Биыл өңір көктемгі су тасқынына қапысыз қамданды. 353,5 мың тонна инертті материал, 93,9 мың қап әзірленді. Су жолдары – жылғалар мен арықтар мүмкіндігінше мұқият тазартылды. Бұл жұмысқа мыңнан астам техника жұмылдырылды. Облыстық бюджеттен 643,4 млн теңге бөлінді.
Көктемгі су тасқынынан қауіптенетін аймақтың бірі – Целиноград ауданы. Бұрнағы жылдары талай мәрте су басып, жүздеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды, аудан ішіндегі жолдарды шайып кеткен болатын. Биыл қар көп жауғанымен, күндіз еріп, түнде қатып, ылғал ұшып кетті. Бәлкім сол себепті болар, әдеттегідей алапат су тасқыны бола қойған жоқ. Әйтсе де, әлеуметтік желілерде Қоянды, Қосшы, Қараөткел тәрізді елді мекен тұрғындарының өкпе-назы айтылып жатты.
Орын алып отырған ахуалмен танысудың сәті түсті. Ауданда қызыл судың қасіретін болдырмау бағытында жұмыс жүріп жатыр екен. Қоянды ауылынан 817 213 текше метр су шығарылған. Қазір ауыл ішінің кей жері кәдімгідей құрғапты. Тек ойпаң, еңісте ғана су бар. Пәлендей қорқынышты да емес. Бұл ауылда еріген қар суының жолын бөгеуге қажетті құм салынған 600 қап дайындалыпты. Төтенше жағдайлар қызметінің 50 адамы, жергілікті атқарушы органдардың 20-ға жуық қызметкері жұмыс істеп жатыр. Ойпаң жерлердегі суды қауіпсіз жерге насос арқылы қуалап жеткізуге 23 техника жұмылдырылған.
Қар суы күрт еріген кезде 5 үйді басып қалыпты. Жеті адам ет жақын туыстарының үйін паналаған. Аудандық штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Көнекөз қариялармен тілдескен кезімізде қар суының неліктен қауіп төндіретіндігін пайымдадық. Елді мекен ойлы-қырлы, ылдиы мен еңісі мол жерге орналасқан. Ең басты себеп, әуелгі табиғи су жолдары үстіне тұрғын үй, қора-қопсы салынғандықтан жабылып қалған. Жоғары жақтан лықылдап келген қар суының әйтеуір бір жерден өтуі керек қой. Жолы жабылған соң жылға қуалап ағып жатыр. Тұрғын үйлерді салған кезде табиғи су жолын бекітіп жаппау керек еді. Бұрынғы табиғи үйлесім бұзылған соң таудай мәселе тудырып тұр.
Әр жыл сайын көктемгі су тасқыны бейнетін белден кешіп келе жатқан елді мекеннің бірі – Қосшы ауылы. Бұл ауылдан күні бұрын қасат қар шығарылып, көктемгі сынаққа қамданған. Еріген суды да қуатты техникалардың көмегімен ауыл сыртына насос арқылы аударып, жанталаса жұмыс істеп жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен адамдар қызыл сумен алысуда. Жұмысқа 10 техника қатыстырылуда.
– Қар суы елді мекеннің шетіндегі екі-үш үйге дейін жетті. Судың еркін ағып кетуіне бөгет кедергі болды. Бөгетті сынамалап, сәл аршып жол ашқан соң қызыл су қауіпсіз аймаққа ағып кетті, – дейді Қосшы ауылдық округінің әкімі Ерлан Жолымбетов, – бұл үйлер еңістеу жерге орналасқан. Ал қыраттау жерге орналасқан үйлердің маңына су барған жоқ.
Округ әкімінің айтуына қарағанда, Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі елді мекендерді дамыту бағдарламасына сәйкес көшелер жөнделіп, суағарлар салынбақ. Айталық, Қосшы ауылының 1,5 шақырым жолын жөндеу жобасы жүзеге асырылмақ. Жол жөнделген уақытта көктемгі су тасқынының алдын алатын суағарлар да салынатын болады. Елді мекеннің 84 көшесіндегі жалпы көлемі 59,4 шақырымды құрайтын жол күрделі жөндеуден өткізіледі. Жоба құны – 8 399 млн теңге. Ағымдағы жылға облыстық бюджеттен 40 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Баянсұлу, Қозы Көрпеш, Шырақ, Тоғанас батыр, Әуезов көшелеріне жолдың негізі ретіндегі қиыршық тас төселеді. Мердігер ретінде «АБК Автодор» серіктестігі белгіленген. Абылайхан көшесінің жобалау-сметалық құжаттары дайын. Қазір конкурс өткізілуде.
Осы жұмыстар толық аяқталса, елді мекен тұрғындары тарапынан түсетін арыз-шағым да азаюы мүмкін. Биылғы қар суынан келген кеселге айтылып жатқан өкпе-реніш те бар.
– Сәуірдің 8-і күні су жиналып, табалдырыққа дейін келді, – дейді ауыл тұрғыны Рәкеш Сейдахметов, – техниканы таңертең шақырып едік, кешке бір-ақ табылды. Егер осы бөгеттің астына ауқымы кең үш тұрба тастаса, бар мәселе шешілер еді. Сол тұрба арқылы жиналған қар суы еркін ағып кетеді ғой. Сонда жыл сайын өкпе-наз да туындамас еді.
Дәл осындай көріністі Талапкер ауылынан да байқауға болады. Мұнда да еңіс қуалай, жырақалар мен жол жиегін жағалай айтарлықтай көп болмаса да, қызыл су ағып жатыр. Бір тәулік ішінде 21 870 текше метр су шығарылыпты. Төтенше жағдайлар қызметінің 17 жергілікті атқарушы органдардың 20 адамы қар суын ауыл ішінен 13 техника арқылы тазалауда.
Қараөткел ауылына да қар күрт еріген уақытта ішінара қауіп төнген. Елді мекеннен біз болған күні 21 870 текше метр шамасында су ағызылды. Қыраттау жерлер кеуіп үлгеріпті. Су тек ойпаңда ғана бар. Бұл өңірде биылғы қар суынан көбірек зардап шеккен елді мекеннің бірі – Қаражар ауылы. Елді мекеннен 406 550 текше метр су шығарылған. Оның алдында мүмкіндігінше ауыл іргесіндегі, көшелеріндегі қар тазаланған. Бұл жерде де төтенше жағдайлар қызметінің 9 адамы су жолын, арықтар мен жыраларды аршып жатыр.
Көзбен көріп, көңілге түйгенімізді байыптасақ, дәл қазір қар суынан келер қауіп жоқ. Әйтсе де Нұра өзені әлі ерімепті. Енді ел сәуірдің соңы мен мамырдың басында жылдағыдай өзен таситын қауіптен сескеніп отыр.
Ақмола облысы