Адамдардың ауызбірлігі, бір-біріне деген ізгілік шарапаты жаман тұмау жайлаған уақытта тіпті нығая түсті. Жанды қамқорлық қолтықтарынан демеп, тұмшалаған қауіптен аман-есен шығатындықтарына, еш уақытта қиындықпен жалғыз алыспайтындарына сенгеннен соң үміт оты да лаулай берді.
Ел ішінде ғибраты мен өнегесі мол, пайдасы да аз емес еріктілер қозғалысы жанданған 2020 жылы Сандықтау ауданында да ізгі ниетті адамдар шоқтай екшеліп, қолдан келетін бар мүмкіндіктерімен жерлестерінің қажетіне жарап-ақ қалды. Жақсылықтың бастау бұлағы 14 ауылдық округте бірден ұйымдастырылған «Қайырымды істер» марафоны шеңберінде арна ашып еді.
Былтыр жақсылық жауған жыл болды. Аудандағы жастар ісі ұйымы мамандарының жетекшілік етуімен әр елді мекенде ет жақын ағайыны ғана емес, ауылдасына қол ұшын беруге дайын тұратын бірлесе топтасқан, бір мақсат, бір мүдденің төңірегінде күш-қуатын біріктірген жалынды жастар шоғыры пайда болды. Ізгі ниетті жас толқын алдымен тыл еңбеккерлеріне, қолы қысқа қарияларға, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілгендерге, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесті. Демеушілердің дем беруімен әзірленген азық-түлік себеттерін, жаман тұмаудан қорғанатын медициналық сақтандыру құралдарын, дәрі-дәрмектер жеткізіп берді.
Жақсылықтың жалауы тіктелген, барша жұртты адамгершілік шуағы себезгілейтін қайырымдылық өзегіне топтастырған алуан түрлі акциялар, форумдар, экологиялық сенбіліктер өткізіле бастады. Ауданның еріктілері ең алдымен жаман тұмаудың зардаптарымен күресуге жұмылдырылды. Беймәлім дерттің алдын алуға бағытталған, сақтандыру шаралары жазылған үнпарақтар таратты. Үйлерінен қарға адым жер ұзап шыға алмайтын, емханада созылмалы сырқаттарына байланысты тіркелген қариялардың дәрі-дәрмегін апарып берді. Ешкім назардан тыс қалмауы үшін аудан аумағын қамтып, бірнеше мәрте рейдтер жүргізді. Жан жадыратар парасат пен асқақ адамгершілікке көмкерілген 800 шара өткізілген екен. Алақандай аудан үшін аз дүние емес. Өткен жылдың өнегелі істері түйінделген форум барысында жастардың атқарған жан жадыратар шаруасы екшеліп, өзгелерге өнеге болып өріліп, үлгі болып айшықталып, алдағы жылы атқарылуға тиісті ауқымды жоспар бекітіліпті.
– Ел жастарының осы бір тіршілігі қашанда көңіл демдейді, – деді аудан ақсақалы Марат Ыдырысов, – атам қазақ «аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» дейді емес пе? Әрине, ашығып жатқан ешкім жоқ, тек бірлік мағынасынан айтып жатқаным ғой. Осындай өнегелі жастар, кісіге көмек беруге дайын тұратын ізбасарлары бар елдің іргесі ешқашан сөгілмейді.
Еріктілерді де елеп отырған дұрыс. Қиын сәтте қол ұшын берген жастардың еңбегі ескерілмей қалған жоқ. Аудан әкімдігі жақсылық жасаудан жарысып, айрықша көзге түскен жастарды, белсенді ұжымдарды мақтау қағаздарымен марапаттаған. Ұлағатты істерге ұмтылып отырғандарын өзгеге өнеге етіп көрсеткен. Бұл орайда Сандықтау және Лесной ауылдық округтері бірінші орынға ие болса, Максимовка, Каменка ауылдық округтері екінші орынды еншілепті. Ауызбірлігі мықты Жамбыл, Бірлік ауылдық округтерінің еріктілері үшінші орында. Ал Новоникольск ауылдық округінің жастары жыл ішінде атқарған жан-жақты жұмыстары үшін бас бәйгеге лайық деп танылған.
– Ел жағдайын ұдайы қадағалап отырсақ та, осындай уақытта еріктілердің белсеніп шығып, көмек көрсеткендігі өте жарасымды, – дейді аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков. – Жастардың бойында елжанды жақсы қасиеттің мол екендігін көргенде, елдің ертеңге деген сенімі де нығая түсетіні бар.
Қазіргі күні тепсе темір үзетін жастар қол қусырып қарап отырған жоқ. Көктемнің ең қауіпті мәселесі – қарғын су. Ауыл жастары ел ішіндегі жалғызілікті жандардың аулаларын, елді мекеннің жолдарын қардан тазалауда. Топырақ сәл жіпсігеннен кейін қызыл су жүретін арық қазбақ. Өткен жылдары қызыл су ауданның бірнеше елді мекенін басып қалған болатын. Сол бір ащы сабақты жақсы білетін ел жастары қазір көктемгі сынақтан бірлесіп өтуге жұмылдырылуда.
Ал адамға жақсылық жасауды парызым деп санайтын, бірақ сол бір ізгі шаруасын жарнамалап көп айта бермейтін жастар биыл алғашқы тоқсанда-ақ жүзге жуық қайырымдылық шарасын өткізіп үлгерді. Оның ішінде жаңа жылдың алғашқы күндері серпін алған «30 қайырымдылық іс» акциясы бойынша елдестерінің көкейінде жүрген күрделі мәселенің шешімін табуға ұмтылған. Көмекке зәру қарт адамдардың қолқанатына айналып, алғыс арқалаған. Ел ішінде шаруа таусылған ба, бірін тыңғылықты аяқтаса, екіншісі сабақтасады. Бірақ ет жүректері елім деп соққан жастар қарбаласқан тіршіліктің тінін бекітуге жарап-ақ тұр.
Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы