• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 16 Сәуір, 2021

Astana IT university: Білім сапасынан цифрлы трансформацияға

2034 рет
көрсетілді

XXI ғасыр адам мен қоғам іс-әрекетінің жаңа, сапалы жағдайына көшумен сипатталады. Адамзат өз дамуының жаңа дәуіріне – ақпараттық кезеңге аяқ басты. Үстіміздегі заманауи постиндустриалдық кезеңнің ерекшелігі – дамыған нарықтық экономика, ашық демократиялық қоғам, цифрлы сервистердің, жасанды интеллект технологияларының, «цифрлы сыңарлардың» және смарт-жүйелердің кең қолданысқа енуі.

Осындай қоғам мен экономиканың мүддесі үшін инновацияларды жасауға бағытталған іргелі және практикалық білімдер, құзыреттіліктердің симбио­зы алдыңғы орынға шығып отырған жағдайда қазіргі жоғары білім берудің жандануы іс-әрекеттің негізгі түрлері және мамандардың біліктілігі мен құзы­реттілігіне қойылатын талаптар өзге­ретін индустриалдық экономикадан постиндустриялық дамуға өту; білім беру саласының, оның ұйымдастыру форматтары мен қолданылатын педагогикалық технологияларды түпкілікті өзгеріске әкелетін цифрлы білімге көшу, сол ар­қылы оның уақытқа, тұрғылықты орынға тәуелсіз жылдам тарауына әке­летін жаһандық процестермен анық­талатындығы кездейсоқ емес.

2019 жылғы 12 сәуірде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында және еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен ЭКСПО-2017 аумағында IT саласында білік­тілігі жоғары деңгейдегі мамандар даярлауға бағытталған Astana IT University ашылған болатын. Университетке аз уақытта көшбасшылық пен жаһандық нарықта отандық цифрлы шешімдердің экспортын қолдай отырып, Қазақстанның цифрлы трансформациясының драйвері және флагманы болуы тиіс деген күрделі міндет қойылды.

Алғашқы күннен бастап-ақ AITU (университет бүгінде нақ осы атпен көпшілікке мәлім болып отыр) жұ­мыс берушілердің біліктілігі жоғары мамандарға сұранысын қанағаттандыру мақсатында шетелдік академиялық серіктестерімен және IT компаниялар­мен бірлесіп жасалған бірегей білім бағдарламаларын іске асыруға бағыт алды. Бүгінде мұнда еліміздің IT нары­ғында сұранысқа ие бағдарламалық инженерия, компьютерлік ғылымдар, киберқауіпсіздік, телекоммуникациялық жүйелер, үлкен мәліметтерді талдау, медиатехнологиялар, цифрлы журналистика және IT-менеджмент бағыттары бо­йынша ағылшын тілінде үш жыл мер­зім­де мамандар даярланады.

Astana IT University құрылғаннан бастап екі жылдың ішінде үлкен жетіс­тіктерге қол жеткізді деп айтуға негіз бар. Еуропалық тұрғылар негізінде ака­демиялық саясат, ішкі сапаны қам­тамасыз ету жүйесі, тәуекелдерді бас­қару саясаты мен формалды және фор­малды емес оқыту нәтижелерін тану (кредиттерді есепке алу) жүйесі құрылып, жұмыс істеуде. Нәтижесінде ЖОО институттық аккредиттеуден сәтті өтті, сол сияқты барлық білім бағ­­дар­ла­ма­лары 5 жылдық маман­дан­дырылған аккредиттеуге ие.

Алаштың көрнекті қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ, кез келген оқу орнының «жүрегі» – мұға­лім. Адами капиталды тартуға ба­ғыт­­талған тиімді кадрлық және әлеу­меттік саясат негізінде университет­ке еліміздің барлық түкпірінен саланың ең мықты мамандары тартылды. Шетелден Хирш индексі жоғары деңгейдегі IT бағытындағы әлеуетті ғалымдар, топ-менеджерлер шақырылып, жұмыс іс­теу­де. Студенттерге «Болашақ» бағдар­ламасымен оқып келген University of Southern California, Boston University, The University of Chicago (АҚШ), University College London, Imperial College London, Robert Gordon University, University of Bristol, The University of Sheffield (Ұлы­британия), Гумбольт университеті (Бер­лин, Германия) тәрізді әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарының тү­лектері сабақ береді. Оқытушылық-про­фессорлық құрамның әлеуетін екі жыл қатарынан «ЖОО үздік оқытушысы» дәрежесін иеленуінен-ақ байқауға болады.

Университетте 1900-ден астам дарынды студенттер білім алуда. Айта кетерлігі, олардың 50%-ға жуығы НЗМ, БИЛ, «Дарын», т.б. инновациялық мек­тептердің түлектері. Студенттер қазір­дің өзінде AITU Project Challenge жобасы арқылы шағын және орта бизнес, мемлекеттік және басқа да құрылымдарда өздерінің IT-шешімдерін енгізумен айналысады. Бұл жоба нақты кейстерді шешу арқылы студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған.

Университет талантты жастарды тарту үшін жыл сайын бағдарламалау, математика, ағылшын тілінен олимпиа­далар, сол сияқты ЖОО студенттері арасында ақпараттық қауіпсіздік бойынша турнир өткізеді. Жеңімпаздар оқу гранттарын жеңіп алады. Мысалы, «AITU iCode» республикалық олимпиадасына 3 мыңнан астам оқушы қатысты, бұл жерде бағдарламалаумен айналысам деушілерге оның дағдыларын дамыту бойынша тегін курстар ұсынылды. «AITU iCode» шешуші кезеңінің (1-2 мамырда өтеді) жеңімпаздары ACM ICPC спорттық бағдарламалау бойынша университеттің құрамасына тартылады деп күтілуде.

AITU-дың келесі міндеті – бі­лім алушылардың технологиялық кә­сіп­кер­лі­гі мен StartUp бастамаларын дамыту арқылы өзінің зияткерлік өнімдері арқылы табыс табуға мүмкіндік беретін инновацияларды жасау және ілгерілету жүйесін жасау. Университеттің ЭКСПО аумағында Astana IT Hub эко-жүйесіне кіретінін ескере отырып, «AITU Talks» жобасы жасалды, бұл алаңда табысты АТ StartUp жобалардың негізін қалаушылар AITU студенттерімен өзде­рі­нің тәжірибесімен және тиімділік құ­пия­сымен бөліседі. Өздерінің идеяларын да­мытуға және кәсіп ашуға дайын студенттер «Атамекен» ҰКП және Astana IT Hub бизнес-инкубация және акселерация бағдарламаларын өтуге, әрі қарай әлемдік венчурлық қорлардың конкурстарына қатысуға мүмкіндіктері бар.

Университетте білім алушылардың практикалық құзыреттіліктерін дамыту үшін Huawei, Cisco, Kaspersky, Microsoft, Apple, Oracle, 1C, т.б. ірі халықаралық IT вендорлар тартылды. Бұл компаниялар университет базасында өз технология­­­лары бойынша оқыту және сертификаттаумен айналысатын зертханаларын ашты. Бұл студенттерге халықаралық АКТ нарығында сертификатталған маман болуына және шетелдік компанияларға жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Коркем Теле­ком» ЖШС, «Ұлттық ақпараттық техноло­гиялар» АҚ, «Astana Innovations» ЖШС, «Epam Kazakhstan» ЖШС жә­не басқа да еліміздің ІТ және коммуникациялар нарығының негізгі компаниялары­мен тығыз серіктестікке білім бағдар­ламаларын үнемі жетілдіруге және дер кезінде нарық сұранысына бағыттауға мүмкіндік береді. Бүгінде сту­дент­терге IBM, Booking.com, Google, Kolesa, KazDream және басқа да IT ком­паниялардың қызметкерлері сабақ береді.

Университет ғылыми зерттеулер ба­ғытында жұмыстарды белсенді жүргізуге және студенттерді даярлауда Research Oriented Study (ROS) қолдануға кірісті. Мәселен, оқу барысында студенттер пәндер арқылы зерттеудің заманауи әдістерін меңгереді және ерте курстардан бастап ғылыми жұмысқа тартылады. Бұл жерде біздің оқытушылар есеп қою, болжам жасау, әдістерді таңдау және нәтижелерді талдаудың барлық кезеңде менторлық жасайды, бұл студенттердің мамандық бойынша жұмыс істеуі барысында немесе магистратурада оқуын жалғастыруда бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі.

AITU-да SMART CITY, EdTech, Data Analysis Development Center, INDUSTRY 4.0, AgroTech ғылыми-инновациялық орталықтары және FabLab зертханасы ашылған. Оның мақсаты – шетелдік серіктестермен бірге Нұр-Сұлтан қаласы, білім беру және экономиканы дамыту бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу.

Бүгінде Astana IT University базасында «Scientific Journal of Astana IT University» халықаралық ғылыми журналы шығарылады. Журналда түрлі ел­дердің ғалымдарының мақалалары басы­лады және ЖОО ғылыми қауым­дастығына халықаралық деңгейде тиімді ынтымақтастық құруға мүмкіндік береді. Журналды Scopus, Web of Science мәліметтер базаларына енгізу жоспарланған.

Университет ғылыми және ғылыми-техникалық іс-әрекет конкурстарына белсенді қатысады. Соның нәтижесінде БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қар­жыландыруы негізінде жалпы сомасы 150 млн теңгеден асатын, 2021-2023 жылдарға арналған үш ғылыми жоба іске асырылуда. Бұлар ЖОО ғылыми әлеуетін бағалаудың инновациялық технологиясы, коммуникативті емес симметриялық кеңістіктер және қалпына келтірілетін энергетика бойынша энегрожүйені моделдеу сияқты көкейкесті мәселелерді шешуге бағытталған. Сол сияқты жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында ғылыми жобаларды іске асыру үшін университетішілік гранттар бөлінді. Бұл гранттар негізінде жас ғалымдар Нұр-Сұлтан қаласы ауасының ластануын талдау және мониторинг жасау жүйесін, қаланың аймақтары бойынша жылу энергиясын пайдалануды талдау үшін машиналық оқыту және моделдеу әдістерін, глаукоманы зерттеу үшін арнайы модель, виртуалды университет жобасын жасауда. Нәтижесінде, кейінгі екі жылда AITU оқытушылары Scopus және Web of Science мәліметтер базасының Q1-Q2 квартиліне кіретін журналдарында мақалаларын жариялады.

Қазақстандық ғылымды ілгерілету және алдыңғы қатарлы тәжірибелермен бөлісу мақсатында 2021 жылдың 28-30 сәуірінде университетте IEEE қа­уым­дастығының қолдауымен «2021 IEEE Smart Information Systems and Technologies» халықаралық ғылыми-прак­тикалық конференциясы өтеді, оған 17 жақын және алыс шетелдің ға­лым­дары, IT саласының мамандары қа­тысады.

Бүгінде Astana IT University АҚШ, Қытай және Еуропаның жоғары оқу орындарымен серіктестік шарттар жасасты. Бұл студенттерімізге академиялық ұтқырлық аясында білім алуға, университетке оқыту әдістерін жақсартуға және оқытушылармен алмасуға мүмкіндік береді.

Astana IT University өзінің IT платформасын дамытуда және Digital University жобасы арқылы «цифрлы іздің» пре­диктивті талдамасы құралдарын дамытып жатыр. Сонымен қатар таңдалған IT бағыты бойынша «өмір бойы білім алу» (Life Long Learning) құзыретін қалыптастыруға бағытталған оқытудың жаңа цифрлы сервистерін енгізу үстінде.

Биыл ЖОО-да мәліметтерді талдау, цифрлы трансформация, есептеу ғылымдары және смарт-технологиялар бағыттарында жаңа магистратура, МВА және докторантура бағдарламалары ашылмақ.

Astana IT University оқу орындарының жетістіктерін әлемдік білім беру кеңіс­тігіне енгізуге бағытталған отандық ЖОО ғылым мен білімде академиялық үстем­дікті дамыту бойынша консорциумының (альянсының) мүшесі. Отандық ЖОО жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арт­тырудың жалғыз тиімді жолы – ресурс­тар­ды біріктіру болғандықтан, мұндай серіктестіктер ықпалы жоғары болады.

Көрініп тұрғандай, ашылғаннан бас­тап Astana IT University жоспарлы түрде стратегиялық мақсаттарын іске асыруда және қазақстандық қоғамның цифрлы трансформациясының әлеуетін одан әрі дамытуға дайын.

 

Дархан Ахмед-Заки,

Astana IT University ректоры