Қазақстан Республикасында КВИ-ға қарсы жаппай вакцинациялау жалғасуда. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім еткендей, 1 сәуірден бастап вакцинациялауға жататын адамдардың санаттары кеңейтілді. Бұл ретте кестелерді жергілікті атқарушы органдар жасайды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгінгі күні бірінші компонентпен 217 070, екінші компонентпен – 79 541 азамат егілді. Республика бойынша 1000 тұрғынға шаққанда көрсеткіш – 11,5 құрады. Оның ішінде медицина қызметкерлері – 40%, педагогтар – 17%, күш құрылымдары қызметкерлері – 7,7%, ЖӨБ персоналы мен контингенті – 0,5%, басқалары – 34%. Вакцинацияланғандардың 0,8%-ында катаралды синдром, дене температурасының жоғарылауы, жергілікті реакция түрінде вакцинациядан соң кезігетін реакция байқалды», деді А. Цой.
Сонымен қатар, ақпаратқа сәйкес сәуірде вакцинаның 2 млн дозасы жеткізіледі деп жоспарланған. Жалпы, осы айда тиісті контингенттің 23,4%-ын қамту көзделген.
«Қазақстанда өндірушілермен жүргізілген келіссөздерді ескере отырып, бірінші жартыжылдықта 6 млн-нан астам вакцина дозасын қабылдау жоспарлануда, бұл тиісті контингенттің 64%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Бұл көлем КВИ-ға қарсы вакцинациялауға жататын контингентті және өтеусіз негізде вакцинациялауға ниет білдірген адамдардың қолжетімділігін барынша кеңейтуге мүмкіндік береді», деп атап өтті министр.
Ұйымдастырылған ұжымдарда және адамдар көп жиналатын жерлерде вакцинация жүргізу үшін Алматы қаласындағыдай жылжымалы егу пункттері іске қосылатын болады.