• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Сәуір, 2021

Тарифті өсіру тапшылықтың алдын ала ма?

786 рет
көрсетілді

Елімізде ай санап азық-түлік бағасы қымбаттайды, жыл санап инфля­ция өседі. Жылт еткен жа­ңалық­қа бола баспана бағасы шарықтайды. Қыс­қасы, өсім мол. Қаптаған өсу­лердің қатарын электр энер­гия­сының тарифі жыл сайын толықтырып отырады. 

Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимовтың айтуынша, 1 сәуірден бастап жылу электр стансалары­ның (ЖЭС) шекті тарифі тағы да 15 пайыз­ға көбейеді. Энергия өндіруші ұйым­дардың тарифті ұлғайту туралы ұсынысын қарастырған министр­лік осын­дай шешім қабылда­ған. Одан түскен қаржы сол стансаларды жаңғыртуға жұмсалмақ. Елдегі энергия өндіруші 45 ұйымның 37-сінің шекті тарифтері ұлғайтылмақ.

Қазақстандағы энергия өндіруші станса­лардың көбі XX ғасырдың 60-70-жылдарында пайдалануға берілген. Соның біразы тоза бастаған. Енді соларды жұмысқа дайын күйде ұстап отыру үшін қыруар қаржы керек.

– ЖЭС-тердегі жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасы алаңдау­шы­лық туғызады. Себебі лайықты қаржыландыру болған жоқ. Жұмсалған шығын­ның өзі қажеттіліктерді то­лық көлемде жаба алмайды, – дейді Қ.Рахимов.

Жөнделмейтін стансалар тиісті энергияны да өнді­ріп бере алмайды. Қаржы бөлін­беген­діктен апат та көп, техни­калық ажырау саны да артып барады. Былтыр еліміздің бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде 4 458 технологиялық бұзылу тіркелген. Тарифті көтеру осыншама қиындықты еңсеріп қана қоймай, күз-қыс маусымында толық көлемде жөндеу жұмыстарын атқаруға мүмкіндік сыйламақ. Қала берді, баға өсімі арқылы 23 мың жұмыс орны сақталады дейді ведомство.

Елімізде электр энергиясын өндірудің шекті тарифі заң бойынша 7 жылға бекітіледі. Алайда энергия өндіруші ұйымдар «Электр энергетикасы туралы» заңды алға тартып, егер өндіріс шығыны артып кеткен жағдайда шекті тариф көлемін қайта қарау бойын­ша кезектен тыс өтініш бере алады. Былтыр 35 ЖЭС сол мүм­кіндікті пайдаланып, нәти­жесінде тариф көтерілген еді.

Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жыл­дың басынан бастап отын сатып алу құны – 9,9, жаңғырмалы энер­гия көзінен алынатын электр энер­гиясының та­ри­фі 9,3 па­йызға өскен. Та­риф­тегі бюд­жет төлемдері мен жү­йелік опера­тордың қыз­мет ақы­сы да қым­баттады. Со­ңын­­да министрлік 2019 жылы бе­кі­­тілген тарифті орташа 16 па­­йыз­ға қымбатта­ту­ға мәж­бүр болды. Себебі сол кезде бек­і­тілген тариф елдегі бір ки­­ло­­ваттық өндірістің құ­нын да жабуға қауқарсыз бол­ған. Қысқасы, ЖЭС бастан кеші­ретін қиындық аз емес. Мәселен, былтыр жыл соңында «Қаражыра» мен «Богатырь көмір» ЖШС-дегі көмір құны 8,6 және 9,9 пайызға өсті. Өз кезегінде оны стансаға жеткізу құны да өседі. Айлық есептік көрсеткіштің өсуі де шығын­ды арттыра түскен. Бұдан өз­ге, электр стансалары төлей­тін салық бар. Міндетті төлем биыл 14 млрд теңгеден асқан. Экологиялық төлем 2016 жылы 7,4 млрд теңге болса, биыл бұл төлем көлемі 13,2 млрд теңгеге жетіпті. Сонда жеті жылды бы­лай қойғанда, бекітілген та­риф бір жылдың өзінде-ақ шы­ғын­ның шым тереңіне бір-ақ батырды деп зар қақсайды жылу электр стансалары.

«Орталық Азия электр­энер­­гетикалық корпорациясы» АҚ басшылығының айтуынша, егер тариф көтерілмесе сала біржола құрдымға бет алады. Өйткені мемлекеттен ешбір қолдау жоқ. Тіпті электр энергетика саласы 2020 жылдың соңына дейінгі эко­но­микалық өсім жөніндегі кешенді жоспарға да кірмей қалған.

Осы сала сарапшысы Әсет Наурыз­баев­тың айтуынша, ми­нистр­ліктің тарифті көтеруі орынсыз һәм негізсіз.

– 15 пайыз – инфляциядан да жоғары. Осы шешім арқылы Энер­гетика министрі электр энер­гиясы генераторының пайдасына қалтамыздағы ақшаны қағып түспек. 15 пайызды 10 тг квт/сағатқа көбейтіп, оны бір жыл­дағы 100 млрд квт/сағатқа көбейтер болсақ, жылына 150 млрд теңге жиналады деген сөз. Сонда бес жылда 750 млрд теңге немесе 1,8 млрд доллар жиналады. Бұл ақшаға қуаттылығы 1800 МВт-тан асатын күн батареяларын салып тастауға болады, – дейді сарапшы.

Энергетика саласында 25 жылдан астам уақыт жұмыс істеген білікті маман Жа­қып Хай­рушев мұнымен келіс­пейді. Оның айтуынша, Қазақ­стан күн батареяларының игі­лі­гін көруге әлі дайын емес.

– Күн стансаларының белгі­ленген қуаттылықты пайдалану коэффициенті 10-25, ал жел стансаларының көрсеткі­ші 25-35 пайызды құрайды. Алы­на­тын қуаттылық мөлшері күн­­­нің ұдайы жарық болуына және жел екпініне байланыс­ты. Олардан бөлінетін қуаттылықты жи­нақ­тап тұратын құрылғы керек. Бізде ондай жоқ. Біздегі жаң­­­ғыр­малы энергия көздері жи­нақ­­таушысыз салынады және электр энергиясын бір­ден электр желілеріне беріп тұра­­ды. Әрине бұл пайдалы. Бірақ бұл кешенді құрылыс пен түбегейлі жаңаруды талап етеді. «Жасыл» генерация­дан бөлінетін электр энергия­сын сақтап отыруға үлкен көлем­де шығын жұмсалады. Жал­пы, жаңғырмалы энергия көз­дерін дамыту керек деп есеп­теймін. Меніңше, бұл елдегі бүкіл электр энергиясы ин­фра­құрылымымен қоса дамуы керек. Алайда біздегі инфра­құрылым 60-70 пайызға тозып кеткен. Ондай ескірген технологиямен даму қарқынына ілесу қиын, дейді Ж.Хайрушев.

Дәл қазір кімнен сұрасақ та тарифті көтеруден басқа амал қалмағанын айтады. Себебі ақшаға жарымай отырған салада жалақы да тым мардымсыз. Сондықтан жастардың энергетик болсам деген ықыласы да жоқ. 2016 жылы салада 26 мың адам жұмыс істесе, содан бері 3 мың адам жұмыстан кеткен. Энергетикалық станса басшылары қызметкерлерінің зейнет жасына тақап қалғанын, жастарды жұмысқа шақыра алмай отырғандарын айтып зар қақсайды. Басшылық жалақыны көтерейін десе оған тариф мүм­кіндік бермейді. Олар әбден тозығы жеткен құ­рыл­ғыларды қосып-жалғап, елге жарық жет­кізіп отырға­ны­мызға тәубе қы­лыңдар дейді.

Осы салада біраз жылдан жұмыс істеп келе жатқан Мұ­сақ­­бар Рамазанұлы энергети­ка саласында ұрпақтар сабақтас­тығының ұмытылып бара жат­қанына қынжылыс білдірді.

– Бұл бір күнде іске асатын шаруа емес. Ол жылдар бойы қалыптасады. Қазір осы үрдіс жоғалып барады. Жұмыс істеп жүргендердің көбі үлкен кісілер. Меніңше, мемлекет көңіл бөлмейтін болса бұл сала­ның жұмысы ақсай береді, – дейді инженер-энергетик.

Оқтын-оқтын шығып жататын ақпараттар да сала­ның күні батып келе жатқа­нын мең­зейтін секілді. Бәсеке­лес­­тікті қорғау және дамыту агент­тігінің төр­аға­сы Серік Жұманғариннің өзі ай­­нала­сы 2-3 жылда энергия тап­­шы­лы­ғына ұрынамыз дейді.

– Иә, қазір жыл сайын 106 млрд квт/сағат электр энергия­сын өндіріп, профицит жағда­йына жеттік. Бірақ бірер жылда тапшылықпен бетпе-бет келе­тініміз ешкімге құпия емес, – деген еді С.Жұманғарин.

Оның айтуынша, 2025 жылы ЕАЭО-да энергия тасы­мал­даудың ортақ нары­ғының жұ­мыс істей бастауы бізді тығы­рықтан шығаруы мүмкін. «Біз­де генерацияның 48 пайы­зын мемлекеттік компаниялар өн­діреді. Ал энергетикаға мем­­лекеттің араласуы бұл сала­дағы бәсекелестікті дамытпайды» дейді спикер. Дәл қазір елімізде 155 электр стансасы бар болса, соның 69 пайызы көмір тұ­тынады, тек 9 пайызы ғана – гидроэлектр стансалары.

Тарифтің 15 пайызға қым­бат­тауы салдарынан енді қазақ­стандықтар электр энергиясы үшін шамамен бұрынғыдан 200 теңге артық төлей бастайды. Ал елімізде халықтың әл-ауқатына байланысты әркім әртүрлі тарифпен төлеуі керек деген әңгіме де көтеріліп келеді. Сарапшы Ж.Хайрушев халықтың да қалтасына ауыр соқпайтын, мемлекетке де пай­да әкелетін әділетті тариф ен­гізілуі керек деген ой айтты.

– Электр стансаларының жабдықтары тым тозып кеткен. Әділетсіз тариф орнату және оны жасанды оқшаулау осыған жеткізіп отыр. Генерация секторы үшін мемлекеттен қолдау керек емес. Сапалы жөндеу жүргізуді, отын және жабдық (90 пайызы шетелде дайындалады) сатып алуды қамтамасыз ететін, жұмысшыларға лайық­ты жалақы төлейтін және арнаулы техникаларды жа­ңар­татын әділетті тариф орнату керек. Сала біржола күй­рей қоймас, бірақ қатты жел ек­піні немесе экстремалды тө­мен тем­ператураларда апатты жағ­­дайлар туындап, бұл электр энергия­сының үзіліп қалуына және үйлерде жылу деңгейінің төмендеп кетуіне әкеліп соғуы мүмкін. Меніңше, табиғи монополиялар субъектісі болып саналатын электр желісі компаниялары үшін тарифтерді қа­лыптастыру әдісі әділетті нұс­қа болар еді. Айта кетер жайт, энер­гия өндіруші ұйым­дар үшін тарифтерді өсіру халық­қа тіке­лей әсер етпейді. Жергі­лікті ат­қа­рушы органдарда тариф қым­бат­­шылығына ұрындыр­майтын көп­­теген механизм бар, – дейді ол.

Салада қордаланған мәселе көп. Жалақы аз, құрыл­ғы ескір­ген, стансалар модерни­зация­ға зәру, шикізат қымбат, оны жеткізу құны да жыл санап өсіп барады. Бұлай жалғаса бер­се ел айналасы бір-екі жылда электр энергиясы тапшылығына ұшы­рап, энергетикалық кол­лапс­қа тап болуы ықтимал. Мұн­дай ахуалдағы салаға инвес­тиция тарту да қиын. Себебі олар да түбінде пайда көруді қа­лайды. Ал отандық жылу электр стансаларынан инвес­тор тұрмақ, стансаның өзі пай­да таппай отыр. Ақша жоқ болса жаңа құрылғы да жоқ, модернизация да жоқ. Демек, ел тұрғындарының ұдайы болатын апаттарға бой үйрете бергені жөн. Бұдан шығар басқа байлам да жоқ сияқты.