Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз сондай-ақ кәсіптік білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға қайта бағдарлауымыз керек», деп атап өтті.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау және олардың жан-жақты дамуы мен сапалы кәсіптік даярлығы үшін жағдай жасау. Бұл ретте студенттерді қазіргі заманғы өндірістегі жұмысқа ғана емес, олардан белсенділікті, бастамашылдықты, дербестікті, жауапкершілікті, шығармашылық және зерттеушілік қатынасты талап ететін дербес кәсіби қызметке де дайындау қажет. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін бірінші кезекте колледждерді еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыру қажет.
Қойылған міндеттерді шешу үшін Үкімет қаулысымен «Жастар – Ел тірегі» ұлттық жобасының бір бөлігі саналатын «Жас маман» жобасы қабылданды. Бұл жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленді.
Қазіргі уақытта біздің колледждің «Химиялық талдау зертханасы» әлемдік сапалы жабдықтармен жабдықталған. Бұл зертханада мұнай өнімдерін талдаудың барлық спектрін жүргізуге болады. Олар: мұнай және мұнай өнімдерінің физикалық-химиялық көрсеткіштерін анықтау, мұнай өнімдерінің сапасын бағалау, сондай-ақ жол индустриясындағы асфальт, битум және битум байланыстырғыштарын, биодизельді, биоотынды, битумды, мотор майын, отынды, реактивті және турбиналық отынды, турбиналық майларды, мастикаларды, бояуларды, еріткіштерді, лактарды зерттеу. Перспективада мұнай өнімдерін химиялық талдау жөніндегі құзырет орталығы құрылатын болады.
Әлеуметтік серіктестердің ұсынысы бойынша электрмен жабдықтау зертханасы үшін Siemens жабдықтары сатып алынды. Мұндай жабдық КЕGОС АҚ электр желілерінде қолданылады. Бұл студенттерді энергетика саласындағы өндірісті автоматтандыру үшін жаңа технологияларға оқытуға және энергетика мамандықтары бойынша құзыреттілік орталығын құруға мүмкіндік береді.
«Жас маман» жобасын іске асыру қорытындысы бойынша біздің колледж еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін қажетті заманауи жабдықтармен жарақтандырылды, бұдан басқа өңір үшін құзыреттілік орталықтары жұмысын бастады.
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде мамандар даярлау еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға бағытталғанын нық сеніммен айтуға болады.
Нұржан БЕКМҰРАТ,
«Жарық» ЖШС бас директоры,
Асылхан КУЛЖАНОВ,
Құзыреттілікті бағалау орталығының жетекшісі