• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 08 Сәуір, 2021

Биыл бакалавриат пен магистратураға қанша грант бөлінетіні белгілі болды

289 рет
көрсетілді

Биыл мемлекеттік тапсырысты ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыс ұйымдастырылуда. Бакалавриатқа 51 500 грант, магистратураға 13,5 мың грант беріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

Оның айтуынша, бакалавриатқа түсушілер міндетті түрде ҰБТ тапсырып, сол сертификатпен тиісті базаға тіркеледі. Осылайша, конкурсқа қатысып, сол баллмен грант ұтып алуы мүмкін.

«Ал магистратураға келсек, ол да екі жылдан бері ҰБТ сияқты тестілеу форматында өткізіліп келеді. Әр университет өз билеттерін, тапсырмаларын дайындап, өздері тексеріп, шешім қабылдайды. Әртүрлі тәуекелдер болды, сондықтан магистратураға қабылдау тетігін, жалпы рәсімін өзгерттік. Алдыңғы жылы да, биыл да, магистратураға қабылдау электронды форматта нақты тестілеудің, орталықтандырылған тест нәтижесінде жүргізіледі. Олар өз құжаттарын тапсырып, жинаған баллдарына қарай грант ұтып алуы мүмкін», деді министр. 

Пандемияға байланысты соңғы курста оқитын студенттер мен магистранттардың диплом қорғауына да бірқатар өзгерістер енгізілді. 

«Қазіргі кезде студенттердің көбісі қашықтан, кейбірі жатақханада жатып оқып жатыр. Көптеген мұғалімдер де, оқытушылар да қашықтан оқыту форматында болғаннан кейін олардың дипломдарын, әрі магистрлардың диссертацияларын қорғау рәсімін электронды форматта өткізуге болады. Мөрдің, қолдың қойылуы сияқты міндетті талаптарды да алып тастадық. Қазір түсіндіру жұмыстары жүргізілуде»,  деді А.Аймағамбетов. 

БҒМ басшысы қазіргі уақытта PhD диссертацияларын да онлайн түрде қорғауға мүмкіндік берілгенін атап өтті. Бұл халықаралық тәжірибе. Бастысы, сапаны төмендетпеу. Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде.