• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Сәуір, 2021

Мемлекетті басқарудың жаңа моделі

2722 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың 2021 жылғы 26 ақпандағы Жар­лығы­мен Қазақстан Республикасында мем­­лекетті басқаруды дамытудың 2030 жыл­ға дейінгі «Ең алдымен адамдар» – адам­ға бағдарланған моделін қалыптастыру Тұжы­рымдамасы қабылданды. Алты бөлімнен тұратын бұл құжатта ағымдағы жағдайды талдаудан бастап, халықаралық тәжірибеге шолу мен мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттары сараланған.

Мұндағы басты мақсат – адамдарға бағдар­лан­ған мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыпт­астыру және осы тұжырымдаманы іске асыру­дың жолдарын айқындау. Қазіргі әлемдік ахуал­дың турбуленттілік, өсіп келе жатқан құ­­был­малылық, әлеуметтік, экономикалық және саяси дамудың белгісіздігі дәуіріне аяқ ба­сып отырғандығын ескере отырып, осынау ауқым­ды сын-қатерлерді еңсеру барысында мем­лекетке деген қоғамдық сенім, оның өз­геріс­терге дайындығы мәселесі ерекше ма­ңызға ие болмақ. Өйткені қоғамда неғұрлым тиім­ді мемлекеттік басқаруға, азаматтардың бас­­қа­ру­шылық шешімдер қабылдауға қаты­суы­­на деген сұраныс бар. Оның басты себебі мем­­­ле­­кет­­тік басқарудың қолданыстағы әкім­ші­­лік-ба­қы­лауға негізделген моделінің халық­тың үмі­тін то­­лық­тай ақтамағандығында сияқ­ты. Бү­гінгі таңда мемлекеттік басқарудың сервис­тік және адамға бағдарланған моделі әлі қалып­таспай отыр.

Осыған орай Тұжырымдамада мемлекеттік секторды трансформациялаудың мағыналық бағыты көрсетілген және мемлекеттік бас­қару­ды жаңғыртудың негізгі қағидаттары, мін­деттері мен тәсілдері айқындалған. Ол аза­мат­тардың мемлекетпен өзара іс-қимылын жақ­сар­туды, стратегиялық жоспарлаудың тиімділігін, мемлекеттік қызметтің кадр құрамының сапасын, квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыруды, мемлекеттік аппаратты оңтайландыруды және мемлекеттік қызметтер көрсетудің проак­тивті форматына көшуді, жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуды, реттеушілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетіл­діру­ді, сондай-ақ сот және құқық қорғау жүйелерін өзгертуді көздейді. Ол міндеттерді мемлекеттік басқарудың жаңа моделінің негізгі қағидаттары тұрғысынан айқындаумен және оны әзірлеуде кешенділік көзқарастың болуымен ерекшеленеді. Құжатта белгіленген нысаналы даму параметрлері мемлекеттік басқару реформасының кейінгі қадамдарын іске асыруды негізге алуды көздейді. Мемлекеттік басқару тұжырымдамасының ережелері жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту, құқықтық саясат тұжырымдамалары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясымен тығыз байланыс­ты. Сондықтан бұлардың жиынтығын мем­лекеттік басқару сапасын арттыруға ба­ғыт­талған шаралардың біртұтас жүйесі деп қарас­тыруға толық негіз бар.

Тұжырымдаманың мемлекеттік басқару жүйесіне объективті және сыни көзқарасқа сүйене отырып жазылғандығын атап өткен абзал. Мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруда жүйеліліктің болмауы мен формализмнен бастап, кезінде жіберілген басқа да көптеген қателікті сараптай келе, маңызды міндеттер белгіленіп, тиісті шаралар қабылдауға талпыныс жасалған.

Тұжырымдаманың келесі бір құнды тұсы ретінде оның мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кезекті кезеңі басталғандығын ескере отырып, қазіргі заманғы проблемалы аймақтарды айқындағандығын атап өтуге болады. Олардың қатарына азаматтар мен мемлекет арасында тиісті өзара іс-қимылдың болмауын; стратегиялық жоспарлау мен реформаларды жүргізу тәсілдері тиімділігінің жеткіліксіздігін; мемлекеттік аппараттың халық пен бизнестің қажеттіліктеріне бағдарланбаған функцияларын; көрсетілетін мемлекеттік қыз­меттердің әкімшілік сипатын; бәсекеге қабі­лет­сіз мемлекеттік қызметті; тиімсіз квази­мем­лекеттік секторды; дамымаған жергілікті өзін өзі басқаруды; бизнестің дамуына кедергі келтіретін шамадан тыс реттеуді; сот және құқық қорғау жүйелеріне азаматтардың сенім деңгейінің төмендігі жатқызылған. Олай болса қалыптасқан ахуалдың терең өзгерістерді қажет ететіндігі туралы қорытындының жасалуы да бекерден-бекер емес.

Арнайы жүргізілген жұмыстардың негізінде Қазақстандағы мемлекеттік басқарудың жаңа моделі «Халық үніне құлақ асатын», әділ, тиімді, ашық, қоғамның сұранысына жедел ден қоятын, есеп беретін, кәсіби және прагматикалық мемлекет сияқты қағидаттарына негізделетін болады. Мемлекеттік басқарудың бұл қағидаттары мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен оны іске асыруда, сондай-ақ мемлекеттік шешім­дерді қабылдауда бағдар болмақ. Ең бас­тысы, бұл құжат Тұжырымдаманы іске асыру­дың стратегиясы, басымдықтары және мерзімдерін нақты көрсетуімен де тартымды. Ендеше, халқымыздың арман-тілегінің орындалуын мақ­сат еткен осы қағидаттарды жүзеге асыру мен мемлекеттілігімізді мәңгілік етуге бағдар­лан­ған үдерістерге сәттілік тілейміз.