Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2022 жылы Нидерландта өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда Мажарстан футзалшыларын ұтып, мерзімінен бұрын құрлық додасына жолдама жеңіп алды. Бұл – Қазақстан құрамасының өз тарихында үшінші мәрте Еуропа чемпионатына шығуы.
Будапештте өткен ойын Кака баптайтын Қазақстан футзалшылары үшін іріктеу кезеңіндегі кезекті матч болғанымен, мерзімінен бұрын Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығу мәселесін шешіп тастайтын тамаша мүмкіндік еді. Осындай маңызды бәсекені сырт алаңда өткізгеніне қарамастан, жерлестеріміз Мажарстан құрамасының тас-талқанын шығарып, алға қойған мақсатына жетті.
Амалия Стербински атындағы спорт кешенінде өткен кездесудің бірінші кезеңінде Қазақстан құрамасынан Шыңғыс Есенаманов, Азат Валиуллин және Тайнан қарсыластар қақпасын дәл көздесе, Имре Нодь өз қақпасына гол соғып, автоголдың авторы атанды. Екінші кезеңде де Кака жетекшілік еткен біздің команда өз қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Матч соңына дейін біздің жігіттер Мажарстан құрамасының қақпасына тағы екі гол соқты. Бұл голдарды Дуглас Жуниор мен Альберт Ақбалықов салды. Ойынның 24-минутында Алматының «Қайрат» футзал клубында экс-ойыншысы Золтан Дорт алаң иелерінің жалғыз голын соқты. Қорытынды есеп – 6:1. Қазақстан құрамасының пайдасына.
Осылайша, сырт алаңда Мажарстанды ірі есеппен жеңген Қазақстан құрамасы төрт кездесуден кейін 12 ұпай жинап, өз тобында бірінші орын алды. Осы жеңіс арқылы асында отандастарымыз «Еуро-2022» додасының жолдамасына иелік етті.
Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы екі құрама арасындағы алғашқы кездесу 2020 жылдың 11 желтоқсанында Нұр-Сұлтанда өтіп, онда Қазақстан құрамасы қарт құрлықтан келген қарсыластарының қақпасына жауапсыз бес гол соғып, ірі есеппен жеңген еді. Бұл бәсекеде ел құрамасынан Арнольд Кнауб, Дәурен Нұрғожин, Альберт Ақбалықов, Дәурен Тұрсағұлов мергендігімен көзге түскен болатын.
Жерлестеріміз кейінгі екі кездесуін наурыз айында Беларусь құрамасымен өткізді. Алғаш елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен бәсекеде жерлестеріміз қарсыластарынан 5:2 есебімен айласын асырса, араға бір апта салып Минскіде ұйымдастырылған матчта Қазақстан құрамасы 6:1 нәтижесімен басым түсті.
Енді Қазақстан футзалшылары топтық кезеңдегі соңғы ойынын Нұр-Сұлтан қаласында 9 және 11 сәуір күндері Израильмен өткізеді. Негізі әу баста бірінші ойын 28 қаңтарда Израильдің Ришон-ле-Цион қаласында өтуі тиіс еді. Алайда эпидемиялық жағдайға байланысты матч кейінге шегерілген болатын. Кейіннен УЕФА шешімі бойынша екі ойын да Нұр-Сұлтанда өтетін болып бекітілді. Израильмен өтетін матч Қазақстан құрамасына еш маңызы жоқ ойын болса да, бас бапкер алаңға тек жеңіс үшін, жанкүйерлерді қуанту үшін шығамыз деп отыр.
Жалпы, 2022 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі биыл алғаш рет жаңа форматта өтіп жатыр. Атап айтар болсақ, іріктеу сайысында 32 елдің құрамасы төрт-төрттен сегіз топқа бөлініп, «үйде» және «түзде» жүйесі бойынша өзара шеберлік байқасуда. Ережеге сәйкес әр топта көш бастаған ұлттық құрамалар қарт құрлықтың басты жарысының жолдамасына бірден иелік етеді. Екінші орын алғандар арасында ең көп ұпай жинаған алты команда да Еуропа чемпионатына қатысады. Қалған бір команда қосымша кездесу арқылы анықталады. Жарыс қожайыны саналатын Нидерланд құрамасын қоса есептегенде, келесі жылғы доп додасына 16 құрама қатысады.
Дәл қазіргі жағдай бойынша өз топтарында бірінші орын иеленген Әзербайжан, Босния және Герцеговина, Испания, Италия, Қазақстан, Нидерланд, Ресей және Хорватия құрамалары Еуропа чемпионатына жолдама алып қойған. Ал Еуропа чемпионаты 2022 жылдың 19 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында Нидерландтың Амстердам және Гронинген қалаларында өтеді.