Бұл күндері Қазанда жүзуден Ресейдің ашық біріншілігі өтуде. Бұл жарыста жергілікті спортшылардан бөлек, тағы бірқатар мемлекеттің өкілдері бақ сынауда.
Қазақстан құрама командасы мүшелері арасында Дмитрий Баландинге ерекше үміт артқан едік. 4 сәуірде 26 жасқа толған Рио Олимпиадасының жеңімпазы 100 метге брасс әдісімен жүзуде сайысқа түсіп, финалда өнер көрсетті. Өкінішке қарай, шешуші сында жерлесіміздің жолы болмады. Белгіленген межені 59.81 секундта жүзіп өткен Баландин төртінші орында қалып қойды. Бұл қашықтықта Санкт-Петербургтен келген Кирилл Пригода бас жүлдені олжалады. Әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегерінің көсреткіші – 59.11. Олимпия ойындарының қола жүлдегері, мәскеулік Антон Чупков (59.47) күміс медальді иеленсе, красноярскілік Александр Палатов (59.59) қолаға қол созды.
50 метрге баттерфляй әдісімен жүзген Әділбек Мусин бесінші орынға табан тіреді. Қандасымыздың көрсеткіші – 23,67. Бұл сайыста алғашқы жүлделі орындардың барлығын ресейлік жүзушілер иеленді.