• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Сәуір, 2021

Елімізде қанша жер алқабы шетелдіктерге жалға берілген?

597 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жер қатынастары мәселелері туралы заң жобасын талқылау кезінде елімізде қанша жер алқабы шетелдіктерге жалға берілгенін нақтылады, деп хабарлайды Egemen.kz

«Заң жобасына сәйкес, 2016 жылғы 1 шілдеге дейін, яғни мораторий енгізілгенге дейін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне уақытша жер пайдалану құқығы шетелдік жер пайдаланушыларға, шетелдік қатысу үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға және қандастарға жалдау мерзімі аяқталғанға дейін қолданылады әрі ұзартылуға жатпайды. Осындай адамдардың саны және олар иеленетін ауыл шаруашылығы жерлерінің алаңдары туралы деректер бар ма, сондай-ақ олардың жалдау мерзімі қашан аяқталады», деп сұрады депутат Фахриддин Қаратаев.

Бұл орайда Ауыл шаруашылығы министрі мұндай жерлер қазіргі кезде Қазақстанда бар екенін айтты.

«Атап айтқанда, 74,4 мың гектар ауыл шаруашылығы жері 7 біріккен кәсіпорынға жалға берілген. Одан басқа екі шетелдік заңды тұлға 18,5 мың гектар жерді бүгінгі күні жалға алып отыр. Бұлардың барлығы мораторий енгізілгенге дейінгі алынған жерлер. Олардың жалға алу мерзімі 2022 жылдан 2025 жылға дейін. Осы уақыт өткеннен кейін бұл жерлердің барлығы мемлекетке қайтарылады», деді С.Омаров.

Одан өзге, Парламент мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толық тыйым салу көзделген.

Сонымен қатар заң жобасында бұдан бұрын шетелдіктермен және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялармен жалға алынған ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдалану мерзімін ұзартылмайтындығы және олардың пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болатындығы қарастырылған.

С.Омаровтың айтуынша, қандастар бойынша олар жеке қосалқы шарушылығы, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер учаскесін ала алады, ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар.