• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Технология 09 Сәуір, 2021

Оңай жол – онлайн қызмет

619 рет
көрсетілді

COVID-19 індеті алқымнан алған тұста жұртшылық үйде отырып-ақ интернет арқылы қызмет алудың қадірін ұғына түсті. Пандемия кезінде, әсіресе Азаматтарға арналған үкімет қызметінің маңыздылығы арта түскен. Мәселен, корпорация арқылы онлайн көрсетілген мемлекеттік қызметтің саны 2019 жылы 27,3 млн болса, 2020 жылы бірден 41,7 млн-ға жеткен.

Пандемияның пайдалы тұсы – ха­лықтың цифрлы сауат­ты­лығы­ның артқанында жатыр. Әйтпесе қолдарында қажетті гаджеті мен телефоны болса да көпшілік өзі­не қажетті қызметті бұрыннан үй­ренген Халыққа қызмет көрсету орталығына барып алғанды тәуір көретін. Коронавирус басталып, жұртшылық үйден ұзай алмай қалғанда амалсыз онлайн қызмет алуға көше бастады. Азаматтарға арналған үкімет те қарап қалмай, қызметкерлерін қайта даярлаудан өткізе бастады.

Корпорацияның басқарма төр­ағасы Әділ Қожықовтың ай­туын­ша, жұртшылыққа кеңес бе­ріп, көмек көрсету үшін 2 мыңға жуық оператор қайта даярлаудан өтіп, 250 маман порталда вир­туалды  кеңесші қызметін ат­қар­ған. Сол кезде мамандар 13,9 млн аудиоқоңырау және 8,8 млн бейнеқоңырау қабылдап, тұрғын­дарға қызметтерді онлайн алу жөнінде қолдау көрсеткен екен.

Халықтың цифрлы сауат­тылы­ғын көтеруге бағытталған іс-шаралардың нәтижесінде былтыр Мобильді азаматтар базасына – 9,5 млн, EGOV Mobile қо­сымшасына 1,1 млн адам тір­келіпті. ХҚО-дағы өзіне-өзі қыз­мет көрсету секторларында 16 млн азамат онлайн қызметтер бо­йын­ша кеңес алып, порталды  қолдануға машықтанған. Цифрлық орталықтардағы арнайы ашылған курстарда 800 мыңнан астам адам дәріс алған.

«Әлеуметтік және зейнет­ақы­мен қамсыздандыру саласын­да төлемдердің 44 санаты бойын­ша 15 мемлекеттік қызмет ұсы­натын әлеуметтік блоктың да жүк­те­месі сол кезде еселене түсті.  Бұл ба­­ғыт­та былтыр 1,6 млн қызмет көр­­­се­тілсе, «1411» бай­ланыс ор­­та­­л­ығы арқылы 1,2 млн ақ­парат­­тық тұрғыда кеңес беріл­ген. Кор­­по­рацияның дерегі бойын­ша карантин кезінде тағайын­дал­ған 42 500 теңгеге байланыс­ты 12,3 млн төлем, зейнетақы мен жәрдемақыларға қатысты 6,2 млн төлем қайта есептелген. Сон­дай-ақ проактивті түрде – 162 мың, композитті – 115 мың, «Элек­трондық үкімет» порталы ар­қылы 224 мың төлем таға­йын­дал­ған. Жалпы, бұл саладағы қар­жы ағыны 5 787,3 млрд теңгені құрапты.

Індет кезінде онлайн көр­сеті­­летін қызметтің саны да арт­­қа­нын байқауға болады. Мы­салы, жер қатынастарына байла­ныс­ты қызмет түрлері онлайн ре­жімге ауыстырылған, мем­ле­кеттік қызмет көрсету үрді­сі­не Blockchain технологиясы ен­гі­зілген және бірыңғай мемле­кеттік жылжымайтын мүлік кадастры қанатқақты жобасы аясында жер учаскесі алғаш рет онлайн сатыла бастаған. Сонымен қатар көліктің техникалық пас­порты мен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін үйге жеткізу, жеке менеджер қызметін пайдалану, QR-код арқылы төлем жасау сер­­вис­­тері де жүзеге асқанын атап өткен жөн. Былтырғы қорытынды бойынша Азаматтарға арналған үкімет барлығы 41,7 млн қызмет көрсеткен. Соның ішінде жылжымайтын мүлік саласы бойынша − 2,5 млн, әлеуметтік қамсыздандыру саласында – 1,6 млн,  жер кадастры бойынша – 379 мың қызмет. Карантин жылында азаматтардан келіп түскен аудио-бейнеқоңыраулардың саны 23,9 млн болса, соның 1,2 млн-ы «1411» байланыс орталығына келіп түскен.

Жалпы, цифрландыру – озық технологияны пайдалана отырып озу, халыққа көрсетілетін мем­лекеттік қызметтердегі әкім­шілік кедергілерді азайту. Кезінде халық бір жапырақ қағаз алу үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыратын. Ал қазір бұл саладағы кем­шілік едәуір түзеліп келе­ді. Елдің де артық жүрісі азайды. Мәселен, «Азаматтарға ар­нал­ған үкі­мет» мемлекеттік кор­по­ра­ция­сы төрт мекеменің – «Халыққа қыз­мет көрсету орта­лығы», «Зей­нет­ақы төлеу жөнін­дегі мем­лекет­тік орталық», «Жылжы­май­­тын мүлік орталығы» мен «Жер кадас­тры ғылыми-өндірістік орта­лы­ғының» негізінде құрылды. Демек төрт мекеменің жұмысы бір кор­пора­цияға топтасты деген сөз.

Корпорация құрылған бес жыл­дың ішінде біраз мемлекеттік қыз­мет электронды форматқа көш­ті. Айталық, мемлекеттік қыз­мет­т­ерді көрсету тиімділігін арт­тыру мақсатында бірқатар жо­балар, соның ішінде жылжымай­тын мүлікті техникалық тексеру рәсімдерін жеңілдету, жер учас­ке­лерінің кадастрлық құнын айқын­дау мен көлікке техникалық пас­порт алу уақытын қысқарту, бала туу­ға байланысты төрт бірдей қыз­­метті перзентханада рәсімдеу сияқ­­­ты жобалар енгізілді. Сондай-ақ «Аза­маттарға арналған үкімет» мем­­ле­кеттік корпорациясында елі­міз­дің өсімдіктер әлемін зерттей­тін Бірыңғай гербарий қоры құрылды.

Цифрландырудың ел дамуын­да пайдасы көп. Сондықтан азамат­тардың өздері де бұрынғы болмыстан арылып, мемлекеттік қыз­меттерді онлайн алуға дағды­лануы керек. Мемлекеттік қыз­мет­терді электронды форматқа көшіру ба­ғы­тында Азаматқа арналған үкі­меттің де өз жоспары бар.

«Күн тәртібінде тұрған мәсе­лелер көп. Атап айтқанда, бір­қатар әлеуметтік қызметті оңтай­лан­дырып, ондағы қызметті авто­матты жүйеге ауыстыру, ХҚО-дағы сервис сапасын көтеріп, қыз­мет көрсетудің жаңа форматын енгізу, жұртшылықтың арыз-ша­ғымына дер кезінде көңіл аударып, дереу шешім қабылдау сынды мәселелерді шешуді қарастырып отырмыз», дейді Ә.Қожықов. Ол сондай-ақ сараптама жасай алатын Support-қызметін іске қосу, мамандандырылған ХҚО-ларды трансформациялау, бәсекеге қабі­летті кадрлық резервті жасақтау тәрізді жұмыстар да көп ұзамай іске қосылатынын жеткізді.