• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Сәуір, 2021

Қайдан келесің? Соттан келемін...

698 рет
көрсетілді

Қазақстанда соттар күніне 800-ден астам қылмыстық, 2 мыңға жуық әкімшілік іс қарайды екен. Ал азаматтық істер бойынша судьялардың тәулігіне шығаратын шешімі 3,5 мыңнан асып жығылады. Қазіргі таңда жалпы сот ісін жүргізудің 70 пайыздан астамы азаматтық дау-дамайға қатысты.

Ажырасу «құны» – 720 теңге

Жыл сайын 4 миллионға жуық адам соттың табалдырығын тоздырып жүр. Бұл дегеніңіз 19 миллионға жетер-жетпес халқы бар елімізде әрбір үшінші адам соттасып жүр деген сөз. Бейімбет Майлиннің осыдан бір ғасыр бұрын жазған «Қайдан келесің? Соттан келемін. Соттан емес-ау, оттан келемін» дейтін өлең жолдары нақ бүгінгі күн- нің бейнесін беріп тұрғандай...

Елімізде адам құқығы заңмен қор­ға­лады. Бұл қағидат басты құ­жат – Консти­туцияда да «Қазақ­станның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқық­тары мен бостандықтары» деп соқырға таяқ ұстатқандай анық жазылған. Тиісінше, құқығыңыз тапталып, құндылығыңызға қол сұғылса, заңға жүгініп, жазықтыны жа­уап­қа тарта аласыз. Алайда бұл басың­нан сөз асырмай, бақай есеп­пен соттаса беру дегенді білдір­месе керек. Өйткені, заңқой, арызқой дегеннің өзі жақ­сы атақ емес, арызқойлық та абы­рой әкеле бермейді.

Нақты мәліметтерге сүйенсек, осыдан бес жыл бұрын, яғни 2016 жылы соттардың қараған істері мен материалдарының саны 1,7 миллион болса, 2017 жы­лы бұл сан – 2,7, ал 2018-де 4,5 миллионға дейін өскен. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов өткен жылы «Салмақтың бәрі бірінші сатыдағы судьялардың мойнына түседі. Егер ешқандай шара қабылдамасақ, биыл соттар қарайтын істер саны 9 мил­лионға жетуі мүмкін» деп дабыл қаққан еді. Алайда пандемия мен карантиндік режім бұл ста­тис­тиканың тұрақтап қалуына бір­шама ықпал етті.

Соттасу неге көбейіп кетті? Бол­машы нәрсеге бола бір-бірін сотқа сүйреу үйреншікті әдет болып кеткен жоқ па? Әділдіктің орнауын сыл­­тауратып, бір-бірінен өш алып жүр­гендер құқық қорғау органдарын қолжаулыққа айналдырып алды ма? «Сот үкімі» деген сөздің құны неге түсіп кетті? Бүгінде сот істеріне көміліп отырған құзырлы орган­­дар­дың ғана емес, соттасудан шар­шаған талай жұрттың аузында жүрген осы сұрақтарды бірнеше заңгерге, оның ішінде, судья, адвокат пен ІІМ өкілдеріне қой­ған едік.

Ұсақ-түйек үшін де соттасатындар туралы сөз қозғалғанда заңгерлердің алға тартатын ортақ бір уәжі бар. Ол – соттасу құнының арзандығы. Яғни бізде мемлекеттік баж салығы осыдан 25 жыл бұрын белгіленіп, содан бері мүлде өзгермеген. Ал дамыған елдерде соттасу – өте қымбат әрі ұзаққа созылатын процесс.

Көп шығынды талап ететіндіктен бұл сан тіпті Әзербайжан мен Тәжікстанда да айтарлықтай аз. Мәселен, Қазақстанда көршімен сот­тассаңыз бар-жоғы 1200 теңге төлейсіз. Ал ажырасу «құны» небәрі 720 теңге. Жыл сайын миллиондаған адам­ның соттасып, әрбір төртінші отбасының ажырасу мен алимент төлеу мәселесімен жүргенін ескерсек, бұл бағаның тым «күлкілі» екені айтпаса да түсінікті. Беларусь мемлекетінде, мәселен, ажырасу теңгеге шаққанда 13 мыңнан асып жығылады, ал Украина­да бұл баға 20 мың теңгеге жуықтайды. Ең көп қаралатын азамат­тық даулардың мемлекеттік баж са­лығы 5 мың теңгеден аспайды. Мем­лекеттік органдардың және лауазымды адамдардың жеке тұл­ғалардың құ­қық­тарына қысым жасайтын заң­сыз іс-әрекеттеріне төленетін құн тіпті мың теңгеге де жетпейді. Елімізде жүз мың­даған іс коммуналдық қарыздар бойын­­ша жүргізіледі. Ал мұндай істер­дің мемлекеттік баж салығы 100 теңгеден де аз.

Соттасудың «сәнге» айналып бара жатқанын мемлекеттік баж салығының төмендігімен түсіндіретін заңгерлер «көпшілік жұрт татуласудың, бір келісімге келудің орнына, бір-бірін сотқа сүйреуге әуес» деген қынжы­лыс­тарын жеткізді. Мәселені медиация­мен шешуден гөрі тікелей сотқа барғанды жөн көретіндердің кей­бірі – бол­машы нәрсеге бола босқа дауры­ғып жүргендер.

Сондықтан татуластырудың төте жолы – медиация институтын жаң­ғыртуға ерекше мән берген жөн. Ал судья­лар отбасы-тұрмыстық деңгей­де туындайтын дау-жанжалдарды шешу­дің баламалы тәсілдерін одан әрі дамытуды ұсынып отыр. Ең басты мәселе – ТМД тәжірибесінде бұрыннан енгізілген мемлекеттік баж­дың төменгі шегін белгілеу қажет.

 

«Адамдар ашуланшақ болып кеткен»

Отбасы-тұрмыстық ұрыс-керіс­тер мен қоғамдық орындарда жиі тірке­летін дау-жанжалдардың бел орта­сында жүретін құқық қорғаушылар­дың бірі – учаскелік полиция инспекторы. Осыған орай біз Нұр-Сұлтан қаласындағы 9-тірек пункті­нің учаскелік полиция инспек­торы Нұралы Тәңірбергеновтен тәжірибесінде кездескен бір-екі оқиға жөнінде айтып беруін сұраған едік. По­лиция қызметкері: «Жұмыс бары­сында түкке тұрғысыз дауға бола дабыл қағып, полиция шақыртып, даурықтырып жүретіндер жетіп-артылады. Оның қай­сы­­бірін айта берейін?! Мысалы, күні кеше елорданың оңтүс­тік-шығыс ауданында 12 сағат кезек­шілік атқарғанда 10-нан астам шақыр­ту келіп түсті. Сол 10 арыздың 6-уы бір ауыз сөзден басталған жанжал. Қазір бір-бірінен бәле із­деп, дау қуғандар көбейіп кетті ғой. Адам­дардың көбі агрессивті, ашулан­шақ болып кеткен. Қит етсе, «Бұл – менің құқым!» деп қоқаңдап шыға келетіндердің дені шындығында заңдылықты қай кезде, қалай талап ету керектігін біле бермейді», дейді.

«Осыдан 4-5 жыл бұрын өзіме қарасты учаскеде тұратын бір әйел «Күйеуім мені өлтірейін деп жатыр, тез жетіңдер!» деп хабарласты. Үйіне барып, мән-жайды анықтағанда не күлерімізді, не жыларымызды біл­мей дал болдық. Себебі әйел ары­зында «күйеуім мені көзімен өлтіреді» деп жазып берген. Сөйтсек, отаға­сы әйеліне саусағының ұшын да тигіз­беген, тек ұрыс кезінде «Қойсаңшы!» деп еркектік айбат та-нытып, көзін аларт­қан көрінеді. Ал жанжалдың шы­ғуына түрткі болған дүние – әйелінің жасауымен келген құс жастық болып шықты. Баласының құстың жүніне аллергиясы барын білген күйеуі жас­тықты әйелі төркініне кеткенде қоқысқа лақтырып тастаған көрінеді. Артынан келген құс жастығының қо­қыста жатқанын көрген келіншек «Неге менің рұқсатымсыз дүниеме тиісесің?!» деп айқайға басқан. Былай қара­саңыз, полиция шақыртып, арыз жазып, жұртты дүрліктіретіндей дүние өртеніп кеткен жоқ. Бірақ отбасы берекесін сақтаудан гөрі құс жастығының құны құлқынын тесіп бара жатқан әйелдің бетпақтығы көңілге қаяу түсірді. Ақыр соңы шай­­пау мінезді әйелдің кесірлігінен күйеуін полицияға жеткізіп, есепке алу­­ға тура келді», дейді есінде ерекше сақта­лып қалған оқиғасымен бөліскен сақ­шы.

«Ұсақ-түйек дау-дамайдың бар­лығын тіркей беретін болсақ, арыздан аяқ алып жүре алмай қаларымыз анық» деген учаскелік инспектор әдетте әкім­шілік істердің көбі кодекстің 434-баптағы ұсақ бұзақылық пен 73-1-бапта көрсетілген денсаулыққа қаса­қана жеңіл зиян келтіру бойынша тірке­летінін жеткізді.

«Күні кеше осы соңғы бапқа қа­тысты әкімшілік іс сұлулық салон­дарының бірінде тіркелді. Тырнақ жасатуға келген бойжеткен шебердің жұмысына көңілі толмай, сол жерде екеуінің арасында ұрыс шыққан. Жастары небәрі 20-24-тегі қыздар ақыр соңы төбелес шығарып, шаш жұлысуға дейін барған. Төбелес кезінде клиенттің тырнағы сынып, ден­саулығына жеңіл зиян келгендіктен, әкім­шілік істі сотқа жолдауға тура ке­леді. Екі бойжеткенмен де сөйлесіп, оқи­ғаның қалай болғанын білгеннен кейін, бір келісімге келулеріне кеңес бердік. Алайда «тырнағым сынды» деп жер теуіп отырған қыздың қайтар түрі жоқ. Салон қызметкері де жеңіл-желпі дене жарақатын алған екен. Алайда ол «осыған бола арыз жазбаймын, тек сүйектен өткен сөзі намысыма тигені болмаса» деп отыр. Мұн­дай мысалдар қызметте өте көп кездеседі. Кейбірін елемеуге, қарау­сыз қалдыруға тырысамыз. Бірақ адам құқығы бұзылған оқиғалар бойын­ша міндетті түрде іс материалдары сотқа жолданады», дейді полиция қыз­меткері.

Учаскелік инспектор тікелей жауапты аумақта 2,5 мыңға жуық пәтер болса, онда 4,5 мыңға таяу адам өмір сүреді екен. «Әсіресе жалдамалы пәтер мен жатақханалары көп астананың оңтүстік-шығыс ауданы көлемі жағынан да үлкен, ең қиын учаске болып саналады. Үйдегі ұрыс неден туындайды? Сол баяғы, жұмыссыздық пен жоқшылық, ішкілікке салыну мен тұрмыс таршылығының кесірі. Кей адамдардың мәдениетсіздігі мен дөрекі мінезі де талай төбелес пен жанжалға «тұздық» болып жүргені рас» деген тәртіп сақшысы «бүлінген дүниені бүтіндеп, сынғанды қайта қалпына келтіруге болар, алайда адамдардың бір-біріне деген сыйластығы мен мейірімінің тарылып бара жатқаны алаңдатады» деген ойын да айтып қалды.

 

Татуласу дауды шешудің тиімді әдісі ме?

«Біз ешкімге соттаспа деп талап қоя алмаймыз. Сот билігінсіз әділетті қоғам да құра алмаймыз», дейді белгілі заңгер Абзал Құспан. Жалпы, елімізде дауды сотқа жеткізбей шешудің үш жолы бар. Олар: татуласу келісімі, медиация және пар­тисипативтік рәсім. Бұл үш жолдың бар­лығы да арнайы заң нормаларында анық-қанық жазылған. Судьяларға да істі қарар алдында осы жолдардың бірі­мен тараптарды татуластыруды ұсыну міндеттеледі. Өйткені үшеуі де кез кел­ген дау-жанжалды соттың қатысуын­сыз шешудің заңды жолдары болып табы­лады.

«Тығырықтан шығудың төте жолы – қолданыста бар дауды шешудің медиация және партисипативтік рәсім жолдарын дамыту ғана» деген адвокат қазіргі кезде ауыл-аймақтарда құрылып жатқан билер соты немесе ақсақалдар алқасы институтын жетілдіру арқылы соттағы азаматтық істердің санын едәуір азайтуға болатынына сенім білдірді. Заңгердің пікірінше, қазақ тарихында бұрыннан бар билер сотын қайта жаңғырту азаматтық қоғам құруға нақты қадам жасауға ықпал етеді. Бұл институт, әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлерінде жақсы дамыған.

«Қоғам болған соң дау-дамай туындамай тұрмайды. Ол кез келген уақытта, кез келген сәтте сіздің де басыңызда болуы әбден мүмкін. Жұмыс беруші, бизнестегі әріптес, банкпен, құдайы көршіңізбен, тіпті бұрын-соңды танымайтын адаммен де арада дау туындамайтынына ешкім кепіл бола алмайды. Ал сол дауды шешудің ең тиімді әрі өркениетті жолы ол – сот арқылы шешу, яғни соттасу!», дейді А.Құспан.

Заңгер «соттасу» деген сөз құлаққа түрпідей тисе де, даулы мәселе тек сот арқылы шешімін табатынын алға тартты. «Кейде біреулер үшін түкке тұрғысыз болып көрінетін, ал өзіңіз үшін өте маңызды мәселеде қарсыласыңызбен өмір бойы дауласып, өштесіп, қырғи-қабақ болып өтуіңіз мүмкін. Ал осы мәселені ащы ішектей создырмай, сот арқылы шешіп, бір жағына шығаруға да болады. Оның екі маңызды шарты бар, бірінші – дау­ды созбай, шешуге деген ерік-жігер, қалауыңыз, екінші – сотқа деген, сот жүйесінің әділдігіне деген сенім», деген адвокат дауды шешудің бір жолы медиацияның әлі де тәжірибеге кеңінен ене қоймағанын алға тартты.

Рас, «Медиация туралы» заңның қабылданғанына биыл 10 жыл болды. Жалпы, медиация жанжал нәти­жесіне мүдделі емес үшінші тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің жаңа түрі болғанымен, қоғамда бұл қызметке сұраныс көп деп айту қиын. Азаматтар, сондай-ақ заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінсе, сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтар­лықтай жеңілдетуге болар еді. Бұл бір шетінен анағұрлым ірі істер­дің шешілу сапасын арттыруға да септі­гін тигізері сөзсіз. Халықаралық статис­тикаға мән берсек, дамыған елдерде бар­лық даулардың 30-40 пайызы медиация рәсімінен өтіп, олардың 80-нен астам пайызында оң нәтижелерге қол жет­кізілген.

Алайда бұл жерде айта кетер бір кілтипан бар. Ол еліміздегі медиация құнының қымбаттылығына қатысты. «Медиация туралы» заңға сәйкес медиаторлар ақылы да, тегін де қызмет көрсете алады. Бірақ жұрттың көбі даудың тез әрі кәсіби шешілгенін қа­лай­тыны тағы бар. Ал кәсіби медиа­тор­лардың қызметтері ақылы әрі бұл баға дау санатына, қақтығыс сатысына және басқа факторларға байланысты өсе береді.

СӨЗ СОҢЫ. Қазақта «Ырыс баққан дау бақпайды» деген жақсы сөз бар. Мейірім азайған жерде ашу мен ұрыс-керістің алға шығары да анық. Алайда «шыбық тимей шаңқ етерліктен» аты озғанды көргеніміз шамалы. Себебі даукестікке бой ұру – құқықтық мемлекеттің қырын емес, керісінше кері кеткендігін көрсетеді. Қазіргі қоғамда не көп? Сөз қуғандар мен бәле іздегендер көп. Бір сөзге бола жауласып, дүниеге бола кектесіп, бітпейтін дау қуған жұрт бүгінде соттардың табалдырығын тоздырып жүр. Бейімбетше айтсақ, «Қайдан келесің? Соттан келемін»...