• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Медицина 07 Сәуір, 2021

Қан құрамының сан қыры ашылады

284 рет
көрсетілді

Пандемиямен күрес күллі адамзат баласын түрлі ізденістерге бағыттады. Сондай сан-салалы зерттеуге ұмтылған ғылымның бірі – трансфузиология.

Наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласындағы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының (ТҒӨО) базасында халықаралық IX ғылыми-практикалық конференция өткен болатын. Ресей, Украина, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанның трансфузиялық медицина саласындағы мамандары онлайн режімінде қатысқан конференцияда сөз болған дүниелер қан құрамына бөккен талай сыр мен мүмкіндіктерді ортаға салды.

Негізгі мақсаты қан қызметін және денсаулық сақтаудың ірге­лес салаларын дамытудың өзекті мәселелерін талқылау болған жиында Минск қаласындағы Транс­фузиология және медициналық био­технологиялар республикалық ғылыми-практикалық орталы­ғының директоры, медицина­ ғы­лымдарының кандидаты Ф.Кар­пенко еліндегі қан қызме­тінің жетістіктері туралы баяндама жасады. Оның донорлық қаннан алынатын шикізатты өңдеу тәжі­рибесі жөніндегі хабарламасы тыңдаушылардың айтарлықтай қызығушылығын тудырды. Өйткені Беларусь еліндегі қан қызметі ұйымдары дәстүрлі өнімдер – альбумин, иммуноглобулиндер алумен шектеліп, таптаурын жолмен жүре бермей, жасушалық технологиялар негізінде жасалған жаңа өнімдерді шығаруды қолға алыпты. Пациенттерді емдеуде және әсемдік пен әрлеуге қажет косметологияда қолданылатын бұл жаңа өнімдер қан сырының тағы бір парағын ашқандай.

Еліміздің трансфузиология саласы қарқынды даму үстінде. Отан­дық трансфузиологтар па­циент­терді емдеуде қанды құюдан тыс оның компоненттеріне диф­ференцияланған терапия ұсынып, трансплантологияны алға жылжытуда шешуші рөл атқарып жүр­генін бұрын да жазған болатынбыз. Елордада арнайы эко­номикалық аймақ жағдайында ұйым­даст­ы­рылған қан қызметі үшін меди­циналық мақсаттағы бұйым­дарды өндіру тәжірибесі туралы хабар­лама мамандардың ерекше қызығушы­лығын тудырды.

«Eira Med» ЖШС бас директоры М.Әбдіхалиева зауыттың өнді­рістік алаңында донорлық қан мен оның компоненттерін дайындау үшін полимерлік контейнерлер мен стерильді ерітінділер шығару жолға қойылғанын, сондай-ақ цитаферез және донорлық қан компоненттеріндегі патогендерді инактивациялау жүйелерін өндіру басталғанын хабарлады. Бұл расында да елеңдетерлік дүние. Транс­фузиология ғылыми-өн­діріс­тік орта­лығының басқарма төрайымы С.Әбдірахманова осы ретте ішкі нарыққа шығарылатын медициналық мақсаттағы бұйым­дар конструкцияларын жобалау кезінде отандық тұтынушының қажеттіліктері еске­рілгенін назарға салып өтті.

Сондай-ақ медицина ғылы­мы­ның докторы, ресейлік профессор Е.Жибурт­тың трансфузиялық ғылым және практика саласындағы әлемдік жетістіктері туралы баяндамасы қан тылсымының әлі талай мүмкіндігі ашылатынынан хабар берді.

Секциялық кеңестер барысында отандық және шетелдік спикерлер өтеусіз ерікті донорлықты дамыту, кли­никалық трансфузиология және қан қызметіндегі зертханалық диагностика мәселелеріне арналған баяндамаларын ұсынып, қан мен оның компоненттерінің өтеусіз ерікті донорлығын дамыту проблемалары, оның ішінде ковидтік инфекция реконвалесценттерінің иммундық плазмасын донорлыққа тарту ерекшеліктері, сондай-ақ донорлық қан мен оның ком­по­ненттерін дайындаудың ұтымды тәсілдерін сөз етті.

Трансфузиология ғы­лыми-өн­діріс­тік орталығының мамандары онлайн жиын барысында  амотосален және УФО өңделген конвалесценттік плазмадағы SARS-CoV-2 антиде­нелерінің кон­­центрациясының өз­геріс­терін зерттеу, иммундық плазма до­нор­ларындағы антиденелерді анық­таудың тәжірибесін де ортаға салды. Сондай-ақ COVID-19 нау­қастарында SARS-CoV-2 виру­сының сақталу динамикасын зерттеу туралы жұмыстары да назар аударарлық. Отандық мамандардың онкологиялық ауруларға ұшы­ра­ған балаларға қан мен оның ком­­­поненттерін құю кезіндегі транс­фузиялық тера­пияның тактика­сына, гемо­транс­фузиялардың қолай­сыз салдарын жік­теу және оны меди­циналық ұйым­дарда анықтау мен есепке алу мәселелерімен ортақ­тас­қаны жиын мәнін аша түссе, ко­ро­навирус инфекциясын емдеу үшін им­мундық плазманы пайдалану ке­зінде алынған тәжірибелерімен бө­лі­­суі шетелдік трансфузиологтар­ды­ да тәнті еткенін айта кеткен ләз­ім.

Жоғарыда айтқандай, қанның зерттелетін сырлары мен қырлары сансыз көрінеді. Біздің зерттеушілер қан қызметіндегі коронавирус инфекциясы маркерлерінің және гемотрансфузиялық инфекциялар маркерлерінің зертханалық диаг­нос­тикасына, сондай-ақ им­муно­гематологияның кей­бір аспек­тілеріне байланыс­ты бірнеше баяндама жасады. Конференция шеңберінде ROCHE Diagnostics мамандары көр­сететін гемотрансфузиялық инфек­ция­ларды диагностикалауға арналған зертханалық жабдық­тарға сервистік қызмет көрсету мәселелерін талқылау бойынша саттелитиндік кеңес өткізілді. ROCHE DIAGNOSTICS ком­па­ниясының қолдауымен ұйым­дастырылған кеңеске Қазақстан Республикасының барлық қан қыз­меті ұйымдарының транс­фу­зия­лық инфекциялар зертха­на­лары­ның меңгерушілері қатыс­ты.