• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Сәуір, 2021

Сыйлық алған да, берген де жауапқа тартылады

720 рет
көрсетілді

Бұдан былай мемлекеттік орган немесе ұлттық компаниялардың басшылары бұрын жемқорлық жасаған адамды жұмысқа қабылдайтын болса, өз қалтасынан 100 АЕК көлемінде, яғни 300 мың теңгедей айыппұл төлейді. Осы жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді.

Бір айта кетерлік жайт – сыбайлас жемқорлық жасаған адамдарды жұмысқа орналастыруға тыйым салатын бұл талап бұған дейін тек мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың басшы лауазымдарына ғана қатысты еді. Жыл басында Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес енді сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдарды кез келген квазимемлекеттік сектор лауазымына қабылдауға толық тыйым салынды.

«Басқаша айтқанда, бұрын-соңды сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған адам енді мемлекеттік қызметте де, квазимемлекеттік секторда да, тіпті қатар­дағы лауазымда да жұмыс істей ал­майды. Ал мұндай адамдарды жұмысқа қа­былдаған басшылар әкімшілік жауапкер­шілікке тартылады», деп атап өтті О.Бектенов.

Биыл 20 наурызда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заңға қол қойды. Күні кеше, нақтырақ айтсақ, 5 сәуір­де күшіне енген осы заңға сәйкес сыбай­лас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік хаттамалар жасау құзіреті сы­байлас жемқорлыққа қарсы қызметке бекітілді.

Брифинг барысында БАҚ өкілдеріне заңдағы осы өзгерістер туралы жан-жақты мәлімет берген Олжас Бектенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 15-бап бо­йынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру құқығы берілгенін атап өтті.

Нақты айтқанда, кодекстің сыбайлас жемқорлыққа қатысты алты бабы (ӘҚБтК-нің 676-681-баптары), кәсіпкерлік қызмет саласындағы екі құрам (ӘҚБтК-нің 154, 173-баптары), мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын және әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты жеті құқық бұзушылық (ӘҚБтК-нің 658-662, 665, 667-баптары) бар.

«Әкімшілік тәжірибе сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдар үшін жаңа ұғым емес. Алайда кодекске өзгерістер енгізуге қатысты біраз рәсімдерге байланысты агенттік бұл құзіретке енді ғана ие болып отыр. Бұл бұдан былай агенттікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қажетті барлық құрал бар дегенді білдіреді», деді бұл жөнінде спикер.

Сөз барысында ұсақ құқық бұзушылық­тардың уақтылы жолын кесу арқылы үлкен қылмыстарға тосқауыл қоюға болатынына ерекше екпін қойған агенттік өкілі «таразы басына жемқорлық үшін сотталған адамның мансабы мен алдағы тағдыры ғана емес, оның туған-туыстарының тағ­дыры да түсетінін» ескертіп өтті. Сондай-ақ сотталған жемқордың тікелей басшысы да лауазымынан босатуға дейінгі тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын айтқан О.Бектенов журналистерге брифингтің басты тақырыбы – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың нақты құрамы туралы толығырақ баяндады.

Мемлекеттік функцияларды орын­дауға уәкілеттік берілген немесе оған теңестірілген тұлғалардың жауапкершілігі туралы айта келіп О.Бектенов енді шенеуніктер құны 2 АЕК-ге дейін сыйлық алғаны үшін 1,8 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін екенін хабарлады.

«Егер алынған заңсыз сыйақы немесе сыйлық сомасы 2 айлық есептік көр­сеткіштен аспаса, ол бүгінгі күні 5 834 теңгені құрайды, алдын ала уағдаластық болмаса немесе сыйақыны қорқытып алмаса, онда мұндай құқық бұзушылық қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды, тек әкімшілік тәртіппен жазаланады», деп атап өтті ол.

Сонымен қатар енді заңсыз мате­риалдық сыйақы берген қазақстандықтар да әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Құны 2 АЕК-ке дейінгі сыйлық берген адам 4,5 миллион теңгеден астам айыппұл төлеуі әбден мүмкін.

«Сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар кодекстің 676-бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, бұл шамамен 600 мың теңге», деді О.Бектенов.

Бұл ретте, егер мұндай сыйақы немесе сыйлық заңды тұлға тарапынан берілетін болса, онда мұндай әрекет кодекстің 678-бабы бойынша сараланады және мұнда айыппұл 700 АЕК-ке дейін өседі, яғни 2 млн теңгеден асады. Ал дәл осы құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, заңды тұлға екі есе – 1500 АЕК немесе 4,5 млн теңге төлейді.

«Заңнамада сыйлық беруге және алуға толық тыйым салынғанын тағы бір мәрте еске салғым келеді. Мұндай норма өткен жылдың соңында қолданысқа енгізілді», деген агенттік өкілі брифингте барша жұртты мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген тұлғаларға мемлекеттік және басқа да қызмет көрсеткені үшін сыйлық беру әдетінен бас тартуға шақырды. «Өйткені мұндай әрекеттер берушілер үшін де, шенеуніктер үшін де теріс салдарға әкелуі мүмкін», деп атап өтті ол.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты шаралар қабылдамаған лауазымды тұлғалар да жазасыз қалмайды. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары: «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тұрғысынан маңызды саналатын, мемлекеттік орган басшыларының және өзге де лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілігін көздейтін кодекстің 680-бабы – аталған лауазымды тұлғаларға 100 АЕК көлемінде, бұл шамамен 300 мың теңге айыппұл салуға әкеп соғады», деді.

Мемлекеттік, жергілікті өзін өзі бас­қару органдарының басшылары өздеріне жүктелген функциялардан тыс кәсіпкерлікпен айналысса, не белгілен­ген қаржыландыру көздерінен басқа мате­риалдық игіліктер мен артықшылық­тар қабылдаса, оларға 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн теңге көле­мінде айыппұл салынатынын хабарлаған О.Бектенов лауазымды тұлғаларға мате­риалдық сыйақы берген заңды тұлға­лардың да жемқорлық бойынша жазаланатынын айтты. Бұл ретте айыппұл сомасы 700-ден 1500 АЕК-ке дейін өседі.

Сыбайлас жемқорлық үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігі базалық халықаралық стандарт болып табылатынын, сол себепті Қазақстандағы бұл бағыттағы жұмыстарды ЭЫДҰ және ГРЕКО сарапшыларының бағалайтынын жеткізген спикер сөзінің соңында агенттіктің бизнесті қорғауда да әлеуетінің артқанын мәлімдеді.

Қазіргі таңда агенттіктің жалпы сомасы 16 трлн болатын 650-ден астам жобаға қолдау білдіріп отырғанын айта кеткен жөн. Соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тек қылмыстық-құқықтық шаралар аясында мыңнан астам бизнестің құқығын қорғаған.

«Әкімшілік заңнамадағы жаңа құзырет кәсіпкерлікті мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғауда агенттіктің жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», деп атап өтті О.Бектенов.