• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Оқиға 08 Сәуір, 2021

Қоғам дертіне шипа іздеген

371 рет
көрсетілді

Көркем туындылары оқырмандар тарапынан да, бүгінгі қазақ әдебиетінің ақса­қалы Әбді-Жәмил Нүрпейісов пен Дулат Исабеков, Мереке Құлкенов және Мағира Қожахметова секілді танымал сөз зергер­лері тарапынан да оң, жылы бағасын алған қазіргі проза жанрының белгілі өкілі Мира Шүйіншәлиевамен облыстық «Орал өңірі» газетінде бір-екі жыл қызметтес болудың сәті түскен-ді. Әйтсе де бұл кезде оның күнделікті газет тапсырмасынан тыс әңгі­мелер, тіпті повесть жазуға талаптанып жүр­генінен бейхабар едім.

Мираның өзі де бұған байланысты тіс жарып, сыр аша бер­мейтін. Сөйтсек талантты қыз әдебиет деп аталатын тылсым дүниенің маңайын барлап, оның есігін ашып көруге іштей талпыныс жасап жүреді екен ғой. Дәл осы тұста Мираның сиясы кебе қоймаған әрі баспасөз беттерінде жарияланбаған тұңғыш әңгімелерін оқып шығудың да орайы түскені бар. Көркемдік деңгейі жоғары, тілі шұрайлы, оқиғаны баяндау тәсілі таптаурын жолдан аулақ Мираның әңгімелері бірден ұнады. Осындай ой жетегінде Мираның аталған әңгімесін өзім қызмет жасап жүрген «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясына, соның ішінде сол тұстағы бас басылым басшысы Сауытбек Абдрахмановтың атына жолдадым. Жазушылыққа бет бұрған Жайық қызы­ның әңгімесі бір күні газет бетінде жарқ ете қалды.

Сол Мираның жанры жағынан повесть деп аталғанымен, романның жүгін арқалай алатын «Өкініш» дейтін шығармасы бар. Шы­ғар­ма осы аттас кітабына енген. Бұл жөнінде профессор Гүлжаһан Орда, аға ғылыми қызметкер Дүйсегүл Жақан және сын­шы Бақыт Сарбалаұлы толымды ой-пікір білдіріпті.

Олар бұл қомақты дүние бүгінгі күннің байыпты прозасы, қазіргі қазақ әдебиетіндегі әдемі де әлеуетті үлгілердің бірі деген ортақ ұйғарымға ойысыпты. Әрі әйел-аналар бейнесі арқылы тәуелсіздік жылдарындағы қазақ қоғамының өзекті мәселелеріне көңіл аударылғанын атап көрсетеді. Сонымен бірге автордың бүгінгі заманымызда кездесіп тұратын қасіретті тіршілігі арқылы шешімін күтіп тұрған әлеуметтік астары терең мәселелерді де бір жерге жинақтауға ұмтылып, қоғам дертіне шипа іздегені де повестің басты құндылығы деп па­йымдапты.

Повесте Жайық жағасында орна­ласқан қала мен оның маңайы жүрекке жылы әсер қалдыруымен баурап алады. Жалпы, Еділ мен Жайықтың көркем табиғаты поэзияда көбірек жырланғанымен, көр­­­кем прозада бір кем дүниедей еді. «Өкініш» повесі осы олқылықтың орнын толтырғандай. Еліміздің інжу-мар­жандарының бірі Шалқар көлі екені белгілі. Оның әсемдігі мен сұлулығына алғаш тәнті болғандардың бірі көрнекті орыс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолохов еді. Кейін Мемлекеттік сыйлықтың тұңғыш лауреаты Хамза Есенжановтың «Ақжайық» романында да бар нақыш бояуымен келісті түрде көрінгені белгілі. Содан кейін прозада дәл осылайша Шалқар көрінісін жеріне жеткізе суреттеген прозалық шығарманы кез­­дес­тіре алар ма екенбіз?  «Өкініш» бұл жө­нін­де де «Ақжайықтың» ізбасары бола алады демекпіз.

Жайық жағасындағы ежелгі Сарай­шық қаласының да өткені мен бүгінін кейіпкер Ақ­күн­нің Сарайшыққа алғаш келгендегі мол әсерімен сәтті суреттеген деп санаймын.

 

Темір Құсайын

 

ОРАЛ