногенділік пен тиімділігін көрсетті.
Былтыр 19 желтоқсанда Денсаулық сақтау министрлігі клиникалық сынақтардың қорытынды III фазасын жүргізуге рұқсат берді. 3 мың адам ерікті болып, QazVac брендімен QazCovid-in вакцинасы егілді. Вакцина еріктілерге арасына 21 күн салып, 2 мәрте егілді. Нәтижесінде, олардың қанында қажетті қорғаныс антиденелері пайда болды. Еріктілердің жағдайы жақсы, шағымдары болған жоқ. Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2021 жылғы сәуір айының соңында клиникалық зерттеулердің III фазасының аралық нәтижелері белгілі болады. Содан кейін отандық вакцина жаппай пайдалануға жіберіледі.