• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Сәуір, 2021

Ел болып жұмылмасақ, еңсеруіміз екіталай міндет

234 рет
көрсетілді

Президент Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөз болды. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы қатысты.

 

Ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы аясында қоғамымызда көтеріліп жүрген тарихтың ақтаңдақ тұстарын толық ай­қын­дап, жазықсыз қуғын-сүргін­ге ұшы­раған азаматтардың бар­лы­ғын ақтауды мемлекет алдын­да тұрған үлкен міндет ретін­­де қарастыруға болатынын алға тарт­қан Ералы Тоғжа­нов Мем­лекеттік комис­сия қыз­ме­ті­не тоқталып, міндеттерін атап өтті.

– Мемлекеттік комиссия елімізге бел­гілі тарихшы ға­лымдардың, қоғам қай­раткер­лерінің, Парламент депутат­тары­ның және мемлекеттік органдардың өкіл­дерінен, бар­лы­ғы 49 адамнан тұрады. Мем­лекеттік комиссияның алдында бірне­ше нақты міндет бар. Біріншіден, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатыс­ты тарихи әділдікті қалпына келтіру мәсе­лелері. Екіншіден, жазықсыз саяси қу­ғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау про­цесін ғылыми зерделеу. Соны­мен қатар жабық мұрағаттарда­ғы қуғын-сүргін жөніндегі ма­териалдардың зерттеушілерге қолжетімді болуын қамта­масыз ету де – алдымызда тұрған үлкен мәселенің бірі. Мұнан бөлек, елі­міздің тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткен сая­си қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалды­ру бойынша да ұсыныстар әзірлеу сияқты маңызды міндет те жүктеліп отыр. Ко­миссияға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жетекшілік етеді. Жарлыққа сәйкес комиссияның жұмыс органы ре­тінде Білім және ғылым министрлігі бекі­тілген, – деді Үкімет басшысының орын­басары.

«Қазақстанда ХХ ғасырдың 20-50-жыл­дарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін және ақтау процесі» бірыңғай деректер базасын қалыптастыру тақырыбында арнайы ғылыми бағдарлама әзірленгені белгілі болды.

– Бағдарлама дайын. Қар­жыландыру мәселесі толықтай шешілді. Комиссия мүшелері және зерттеушілердің бәрі осы ғылыми бағдарлама негізінде әрі қарай жұмыс істейді. Бағдарламаны келесі аптада Жоғары ғылыми-техни­ка­лық кеңестің отырысында қарас­ты­ратын боламыз», деді Е.Тоғжанов.

Оның айтуынша, Мемле­кеттік ко­мис­сияның жұмыс бағыт­тары бойынша 11 жұмыс тобы құрылған. Бұл топтардың жұ­мысына еліміздегі жетекші ғы­лыми-зерттеу институттарының, ЖОО-лардың 57 ғылыми қыз­меткері жұмылдырылған. Сон­дай-ақ саяси қуғын-сүргін мәсе­лелері бойынша архив мате­риалдарының арнаулы қоры құрылған. Барлық материал қуғын-сүргін түрлері және қуғын-сүргінге ұшырағандардың санаты бо­йынша жіктелген. Шағын комиссия­лардың жетекшілері Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктерінің қызмет­керлерімен бірге өңірлік комиссиялардың қызметіне бақылау жасау үшін аймақтарға көшпелі инспекциямен шығып тұратыны айтылды.

Ералы Тоғжанов ашаршылық құр­бандарының тізімін жасау жұмыстарына қатысты да түсінік берді.

– Толық тізім жасауда күр­делі мәсе­лелер де баршылық. Еліміздегі азаматтарды құжат­тандыру 1935-1936 жылдарда ғана басталғанын ескеруіміз керек. Бұл тұрғыда деректерді толық­тай қамту оңай емес. Атап айтқанда, ғалымдардың арасын­да да деректер әртүрлі. Сондық­тан олардың барлығын комис­сия өз жұмысы барысында нақты­лайды деген сенімдеміз, – деді Үкі­мет басшысының орынбасары.

Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетов саяси қу­ғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау бағытында жұмыс істейтін ғалымдар бекітілгенін жеткізді.

– Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы ретінде біздің алды­мызда тұрған ең бас­ты мәсе­ленің бірі – ғылыми әлеуе­­тімізді, ғалымдарымызды жұмыс­­қа тарту. Осы мақсатқа акаде­миктер, ғылыми зерттеу инсти­туттарының жетек­ші ғалым­дары, еліміздің өңір­лерінде орналасқан жоғары оқу орын­дарының қызметкерлері жұмыл­дырылып отыр, – деді министр. – Ғалымдар үшін тиіс­ті жағ­дай жасап жатырмыз. Университеттерде істейтін ға­лымдарды басқа жұмыстан босатылып, тек қана белгіленген міндеттерге кірісіп отыр. Аймақ­тарда да жұмыс топтары, комиссиялар құрылды.

Министр зерттеу жұмыстары ғылыми негізде архивтерге сүйе­не отырып орын­да­латын­дық­тан, тиісті рұқсатнама алын­ға­нын атап өтті. Бұл ғалымдарға бар­лық архивте жұмыс істеуге мүм­кіндік береді.

Жиын барысында мәжілісмен Берік Әбдіғалиұлы бүгінгі күні негізгі жұмыс архивтерде, жабық қорларда жүргізілетінін, бірақ Мемлекеттік комиссияның рұқ­сат қағазы болғанымен, архив­тердегі жұмыста кедергілер көп екенін, осыны шешу үшін құжат­тарды құпиясыздандыру керек­тігін баса айтты.

– Бүгінгі таңда кейбір құ­жат­­тар Ресей, Украина және бас­қа да мемлекеттерде интернетте, кітаптарда шығып жатыр. Ал бізде әлі де болса құпия. Бас про­кура­тура, Жоғар­ғы Сот, ІІМ, Ұлттық қауіп­сіздік комите­тімен және архив мамандары­мен бірлесіп, арнайы комис­сия ұйымдастырылып, құжаттарды кезең-кезеңмен құпиясыздандыру қолға алынады. Бұл ғалымдар үшін ғана емес, өз бабаларын іздеп жүрген азаматтарға да жеңіл болуы керек. Мемлекеттік комиссияның  шешімімен арнайы комиссия құрылды. Оған тиісті өкілетті органдардың мүшелері енді. Жұмыс жоспары әзірленеді, – деді Берік Әбдіғалиұлы. Оның айтуынша, өңірлерде де тиісті жұмыстар жүргізілуде. Облыстар мен Алматы қаласының архив­теріндегі жабық қорлар біртіндеп ашылып жатыр.

­Берік Әбдіғалиұлы Мемле­кеттік комиссия жұмысымен қатар, халық та өз ұсыныстары мен естеліктерін жеткізіп, көмек көрсетуі керек екенін айтты.

– Мамандар толық тізім жасау мүмкін еместігін алға тартып отыр. Сондықтан әркім өз шежіресінде өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы деректерді қамтуы керек. Бүкіл қазақ ел болып жасамасақ, оны жалғыз Мемлекеттік комиссия шеше алмайды. Мысалы, Украинаның өзінде үй-үйді аралау жүргізілді, олар құжаттарды біршама ретке келтірді. Бұған баршамыз бірдей атсалыспасақ, ұлттық жоба ретінде үлес қоспасақ, олардың тізімін жасау мүмкін болмайды. Сондықтан әр азамат өзінің шежіресін қарап, түгендеп шықса, ол да бір үлкен нәтиже болар еді, – деді Мәжіліс депутаты.