• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 06 Сәуір, 2021

Сенатта Қазақстан мен Қырғызстанның көші-қон ынтымақтастығы талқыланды

226 рет
көрсетілді

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады. Осы келісім аясында тараптар көші-қон саласындағы екіжақты ынтымақтастықты күшейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Коронавирус кезеңінде көптеген көшіп-қонушылар Қазақстан аумағынан шыға алмады. Сондықтан олардың Қазақстанда болу мерзімін ұзарту туралы Үкіметтің қаулысы қабылданған болатын. Жыл басында көші-қон қызметі Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесе отырып жұмыс жүргізді және соның нәтижесінде 133 мың мигрант отанына оралды.

Комитет төрағасы Владимир Волков коронавирус пандемиясы кезінде көші-қон заңнамасын бұзған 3 мыңнан астам шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы кеңейтілген отырысқа қатысушыларды хабардар етті. Сондай-ақ Қазақстан арқылы заңсыз транзит арнасын ұйымдастырғандар үшін 27 қылмыстық іс қозғалды.

Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров заң жобасының негізгі міндеті көші-қон процестері мен азаматтық мәселелеріне қатысты мәліметтер алмасуға қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ заңсыз көші-қон арналарын анықтау екенін атап өтті.

«Құжат көші-қон және азаматтардың құқықтарын қорғау саласында өзара іс-қимылды жүзеге асырады. Заң жобасын қабылдау заңсыз көші - қонға қарсы күресте және көші-қон процестерін реттеуде екі ел ынтымақтастығының тиімділігін арттыру бойынша құқықтық негіз жасауға мүмкіндік береді», деді сенатор.

Келісімге қатысушы елдер қажет болған жағдайда басқа елдің аумағында болған екі елдің азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеу жөніндегі мәліметтерді ала алады деп күтіліп отыр.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті заң жобасын Палатаның қарауына енгізді.