Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы кезекті тур ойынын Нұр-Сұлтанда өткізіп, Израиль құрамасын ірі есеппен жеңді.
Елордадағы «Сайран Арена» спорт кешенінде өткен матч 4:1 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді. Тартысты өткен кездесудің есебін 16-минутта Тайнан ашты. Әрі қарай Нұрбек Қарағұловтың тепкен добынан кейін қарсылас команданың ойыншысы Эвиатар Барухян өз қақпасына гол соғып алды. Үзіліске дейін Қазақстан құрамасының ойыншысы Жомарт Тоқаев үшінші голды соқты. Екінші таймда Тайнан дубльдің авторы атанып, таблодағы көрсеткішті 4:0-ге жеткізді. Кездесу соңына қарай Израиль құрамасының ойыншысы Тамир Школьник есеп айырмасын қысқартты.
Айта кетейік, біздің жігіттер өткен турда сырт алаңда Мажарстан құрамасын 6:1 есебімен жеңіп, мерзімінен бұрын Еуропа чемпионатына жолдама алып қойған еді.