Биылғы сәуір айында Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасов тірі болғанда ердің жасы елуге толатын еді. Ол 2011 жылы Тараз қаласында қауіпті террористі ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан болатын. Батырдың туған күніне орай, «Жеңіс» саябағында Ғазиз Байтасовқа арналған ескерткіш ашылды. Оның есімі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында Халық қаһарманы атағын алған алғашқы әрі жалғыз адам ретінде де құрметпен аталады.
Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ғазиз Байтасов міндетіне адалдық пен көзсіз ерліктің символы болып қала беретінін айтса, еліміздің Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров тәуелсіздік жылдары қызмет бабында құқық қорғау органдарының 800-ге жуық қызметкері көз жұмғанын, Тараз қаласында ашылған бұл ескерткіш азаматтардың қауіпсіздігі жолында қаза тапқандарға жасалған тағзым екенін жеткізді. Шара барысында қызмет бабында қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланып, үш мәрте автоматпен салют берілді.
Бұдан кейін облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков Бауыржан Момышұлы мен Ғазиз Байтасовтың ерліктерін байланыстырса, облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов Ғазиз Байтасовтың ерлігі барлық полицейлер үшін үлгі екенін айта келіп, батыр есімі ұмытылмайтынын және ерлікпен көз жұмған полицейдің отбасына жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, батырдың жесірі Гүлжамал Тәжиева Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған шараларға үнемі шақырту алатынын айтып, ол үшін ризашылығын жеткізіп, ол барлық қазақстандықтар үшін батыр болып қала беретінін атап өтті.
Шара соңында Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Жамбыл облысы