COVID-19 індеті алқымнан алған тұста жұртшылық үйде отырып-ақ интернет арқылы қызмет алудың қадірін ұғына түсті. Пандемия кезінде, әсіресе Азаматтарға арналған үкімет қызметінің маңыздылығы арта түскен. Мәселен, корпорация арқылы онлайн көрсетілген мемлекеттік қызметтің саны 2019 жылы 27,3 млн болса, 2020 жылы бірден 41,7 млн-ға жеткен.
Пандемияның пайдалы тұсы – халықтың цифрлы сауаттылығының артқанында жатыр. Әйтпесе қолдарында қажетті гаджеті мен телефоны болса да көпшілік өзіне қажетті қызметті бұрыннан үйренген Халыққа қызмет көрсету орталығына барып алғанды тәуір көретін. Коронавирус басталып, жұртшылық үйден ұзай алмай қалғанда амалсыз онлайн қызмет алуға көше бастады. Азаматтарға арналған үкімет те қарап қалмай, қызметкерлерін қайта даярлаудан өткізе бастады.
Корпорацияның басқарма төрағасы Әділ Қожықовтың айтуынша, жұртшылыққа кеңес беріп, көмек көрсету үшін 2 мыңға жуық оператор қайта даярлаудан өтіп, 250 маман порталда виртуалды кеңесші қызметін атқарған. Сол кезде мамандар 13,9 млн аудиоқоңырау және 8,8 млн бейнеқоңырау қабылдап, тұрғындарға қызметтерді онлайн алу жөнінде қолдау көрсеткен екен.
Халықтың цифрлы сауаттылығын көтеруге бағытталған іс-шаралардың нәтижесінде былтыр Мобильді азаматтар базасына – 9,5 млн, EGOV Mobile қосымшасына 1,1 млн адам тіркеліпті. ХҚО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында 16 млн азамат онлайн қызметтер бойынша кеңес алып, порталды қолдануға машықтанған. Цифрлық орталықтардағы арнайы ашылған курстарда 800 мыңнан астам адам дәріс алған.
«Әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саласында төлемдердің 44 санаты бойынша 15 мемлекеттік қызмет ұсынатын әлеуметтік блоктың да жүктемесі сол кезде еселене түсті. Бұл бағытта былтыр 1,6 млн қызмет көрсетілсе, «1411» байланыс орталығы арқылы 1,2 млн ақпараттық тұрғыда кеңес берілген. Корпорацияның дерегі бойынша карантин кезінде тағайындалған 42 500 теңгеге байланысты 12,3 млн төлем, зейнетақы мен жәрдемақыларға қатысты 6,2 млн төлем қайта есептелген. Сондай-ақ проактивті түрде – 162 мың, композитті – 115 мың, «Электрондық үкімет» порталы арқылы 224 мың төлем тағайындалған. Жалпы, бұл саладағы қаржы ағыны 5 787,3 млрд теңгені құрапты.
Індет кезінде онлайн көрсетілетін қызметтің саны да артқанын байқауға болады. Мысалы, жер қатынастарына байланысты қызмет түрлері онлайн режімге ауыстырылған, мемлекеттік қызмет көрсету үрдісіне Blockchain технологиясы енгізілген және бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры қанатқақты жобасы аясында жер учаскесі алғаш рет онлайн сатыла бастаған. Сонымен қатар көліктің техникалық паспорты мен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін үйге жеткізу, жеке менеджер қызметін пайдалану, QR-код арқылы төлем жасау сервистері де жүзеге асқанын атап өткен жөн. Былтырғы қорытынды бойынша Азаматтарға арналған үкімет барлығы 41,7 млн қызмет көрсеткен. Соның ішінде жылжымайтын мүлік саласы бойынша − 2,5 млн, әлеуметтік қамсыздандыру саласында – 1,6 млн, жер кадастры бойынша – 379 мың қызмет. Карантин жылында азаматтардан келіп түскен аудио-бейнеқоңыраулардың саны 23,9 млн болса, соның 1,2 млн-ы «1411» байланыс орталығына келіп түскен.
Жалпы, цифрландыру – озық технологияны пайдалана отырып озу, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердегі әкімшілік кедергілерді азайту. Кезінде халық бір жапырақ қағаз алу үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыратын. Ал қазір бұл саладағы кемшілік едәуір түзеліп келеді. Елдің де артық жүрісі азайды. Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төрт мекеменің – «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық», «Жылжымайтын мүлік орталығы» мен «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығының» негізінде құрылды. Демек төрт мекеменің жұмысы бір корпорацияға топтасты деген сөз.
Корпорация құрылған бес жылдың ішінде біраз мемлекеттік қызмет электронды форматқа көшті. Айталық, мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар жобалар, соның ішінде жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру рәсімдерін жеңілдету, жер учаскелерінің кадастрлық құнын айқындау мен көлікке техникалық паспорт алу уақытын қысқарту, бала тууға байланысты төрт бірдей қызметті перзентханада рәсімдеу сияқты жобалар енгізілді. Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында еліміздің өсімдіктер әлемін зерттейтін Бірыңғай гербарий қоры құрылды.
Цифрландырудың ел дамуында пайдасы көп. Сондықтан азаматтардың өздері де бұрынғы болмыстан арылып, мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға дағдылануы керек. Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру бағытында Азаматқа арналған үкіметтің де өз жоспары бар.
«Күн тәртібінде тұрған мәселелер көп. Атап айтқанда, бірқатар әлеуметтік қызметті оңтайландырып, ондағы қызметті автоматты жүйеге ауыстыру, ХҚО-дағы сервис сапасын көтеріп, қызмет көрсетудің жаңа форматын енгізу, жұртшылықтың арыз-шағымына дер кезінде көңіл аударып, дереу шешім қабылдау сынды мәселелерді шешуді қарастырып отырмыз», дейді Ә.Қожықов. Ол сондай-ақ сараптама жасай алатын Support-қызметін іске қосу, мамандандырылған ХҚО-ларды трансформациялау, бәсекеге қабілетті кадрлық резервті жасақтау тәрізді жұмыстар да көп ұзамай іске қосылатынын жеткізді.