Жыл басынан бері өткен үш айдың ішінде Батыс Қазақстан облысында картоп, тауық жұмыртқасы, күнбағыс майы, қант, пияз, сәбіз, тауық еті, қырыққабат, сары май, қарақұмық жармасы секілді азық-түлік бағасы қымбаттаған екен. Соңғы күндері болған жанармай тапшылығы, оған бағаның өсуі тағы да қымбатшылыққа ұрындырмай ма? Бұл сауалдар халықты алаңдатып отырғаны анық. Онсыз да пандемия құрсауында, тұрақты түрде «қызыл аймақта» қалып отырған батысқазақстандықтар ертеңгі күннен не күтеді?
Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанна Бекқалиева азық-түлік бағасы өсуінің негізгі себебі – өндірістік және жемшөп шикізатының, оның ішінде басқа елдерден әкелінетін шикізаттың қымбаттауына байланысты туындағанын айтып отыр.
Атап айтқанда, былтыр аймақта күнбағыс алқаптарының шығымы нашар болған. Оның үстіне көрші елдер пандемияға байланысты азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп, алдымен өз қорын толықтырып алған. Тіпті Ресей Федерациясы күнбағысқа экспорттық баж салығын енгізген. Сөйтіп, шекара сыртынан келетін шикізат бағасы да өскен.
Тауық жұмыртқасының қымбаттауы да құс азығы мен шикізатының бағасы өсуіне әсер етті. Мысалы, кей азық түрлері 25-35%-ға көтеріліп, тоннасына 50-60 мың теңгеден 85-95 мың теңгеге дейін шырқаған. Еліміздің бірқатар өңірінде тіркелген құс тұмауы да жағдайды күрделі ете түскен.
Әрине, әр нәрсенің себебі бар екені рас. Бірақ оны түсіндіргеннен халықтың ахуалы жақсарып кетпейді ғой. Пандемияға байланысты көрші елдер қауіпсіздікті күшейтіп, қорын қампайтса, біз неге қарап қаламыз?
– Күнделікті тіршілікке қажетті, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің 19 түрі Үкімет қаулысымен бекітілген. Соның 15 түрі Батыс Қазақстан облысында өндіріледі. Ал тұз, қарақұмық, күріш және қант бойынша біз толығымен импортқа тәуелдіміз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашев.
Сонымен, дәл бүгінгі жағдай қандай? Денис Молдағалиұлы ұсынған мәліметтерге қарағанда, ауыл шаруашылығы басқармасы жалпы саны 661 мың облыс халқының әрқайсысы қандай азық-түлікпен қамтылғанын есептеп шығарған екен. Мәселен, 1 адам жылына орта есеппен 109 кг ұн өнімдерін тұтынады, сонда облыс халқы үшін 72,8 мың тонна астық керек. Ал өңір барлығы 107,1 мың тонна астық өндіреді. Яғни өңірдің өз астығымен қамтылуы – 148,5%. Макарон өнімдері бойынша да еш қауіп жоқ. Облыста жылына 64,3 мың тонна макарон өнімдері өндіріледі. Бұл жергілікті халықтың ішкі қажеттілігінен 11 есе артық.
Сараптамаға қарасақ, Батыс Қазақстанда 64,3 мың тонна картоп жиналған, яғни облыстың өзін-өзі картоппен қамтуы 98,0% көлемінде. Алайда жиналған 24,6 мың тонна пияз өнімі қажеттіліктің 70 пайызын ғана қанағаттандыра алады.
Оның есесіне өңірдің ет өндірісі әлеуеті өте жоғары, жылына дайындалатын 27 мың тонна ет ішкі қажеттіліктен 2 есе артық. Бұл рас, батысқазақстандық мал етінің дәмін көршілес Атырау мен Маңғыстау облыстары ғана емес, Ресей, Қытай, Иран секілді мемлекеттер де татып жатыр.
Өңірде тауық жұмыртқасы да жеткілікті. Жергілікті шаруашылықтар жылына 188 851,7 мың дана жұмыртқа өндіреді. Бұл облыстың әр тұрғынын күн сайын бір жұмыртқамен қамтуға толық жетеді.
Алайда астық пен етті еселеп өндіріп, өзін ғана емес, айналасын қамтамасыз етіп отырған Батыс Қазақстан сүтке, сүт өнімдеріне аса мұқтаж. Облыстағы түрлі сипаттағы шаруашылықтар жылына 63,3 мың тонна сүт өнімдерін шығарса, бұл барлық қажеттіліктің 20 пайызын ғана өтейді. Қалған 80%-ын өңір шеттен – көршілес облыстар мен Ресей Федерациясынан алуға мәжбүр.
– Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыру үшін кешенді шаралар қолға алынған. Әсіресе мал шаруашылығы әлеуетін одан әрі нығайтатын 25 жобаға 42,5 млрд теңге құйылып жатыр. Егін шаруашылығы бойынша 88,7 млрд теңгеге бағаланған 7 жоба жүзеге аспақ. Сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын 3 инвестициялық жоба бар. Мәселен, UralskTradeCompany сүт зауыты іске қосылғанда жылына 47 мың тонна өнім шығаратын болады. «Ақас» агрофирмасы іске қосуды жоспарлап отырған сүт фермасында жылына 2,5 мың тонна өнім шығарылмақ. «Каверина С.В.» жеке кәсіпкерлігі де өз шаруашылығын кеңейтіп, зауыт қуатын жылына 2,5 мың тонна өндіруге жеткізеді, – дейді Денис Молдағалиұлы.
Мамандардың айтуынша, дәл бүгін Батыс Қазақстан облысында азық-түлік тапшылығы болады деген қауіп жоқ. 2019-2021 жылдарға арналған тұрақтандыру қорын жасау үшін 350 млн теңге бөлінген. Бұған қоса былтыр COVID-19 пандемиясының қаупі төнген кезде жергілікті бюджеттен азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін тағы да 200 млн теңге бөлінді. Дәл қазір облыстың тұрақтандыру қоры қоймасында 398 тонна 1 сұрыпты астық, 65,5 мың литр күнбағыс майы, 76,1 тонна сиыр еті, 129 тонна күріш, 60 тонна макарон, 226 тонна қант, 91,5 тонна қарақұмық, 8 тонна тұз, 30 тонна тауық еті бар.
– Өңірде көкөніс бағасының өсуі – әдеттегі маусымдық құбылыс, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанна Бекқалиева. – Азық-түлік бағасы ырықсыз кетпеуі үшін жергілікті билік орындары жағдайды толық бақылауда ұстап отыр.
Батыс Қазақстан облысы билігі ұсынған бағаны тізгіндеп ұстаудың бір жолы – шекті бағаны қабылдау. Мәселен, 15 наурызда өткен комиссия отырысында күнбағыс майының 1 литрін 624 теңгеден асырмау жөнінде шешім қабылданып, сауда орындарына таратылған. Сондай-ақ сауда желілері арасында сөз байласуға жол бермеу үшін облыстық бәсекелестікті қорғау және реттеу департаментімен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдар монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтарды анықтау үшін сауда желілеріне талдау жүргізуде. Егер заң бұзушылық анықталса, тергеу жүргізіліп, кінәлілер жауапқа тартылмақ.
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін облыстағы тауар өндірушілермен, сауда желілерімен және көтерме жеткізушілермен 157-ден астам меморандумға қол қойдық. Атап айтсақ, «Дина», «Вега», «Лидер», «Суровский» және басқа ірі желілер, сондай-ақ «Желаев НӨК», «Кублей», «Жайық-Ет», «Береке», «Шанс» ЖШС сынды ірі тауар өндірушілер мен көтерме жеткізушілермен арада меморандумға қол қойылды, – дейді Жанна Палатқызы.
Айтпақшы, бағаны тұрақтандыру, ауылдағы тауар өндірушілер мен қаладағы тұтынушылар арасын делдалсыз жақындату үшін Орал қаласында «алаңнан сөреге дейін» тетігі іске қосылды. Яғни жергілікті атқарушы органдар «Ел ырысы» әлеуметтік шағын маркеттерінің жобасын іске асыруда. Бұл шағын маркеттер тікелей тауар өндірушілерге өз өнімдерін халыққа делдалсыз сату үшін ұсынылады. Бүгінде Орал қаласының әр аумағында 15 шағын маркет орнатылды. Ж.Бекқалиеваның айтуынша, жыл соңына дейін ауданы 40 шаршы метр болатын тағы 10 шағын маркет орнату жоспарланған. Айта кетейік, пандемия басталғалы осы шағын маркеттерді жалдау құны айына 75%-ға төмендетіліп, 17 500 теңге болыпты. Бұл маркеттерде қазір 10 жұмыртқа – 360 теңгеден, жоғары сортты ұнның 5 килосы – 172 теңгеден, күнбағыс майының литрі – 745 теңгеден, 2 кило қант 193 теңгеден, 3 кило күріш – 220, 2 кило қарақұмық 368 теңгеден сатылып жатыр екен.
– Қазір қалада «100 сауда орны» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Яғни www.gosreestr.kz порталы арқылы көше саудасы нысандарын орналастыру үшін кәсіпкерлерге 38 жер телімі берілді. Нан-тоқаш пісіретін өндірушілер 50-ден астам фирмалық дүкенін ашты. Яғни кәсіпкердің өнімі ешқандай делдалсыз, үстемесіз тұтынушыға тікелей сатылуда, – дейді Ж.Бекқалиева.
Сонымен, жергілікті билік «бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және тұрақтандыру бойынша жұмыс әрқашан назарда болады» деп отыр. Соңғы күндері бензин бағасының көтерілуі азық-түлік бағасын да өзімен ілестіріп әкетеді деп болжаушылар бар. Оны уақыт көрсетеді.
Батыс Қазақстан облысы