• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Технология 08 Сәуір, 2021

Сым жетпейтін жерге спутник жете ме?

322 рет
көрсетілді

Қазақстандағы шалғай елді мекендерге интернет енді спутник арқылы да таратылады. Қазір осы мақсатта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі OneWeb, Starlink және Ses сынды спутниктік байланыс операторларымен тиісті келіссөздер жүргізуде. Бұл туралы ведомствоның басшысы Бағдат Мусин айтты.  

Байланыс сапасына талап күшейтілді

Бұдан былай 4G мобильді байланыс қызметінің сапасы секундына 5 мегабиттен, 3G-дің байланыс сапасы секундына 1,5 мегабиттен кем болмауы тиіс. Мұндай талап биыл белгіленіп, оны байланыс операторлары сақтамаған жағ­дайда көлемді айыппұл төлейді. Ми­­нистр ведомствоның бастамасы­мен тиісті бағыттағы құрылыс талаптарына өзгеріс енгізілгенін, енді оптикалық арналар құрылыс аяқ­талғанға дейін қосылуы керек екенін айтты. Сондай-ақ салалық заңда байла­ныс операторларына қатысты жауап­кер­шілік күшейтіліп, айыппұл мөлшерін он есеге, яғни 2 млн теңгеге дейін арттыру қарастырылуда. Ғарыш саласын дамыту бойынша екі бағытқа көңіл бөлініп отыр. Біріншісі, байланыс спутниктеріне қатысты. Атап айтқанда, құзырлы орган KazSat-2R жасанды жерсерігін ескірген технологиямен ғарышқа жіберуден бас тартқан сыңайлы. Балама шешім ретінде төмен орбиталды спутниктік топтардың өндірісін жолға қойған компаниялармен әріптестік орнату көзделіп отыр.

«Қазір 1200 ауылға интернетті заманауи спутниктік технологиялар арқылы жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатта үш оператормен, нақты айтқанда OneWeb, Starlink және Ses секілді компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни KazSat-2 тарататын 8 мегабит пен төмен орбиталды спутниктер тарататын 1 гигабайт байланыс жылдамдығын салыстыруға келмейді. Демек ескірген техноло­гияларға инвестиция салғаннан гөрі, тың технологияларға басымдық берген әлдеқайда тиімді», деді Б.Мусин.

Екінші бағыт – Жерді қашық­тан зондтау жүйелері. Бұл тех­но­ло­гиялардың бірнеше сала­да нәтижелері байқалып, өзінің тиім­ділігін әлдеқашан дәлелдеген. Ай­та­лық, былтыр 1 млн гектардай пай­даланылмай жатқан ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер учас­келері, 217 заңсыз ағаш кесу, 4 млн гектар алқапқа тараған орман өрті, сондай-ақ 9 мың заңсыз қоқыс ор­ны анықталды. Бұл бағыттағы жұ­мысты «Қазақстан ғарыш сапары» ком­паниясы атқарып келеді. Спут­никтік жүйелерді құны 63 млрд тең­гені құ­рай­тын жаңа зауытта шы­ғарылмақ.

 

Интернет сапасын арнайы жабдықтар анықтайды

Тиісті ведомствоның ақпаратына сүйенсек, биыл 286 ауыл 2G-ден 3G және 4G технологияларына ауысты­ры­лады. Халқының саны 250 адамнан аспайтын тағы 292 ауылда байланыс сапасы жақсартылатын болады деп сендірді Цифрлық даму ми­нистрлігінің өкілдері.

«Интернет сапасын бақылау мақсатында арнайы жабдықтар сатып алынды. Олардың 6-ы еліміз аумағында қолданылып, осындай 17 жабдық облыс орталықтарында орнатылған. Десе де байланыс сапасын тексеру үшін өңірлерге шығып тұрамыз. Мысалы, Түркістан облысына барған кезімде Шымкент-Түркістан бағытындағы жолда интернет сапасы әлсіз екі ауылды анық­тадық. Қажетті жабдықтармен тиісті өлшем жүргізіліп, айыппұл салынды, сол секілді олқылықты жою­ға 2 ай берілді. Егер де бұл мерзімде қателіктерді түземесе, қатаң шаралар қабылданады.

Әлбетте, айыппұл салып еліміз­дің 17 өңірінде арнайы өлшеу шараларын жүргізуге мүмкіндігіміз жеткілікті. Алайда оған негіз болатындай себеп қажет. Facebook және Instagram арқылы көптеген қоңырау келеді, бірақ олар негіз бола алмайды. Тек қол қойылған немесе элек­тронды цифрлы қолтаңбамен куә­­лан­дырылған азаматтардың өті­ніш­терін ғана пайдалануымыз қажет», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Сондықтан Б.Мусин халықты интернеттің сапасыз жұмысына байланысты уәкілетті органға хабарласып, ескертіп отыруға шақырды.

 

Дербес деректі қорғау – басты назарда

«Қазір дербес деректі қорғау өзекті мә­селеге айналғаны белгілі. Сол се­бепті Мемлекет басшысы жеке мәлі­меттерді қорғау ісін мық­тап қолға алуды тапсырған еді. Осы­ған байланыс­ты құзырлы орган бір­неше бағытта жұмыс істеп жатыр», деді министр. 

«Егер де бұрын ХҚКО-ның операторлары азаматтардың деректерін ЖСН арқылы алып жүрсе, енді клиенттер СМС-тегі кодты өз еріктерімен айтпайынша, кіруге тыйым салынатын қағида енгізіледі. Тиісті код ен­гі­з­ілгеннен кейін ғана оператор жеке деректерді көре алады. Мұндай қағида барлық жерде қолданылмақ. Қазір 3 Халыққа қызмет көрсету ор­та­лығында сынақтан өткізілуде. Жыл соңына дейін жүйе ретке кел­ті­ріліп, бүкіл жерге енгізіледі. Бұл дербес деректерді қорғаудың және мем­лекеттік қызметшілерді шек­теу­д­ің ең пәрменді қағидаты», деді ол.

Бұдан басқа WebTotem қызметін қолдану ісі жалғасып келеді. Қазір 160 мыңға жуық сайт аталған жүйемен қорғалған. Bug-bounty 275 бастамасы шеңберінде «ақжағалы хакерлер» мемлекеттік ресурстардың ақпараттық қауіпсіздігінің осал тұстарын анықтауда. Бүгінде олар ақпараттың тарап кету тәуекелінің 172 параметрін тауып отыр. 

«Біз дербес деректі таратуға бағытталған тәуекелдерге тыйым салып, оларды толығымен жоюға басымдық беріп отырмыз. Мәселен, Мемлекеттік кірістер комитетінде Salyk.gov сайты болғанын жақсы білесіздер. Онда кез келген азаматтың аты-жөнін теріп, ЖСН-ын, сол секілді тұрғылықты жерін тауып алуға болатын. Сондықтан осындай сервистерді жойып, тек дербес деректерді қорғау аясындағы қызметтерді ұсынуға көңіл бөлеміз», деді құзырлы органның басшысы.

Б.Мусин таяу уақытта «1414» бір­ың­ғай операторының жұмысы да ретке келтірілетініне уәде берді.