9 сәуірде жапониялық Anime Manga Pioneer School компаниясының білікті мамандары «Манга өнері» тақырыбында шеберлік сағатын өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ келесі аптада Оңтүстік Кореяның Мультипликациялық фильмдерді насихаттау агенттігінің мықты аниматорларымен (Korean Manhwa Contents Agency) «Мультипликатор мамандығының маңызы» тақырыбында мотивациялық сабақ өткізу жоспарланып отыр.
Оның алдында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Оңтүстік Кореяның Мультипликациялық фильмдерді насихаттау агенттігі арасында осы анимациялық мектептің жұмысына байланысты онлайн кездесу өткен болатын. Жиынға қатысқан корей агенттігінің президенті Шин Джонг Чольдің айтуынша, ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды анимацияға баулу Кореяда 10 жыл бұрын басталды. Бүгінде Кореяда осындай 11 әлеуметтік орталық жұмыс істейтінін айтты. Демек қазақстандық мамандарға бұл бағытта үздік шетелдік тәжірибе алмасу мүмкіндігі туындап отыр.
Еске сала кетсек, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР АҚДМ бастамасымен іске қосылған «Balapan» телеарнасының жанындағы «Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебі» алғашқы сабағын 12 наурызда бастаған.
Елімізде тұңғыш рет қолға алынып отырған бұл жобаның мақсаты: ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға мамандығына айналатын кәсіпті үйрету, әлеуметтік бейімдеуге жәрдемдесу және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру.
- Курс басталғалы байқағанымыз – оқушылардың анимация саласын меңгеріп, үйренуге деген ынта-ықыласы зор. Балалардың ой-пікірін ашық білдіре алатын өжет, талапты, білімді әрі зерек екендігі тіпті қуантады, - дейді «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай.
Осы ретте ҚР АҚДМ мен «Balapan» телеарнасына нәтижелі келіссөздер жүргізуге атсалысқан Қазақстанның Оңтүстік Корея мен Жапониядағы елшіліктерінің еңбегін атап өткен жөн.