Қазақстанда минералды-шикізат ресурстарының қоры таусылуға жақын. Неге десеңіз, еліміздегі кен орындары XX ғасырдың 40-60-жылдары ашылған. Ал пайдалы қазбалардың жаңа көздерін ашуға қаражат жеткіліксіздігі мен қолданыстағы заңның әлсіздігі кедергі келтіріп отыр.
Заңның шикілігі көп
«Қазгеология» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Боранбаевтың айтуынша, Кәсіпкерлік кодексінде жер қойнауын игеруге байланысты тек көмір кен орындарынан метан өндіруге ғана басымдық берілген. Демек, іске асырылуға тиіс инвестициялық жобалардың тізбесінде геологиялық барлау қарастырылмаған. Сәйкесінше, осы саладағы компаниялар салықтық және басқа да жеңілдік түрлерінен қағылып отыр.
«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алғаны рас. Кезінде ұсынылған геологиялық барлауды дамытуға арналған бағдарлама қазір жетілдіріліп, 2021-2025 жылдар аралығында іске асырылатын ұлттық жобаға өзгертілуде.
Соған сәйкес, саланы дамытуға шамамен 153 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылмақ. Тұтастай алсақ, бұл қаражат шикізаттық базаны толықтыруға жеткіліксіз. Сонымен қоса заңнамалық базаның әлсіздігі саланы тежеп отыр. Айталық, біздің кәсібімізде ең күрделі кезең – жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу ісіне қаражат тарту. Мысалы, Кәсіпкерлік кодекстің 286-бабында көмір кен орындарындағы метан өндірісінен басқа жер қойнауын игеру мен геологиялық барлауға бірде-бір жеңілдік түрлері қарастырылмайтыны жазылған. Шартты түрде айтсақ, біздің саланы құмар ойын түрлеріне теңестіріп отыр. Бұл дұрыс емес. Өйткені жаңадан ашылған кен орындары өнеркәсіптік кәсіпорындарға ресурстық базаны кеңейтуге мүмкіндік беріп, сервистік компанияларға тиісті жобаларды іске асыруға жол ашады. Сондай-ақ қабылданған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексте шикіліктер бар. Атап айтқанда, егер де мұнай-газ секторындағы өндіруші кәсіпорындар ресурстық базаны тиімді пайдаланудың тәсілін сақтайтынын ескерсек, дәл бұлай тау-кен саласындағы компаниялар туралы айта алмаймыз. Яғни жер қойнауын тиімді игеру тетігі аталған салаға да қайтарылып, бұл қажетті жабдықты өндірумен немесе белгілі бір шикізатты байытумен айналысатын сервистік компанияларға ескерту болар еді», деді Ә.Боранбаев.
Ұлттық компанияның басшысы жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеуді сапалы жоспарлау мен жобалық қаржыландыру тетігіне байланысты да проблемалар бар екенін жасырмады. Оны шешудің жолдары жоғарыда көрсетілген мемлекеттік геологиялық барлауды дамытуға арналған бесжылдық бағдарламада қамтылған.
Фискалды режім қолайсыз
Бағалы металдар өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Ғани Сағиевтің пікіріне сүйенсек, қолданыстағы фискалды режім геологиялық барлауға инвестиция тарту үшін тиімсіз.
«Қазір еліміздегі алтын кен орындары сарқылуға жақын. Мұны барлығы біледі. Қолданыстағы өндіріс көлемін ескерсек, бұл жобалардың өміршеңдігі шамамен 10-15 жылдан аспайды. Бұған қоса нарықтағы юниорлық компаниялардың геологиялық барлауға салатын қаражаты жоқ десек те болады. Демек, бұл мүдделі компаниялардың жетілдірілмеген фискалдық режімнің салдарынан Қазақстанға келуге ынтасы жоқ екенін аңғартады», деді Ғ.Сағиев.
Бұл орайда Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының қауымдастығы саланы ынталандыру тетігі ретінде геологиялық барлауды ҚҚС-нан босатуды немесе төмендетуді, сол секілді юниорлық компанияларды тарту үшін «бір терезе» қағидатын енгізуді ұсынып отыр. Қауымдастықтың атқарушы директоры Николай Радостовец айтқандай, аталған шаралар енгізілген бойда мемлекет бюджеттік қаражаттан қағылмайды. Керісінше бұл салаға инвестиция құюға, сондай-ақ осы бағытты тартымды ететініне сенімді. Ұйым басшысы геологиялық барлауды екінші деңгейлі банктер арқылы да шағын және орта бизнес кәсіпорындарына несие беріп, қолдауға болатынын жеткізді.
«Инвесторларды, оның ішінде юниорлық компанияларды «бірыңғай терезе» қағидатын құру арқылы тартуға болады деп есептейміз. Оның көмегімен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өтінім беріп, мүдделі компаниялар тиісті жобаны іске асыру үшін басқа министрліктер мен әкімдіктерге жүгіріп, уақыт жоғалтпас еді. Бірыңғай терезе мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етіп, инвесторларды артық жүрістен босатуда таптырмас шешім деп ойлаймыз. Бұл, әсіресе, пандемия кезінде өте өзекті. Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрінің басшылығымен жұмыс тобын құруды ұсынып отырмыз. Оған жауапты министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ әкімдіктердің өкілдері кіріп, құзыреттеріне сәйкес, ведомствоаралық мәселелерді шешуге септесер еді. Нәтижесінде, инвестор қай мемлекеттік органның қандай құжатқа қол қоятынын анықтауға басын ауыртпайды. Яғни артық бюрократиялық кедергілер оның жұмыс істеуге деген ынтасынан айырмайды», деді Н.Радостовец.
«Юниордан чемпионға дейін». Дәл осындай атаумен былтыр «Тау-кен Самұрық» компаниясы юниорлық компанияларды қолдау бойынша жұмысты қолға алған болатын. Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Қанат Құдайбергеннің пікіріне сәйкес, аталған кәсіпорын шағын компанияларды қолдаудан бөлек, тікелей геологиялық барлауды да жүзеге асыра бастаған.
«Жаһандық көлемде алсақ, Қазақстан тау-кен саласындағы тартымды елдердің қатарына кіреді. Бұған еліміздегі экономикалық тұрақтылық, тиісті инфрақұрылымның талапқа сай болуы және пайдалы қазба орындарының аз зерттелуі әсер етіп отыр. Өздеріңіз білетіндей, соңғы 30 жылда тау-кен металлургиясында айтарлықтай жаңа кен орындары ашылмаған. Бүгінде еліміздің экономикалық айналымында бұрын зерттеліп, ашылған кен орындары қолданыста. 2018 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексі қабылданып, әлемдік талапқа сай «Бірінші келген – бірінші игереді» қағидаты енгізілді. Тиісті лицензия мен ақпарат алу тәртібі жеңілдетілді. Қазір біз аустралиялық компаниямен бірлесіп, 18 мың шаршы шақырым жерді алып жатқан аумақта геологиялық барлау жүргізіп жатырмыз. Бұдан басқа, юниорлық компаниялармен бірге жүзеге асырып жатқан бірнеше жобамыз бар. Оған тағы бір аустралиялық компания Discovery Ventures Kazakhstan, сондай-ақ геологиялық барлаумен айналысатын қазақстандық компаниялар тартылып отыр. Таяуда алыс-жақын елдердегі әріптестерімізбен осы бағытта тағы бірнеше жобаны іске асыруды көздеп отырмыз. Тұтастай алғанда, бұл жобалар еліміздегі геологиялық барлаудың ішкі және сыртқы инвесторларға қаншалықты қызықты екенін байқатады», деді Қ.Құдайберген.
Сарапшылар пайдалы қазбаның жаңа кен орындарын ашуда Канада және Аустралияның тәжірибесіне жүгінген артық етпейді деген ойда.