Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барысы» әдетте тұрақты біріншіліктің маусымаралық үзілісінде келісімшарты өз мәресіне жеткен үш-төрт хоккейшімен қоштасып, олардың орнын жаңа ойыншылармен толықтыратын. Бұл жылда қайталанатын үрдіс болғандықтан, хоккей жанкүйерлері үшін үйреншікті жағдай еді.
Алайда ҚХЛ-дің алдағы маусымында «Барыстың» осы жылғы құрамы түгелімен өзгерудің сәл-ақ алдында тұр. Өйткені осы айдың соңында, нақтылап айтар болсақ, 30 сәуірде қазақстандық команда сапында ойнайтын 23 хоккейші мен клуб тізгінін былтыр ғана ұстаған бас бапкер Юрий Михайлистің келісімшарты аяқталады. Әзірге клуб басшылығы ешбір ойыншымен келісімшартын ұзартуға асығар емес.
1 мамырдан бастап келісімшарты аяқталған «Барыстың» мына хоккейшілері клубтан кетуі мүмкін. Олар: қақпашылар – Хенрик Карлссон, Йони Ортио, Сергей Кудрявцев. Қорғаушылар – Джесси Блэкер, Самат Данияр, Алекс Линтуниеми, Алексей Маклюков, Валерий Орехов, Диллон Хетерингтон, Виктор Сведберг. Шабуылшылар – Павел Акользин, Фил Вароне, Линус Виделль, Кёртис Волк, Дмитрий Гурков, Якоб Лилья, Максим Мусоров, Кирилл Панюков, Захар Пархоменко, Егор Петухов, Мэттью Фрэттин, Дмитрий Шевченко және Әлихан Әсетов.
Жалпы «Барыс» клубында өнер көрсететін хоккейшілердің дені Қазақстан ұлттық құрамасында ойнайтыны баршаға белгілі. Сондықтан келісімшарты аяқталған қазақстандық ойыншылардың клубта қалу-қалмауы үлкен мәселе болады деп ойлаймыз. Оның үстіне, Самат Данияр, Максим Мусоров сияқты бірқатар ойыншы команданың тәрбиеленушісі саналғандықтан, клуб басшылығы оларды өзге командаларға жібере қоймас. Ал команданың жарты бюджетіне иелік ететін легионерлердің кету-кетпеуі клубтың қаржылық жағдайына байланысты. Бұған қоса былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпқой спорт клубтарының бюджетін екі есеге қысқартуға тапсырма берген болатын.
Қазірдің өзінде командада үш жылдан бері ойнап келе жатқан Канадада туып-өсіп, бүгінде Қазақстан азаматтығын алған қорғаушы Джесси Блэкер мен орталық шабуылшы Кёртис Волкке ҚХЛ командаларының бірі қызығушылық танытып отырғанын қазақстандық және ресейлік БАҚ өкілдері жазып жатыр. Дегенмен хоккей мамандары бұл екі хоккейшінің агенттері жасап отырған құйтырқы әрекет деп есептейді. Өйткені ұжымға көп көмегі тиетін екі ойыншының «Барыспен» келісімшарты аяқталатындықтан жаңа келісім бойынша олар айлық жалақыларын көбейтіп алуды мақсат ететіндіктерін айтады.
Өткен маусымда 50 ойын өткізген Блэкер төрт шайба соғып, әріптестерінің жеті голына ассистенттік жасаған. Ал жалпы үш маусымда 40-тан аса ұпай жинаған ол осы маусымда соңғы үш маңызды ойынның шешуші голын соғып, командасына жеңіс сыйлаған. Волк та дәл солай. 62 ойында мұзайдынға шыққан шабуылшы 10 шайба соғып, әріптестеріне 21 мәрте нәтижелі пас шығарған.
Блэкер мен Волктан бөлек, тағы қандай легионерлердің келесі маусымда «Барысқа» көмегі тиюі мүмкін? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін ойыншылардың былтырғы маусымдағы статистикалық деректеріне көз жүгіртсеңіз жеткілікті. Мәселен, шабуылшы Линус Виделль 65 ойында қарсыластардың қақпасын 10 мәрте көздесе, 31 рет дәл пас асырған. Ал тағы бір шабуылшы Якоб Лилья бүкіл маусым бойы 36 (21+15) ұпай жинаған. «Барысқа» қайта оралған канадалық Мэттью Фрэттиннің еншісінде 30 (12+18), Филип Варонеде 27 (10+17) ұпай бар. Міне, бұл – легионер шабуылшылардың өткен маусымдағы нәтижелері.
Ал ойыны жанкүйерлердің де, бапкерлер құрамының да көңілінен шықпаған қорғаушылар, атап айтқанда, жарақатына байланысты 28 ойынға ғана қатысқан Виктор Сведберг (3+5, 8 ұпай) және маусым ортасында елордалық клубтың қатарына қосылған Диллон Хетерингтон (2+5, 7 ұпай) мен Алекс Линтуниеми (0+4) клубтан кетуі мүмкін.
Бас бапкер Юрий Михайлистің клубта қалу-қалмау мәселесі алдағы мамыр айында Латвияның бас шаһары – Ригада өтетін әлем чемпионатындағы Қазақстан ұлттық құрамасының нәтижесіне байланысты болмақ. Егер шәкірттері жоғары топта қалып жатса, Михайлис «Барыстағы» жұмысын одан әрі жалғастыра беруі ғажап емес. Ал төменгі топқа түсіп қалса, клубта қалмайтыны анық.