Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының спортшы-нұсқаушылары Талдықорғанда өткен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған грек-рим күресінен V Жастар ойындарында жоғары нәтижелерге жетті, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төрт күн бойы өткен жарыста еліміздің барлық өңірінен келген 23 жасқа дейінгі жас палуандар он салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Мұндай жарыстар төрт жылда бір рет өткізіледі.
Жарыс қорытындысына сай, өз салмақ дәрежесінде Мақсат Сайлау (87 келі) мен Ерзат Ерланов (97 келі) жеңіс тұғырынан көрінді. Күміс жүлдені Мәдияр Мәулетханов (67 келі) қанжығалады.
- Күрес тартысты өтті, соған қарамастан спортшылар екі алтын мен бір күміс жүлдені қанжығалап, жақсы дайындық пен шеберлік танытты. Бұл тәжірибе спортшылардың республикалық және халықаралық жарыстарға алдағы дайындығына арқау болмақ, – деді ОСК грек-рим күресінен команданың аға жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрым Дүйсенов.
Жарыс соңында ұлттық құрамаға кіретін, сондай-ақ әлем және Азия чемпионаттарында ел намысын қорғайтын мықты палуандар анықталды. Айта кетсек, турнирде бірінші және екінші орын алған спортшыларға Қазақстан Республикасының спорт шеберлері атағы беріледі.