Сәуір айында Қазақстанға коронавирусқа қарсы вакцинаның 2 млн дозасы жеткізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«1 ақпаннан бері коронавирусқа қарсы вакцинация науқаны жалғасып жатыр. 1 сәуірден бастап вакцинациялауға жататын тұлғалар санаты кеңейтілді. Кестені жергілікті атқарушы органдар әзірлейді. Бүгінде бірінші компонент 197 706, екінші компонент 72 110 азаматқа салынды. Республика бойынша 1 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 10,3-ті құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен сәуірде вакцинаның 2 млн дозасы жеткізіледі. Бұл вакциналауға жататын тұрғындардың 23,4 пайызын қамтуға мүмкіндік береді», деді Алексей Цой.
Сондай-ақ министр өңірлерге қанша көлемде вакцина жеткізілетінін айтты.
«Өңірлерге вакцина жеткізу көлемі мен алдын ала мерзімі айқындалған. Қазіргі эпидемиялық ахуалды ескере отырып, сәуірде вакцина жетізу көлемі Нұр-Сұлтан (284 мың), Алматы (464 мың), Шымкент (172 мың) қалаларына, Алматы (232 мың) және Қарағанды облыстарына (217 мың) ұлғайтылды», деді ол.