• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Технология 08 Сәуір, 2021

Темекі өнімдерін цифрлы таңбалау міндеттеледі

535 рет
көрсетілді

Бұдан былай өндірушілер мен импорттаушылар сигареттерді ғана емес, сигараларды, сигариллаларды, кальян темекісін, тіпті электрондық сигареттерге арналған стиктерді де DataMatrix кодымен таңбалауы тиіс. Осы топтардың таңбаланбаған тауарларының қалдықтары 2022 жылғы 1 сәуірге дейін сатылуы мүмкін. Бұл норма «Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін айқындау туралы» Үкіметтің 2020 жылғы 10 қыркүйектегі №568 қаулысымен реттеледі.

Сигареттерді цифр­лы таң­балау Қазақстанда 2020 жыл­ғы 1 қазаннан бас­тап мін­деттелген. Қазақстан аума­ғын­­да өндірілетін немесе Қа­­зақстанға импортталатын бар­лық сигареттер DataMatrix кодымен таңбаланады. Бұл өн­діріс кезінде сигареттердің әр қорабына тікелей салу әді­сімен беріледі. Онда өнді­ру­ші, импорттаушы, тауар пар­тиясының сериялық нөмірі туралы цифрлы ақпарат және оның қозғалысын бақылау үшін қажетті басқа да мәлі­меттер «тігілген». Бұл кодты крип­тоқорғаныстың нәти­же­сінде қолдан жасау мүмкін емес.

Таңбаланған тауар туралы ақпарат Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесіне (ТТҚАЖ) енгізіледі. Кейіннен өнім оны сататын орындарға түседі және 2D-сканер немесе Naqty Sauda мобильді қосымшасы арқылы айналымнан шығарылады. Тауардың өндірістен бастап соңғы тұтынушыға сатуға дейінгі барлық жолын ТТҚАЖ-да қадағалауға болады.

«Қазақстанда баламалы темекі өнімдерінің сегменті негізінен (жалпы көлемнің 90%-дан астамы) электрондық сигареттерге арналған стик­тер­мен ұсынылған. Бұл топ­тың негізгі импорттаушыла­ры – Philip Morris және BAT. Бұл компаниялар өткен жы­лы сигареттерді таңбалау ен­гізілгеннен кейін таңбалау жаб­дықтарын орнатқан, сондықтан олар­дың стиктерді таңбалау шығындары аз болады», деді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева.

Жалпы, болжамдық көрсет­кіштер бойынша стиктер сег­ментінің көлемі 2021 жылы 100 млн қорапты құрайды, бұл 55 млрд теңгеден астам қаражат.

Сигаралар мен сигарил­лаларды Қазақстан нарығына жеткізушілердің қатары мол. Сондықтан жеткізушілер үшін стикеттеу және зат­таң­балау сияқты цифрлы таң­балаудың қосымша тәсілдері айқындалды. Бұл таңбалау жабдықтарына күрделі шы­ғындарды талап етпейді.

Басым бөлігін көлеңкелі айналым құрайтын балама темекінің сегменті кальянға арналған темекі болып саналады. «Біздің бағалауымыз бойынша кальян темекісінің 90%-ы – «көлеңкелі». Мұның себептерінің бірі – кальян те­­мекісі үшін акциздің жо­ғары мөлшерлемесі. Бұл бас­қа темекі өнімдерінен ерек­шеленбейді. Дегенмен бұл өнімдегі темекінің мөлшері 20%-ды ғана құрайды. Осы сегментті «ағарту» бойынша шараларды күшейту үшін біз мемлекеттік органдарға ак­циздік мөлшерлемені тө­мен­дету мәселесін жұ­мыс­қа алуды ұсынамыз. Мұн­дай тәжірибе Ресейде бар. Онда кальян темекісіне ак­циздік мөлшерлеме кальян темекісіндегі темекі шикі­затының пайыздық құра­мы­мен анықталады», деді Цифр­лық экономиканы дамыту орталығы Зерттеу және әзірлеу ор­талығының директоры Ал­мат Исмаилов.

Жалпы, 2020 жылы Қазақ­станда темекі өнімдері на­рығының көлемі 1 млрд 200 млн қорап немесе 660 млрд теңгені құрады. Бұл ретте сарапшылардың бағасы бойынша көлеңкелі айналым 33 млрд теңгені құрады. Міндетті цифрлы таңбалауды енгізу нарықты айтарлықтай «ағартуға» көмектеседі.