Ділдәмен алғаш танысып, әңгімеге тартқанымызда жеңін тартқылап, қолын тыққыштап бақты. Жанарымыз еріксіз сол жең жасырған қолға ауды. Өзі де сезді білем:
– Қолым күс-күс еді, – деп ыңғайсызданып қалды.
Қырықтың қырқасына енді шыққан Ділдә Төлегенованың еңсесін көтеріп, бойын тіктеткен – осы күс қолдары. Осы күс қолдарының арқасында ешкімге алақан жаймай, өз күнін өзі көріп отыр. Тек өзі емес, артынан ілескен төрт бауырына қамқорлық жасап, баспанаға дейін алып беріпті.
Тышқақ лағы жоқ, әркімнің есігінде жалдамалы жұмыс істеп жүрген Ділдә бас-аяғы жеті жылдың ішінде қажырлы еңбегі, маңдай терінің арқасында жоқтан бар жасап отыр.
– Анам Зоя ерте қайтты. Ең кіші інім Еламан сегіз жасқа да толмаған еді. Бес бала ұлардай шулап қала бердік. «Анасыз жетім – сұм жетім» деген ғой. Марқұм анам өмірінің соңғы жылында еш жақсылық көрген жоқ, аурушаң болды. Үйде тіпті электр жарығы да болмады. Марқұм «Электр жарығын, токтың кереметін көрмегеніме жиырма жылдан асты» деп отыратын. Қанша жасырсаң да, жұртқа аян ғой. Әкеміз «ақаңа» үйірсектеу еді, анам қайтқан соң бар жұбанышты содан іздеді. Бізді Бөкей ордасы Бисен ауылындағы ағайын «Ғарифолланың балалары» десе танымауы мүмкін, «Будулайдың балалары» деп біледі. Ауылдағы жаназа, садақаның тамағымен, жұрттың жылуымен жан баққан кезіміз болды. Кейін Асқар Саматов деген ағамызға жалданып, мал қыстағында жұмыс істедім. Сол кезде малдының әлді боларын түсіндім. «Көрпеме қарай көсіліп» Дархан, Ажар Есекешевтерден бес тауық сатып алдым. Бастапқыда бар малым осы бес тауық болып еді. Кейін бес тауығым балапан басып, санын көбейтті. Екі-үш жылда қырыққа жетті. Бақша ектім. Сол жылы жақсы шықты. Алланың қарасқаны ғой. Төккен тер, еткен еңбегімнің нәтижелі болғаны серпін берді. Сосын қолыма түскен ақшама шыбыш, тоқты алдым. Ешкі өсімтал болғандықтан, өзін өзі ақтайтын тиімді түлік. Жемшөпті көп талап етпейді. Тек қыс қорасы жылы болса болғаны. Азымтал емес, қотыр болмайды да, жаздың аптап ыстығында төзімді, көп құрттамайды, құрттаса да некен-саяқ. Әдетте, бұл жануар өте кірпияз, өте таза жануар. Қыста оның түбіті аса бағалы. Ешкінің бір ғажабы өз жайылысын аздырмайды. Жайылғанда шөпті отап жемей, шөкімдеп жүріп жайылады. Түйгенім осы. «Есі кеткен ешкі жинайды, ешкімен есін жинайды» деп аталарымыз текке айтпаған екен. Өсімтал мал көзімді де, көңілімді де тойдырды. Кейін ешкіні біртіндеп қойға айырбастап, Шопан ата түлегін көбейте бастадым, – дейді Ділдә өткен жолы туралы еш бүкпесіз.
Иә, мал баққанға бітеді. Бүгінде Ділдәнің жүзден астам қой-ешкісі, елуге жуық ірі қарасы бар. Қайталап айтты демеңіз, бұл соңғы жеті жылда жинаған малы. Жалғызбасты әйел затының жиғаны. Қазір Ділдәміз Мұратсай ауылдық округіне қарасты Әжен елді мекенінен үй алып, перзенттік парызын өтеп, әпкелік қамқорлығын көрсетіп, әкесі мен сіңлісімен бірге тұрып жатыр.
«Өз үйім – өлең төсегім» ғой, бұйыртса, үйімізді де жөндеп, сәнін кіргізерміз деп қояды. Биыл үй жанына бақша салыпты. Монша да салмақшы. «Пәленшенің қолынан келетін шаруа менің де қолымнан келеді» деп тас та соға бастапты.
Ділдәнің ауылдасы Балия Сисенғалиева:
– Ділдә керім еңбекқор. Малға баладай қарайды. Бар жағдайын жасайды. Ешкіммен қақ-соғы жоқ. Адал еңбегінің жемісін көріп отыр. Қарап отырмайды. Тепсе темір үзетін жігіттердің өзі бел шешіп кіріспейтін шаруаны ойға алды. Тас соқты. Монша салмақшы. Монша салу да көп күшті, қаржыны қажет етеді. Жанкештілігі, қайраттылығы, еңбекқорлығы көпке үлгі, – дейді.
Иә, расымен де бағайын десе малы жоқ, «аурумын» дейін десе ауруы жоқ болса да, үйдің көлеңкесінен ұзамай-ақ үкімет беретін атаулы көмекпен ілдебайлап күн кешуді жөн санаған көп еркек кіндіктіге үлгі. Ғарифолланың тұңғышы да өзінен кейінгілерге еңбекпен ғана бәрін жеңуге болатынын жиі айтады.
– «Аяз, әліңді біл» деп бауырларыма басымыздан өткен қиындықты жиі айтып отырамын. Өзің еңбек қылмасаң, әрекет етпесең, ешкімнен еш қайыр болмайды. Кинодағыдай мал-мүлік, қыруар ақшаны мұраға қалдыратын ағайын да жоқ. Тек өзіңнің қайрат-күшің, еңбегіңнің арқасында ғана өзіңе жағдай жасайсың деймін. Ерінбегенге мал дегенің қып-қызыл пайда ғой. Сауып май-қаймағын, жүнінен төсекше жасап, аудан орталығына апарып, дүкендерге қойып жүрдім. Ешкінің түбіті де қыруар пайда. Тек ерінбеу керек. Он екі мүшең аман болса, әркім өз тірлігін жасай алады екен. Осыны түсіндім. Малдың шуын шұлғау қыла жүріп, мал басын көбейттім-ау, енді сол малды қайда жаямын деген мәселе туындап тұр. Кішігірім ауылда көп малмен отыра алмайсың. Ауылдың айналасында ұлтарақтай да жер жоқ. Бәрінің иесі бар. Соңғы жылдары шөптің шығымы жоқ. «Мал-жаның аман ба?» деп малдың амандығын жанның амандығынан бұрын сұрап жатамыз ғой. Жайылым үлкен дау тудыруы мүмкін. Қызғаныш қой. Жер керек. Шаруа қожалығы болып тіркеліп, жер алғым келеді. Осы мәселені шешу үшін тиісті мекемелерді жағалап жүрмін, – дейді Ділдә.
Біз барған кезде кейіпкеріміз мал басында жүр екен. Ешкісі төлдепті. Төрт бірдей лағы бар.
– Құтты қонақ болдыңдар. «Құтты қонақ келсе, қой егіз туады» дей ме? Шаруам жақсы шешім тауып, сүйіншілі жаңалық болар деп жорып тұрмын. Адал еңбекпен тірнектеп қор жиған біз сияқты еңбек адамдарының мәселесі оңтайлы шешілсе ғой, – деп үмітін үкілеп қояды. Үміті алдамаса екен дестік.
Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ
Батыс Қазақстан облысы