Грузияда сәуірдің 30-ынан бастап мамырдың 11-іне дейін мемлекеттік демалыс жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Шара адамдардың жүріп-тұруын шектеу үшін қабылданып отыр. Себебі елде эпидахуал нашарлаған. Үкімет шектеулер арқылы коронавирус індетінің үшінші толқынына тосқауыл қоюды қалайды. Бизнеске де жан-жақты қолдау көрсетуге ниетті.
Грузия үкіметі індеттің таралуын тоқтату үшін мамыр айының алғашқы бөлігіне демалыс жариялады. Экономиканы құтқару үшін барлық шаралар қолға алынып жатыр. Бірақ елде коронавирусты күніне 1 мыңнан аса адам жұқтырып, эпидемиологиялық ахуал нашарлаған. Мамандар індеттің үшінші толқыны басталғанын айтады.
«Соңғы уақытта елдегі эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлап кетті. Біз бұл туралы ескерткенбіз. Былтырғы қараша, желтоқсан айындағы ахуал қайталанып, қатаң шектеу енгізілгенін қаламаймыз. Сондықтан адамдарды бетперде тағып, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамын. Той-думан сияқты іс-шараларға баруды қысқарту керек. Вакциналауды күшейту қажет», дейді Грузия ауруларды бақылау жөніндегі ұлттық орталық басшысы Амиран Гамкрелидзе.
Грузияда қазірге дейін 22 мың адамға екпе салынған. Дәрігерлер «жоспардан қалмау үшін күн сайын 4 мың адамды вакциналау керек», дейді. Бірақ олардың қарасы екі есе аз. Бизнестің жандануы осы екпе науқанына тәуелді. Экономика министрлігі туризмді дамытудың жаңа жолдарын қарастырып жатыр.
«Бізде жоспар көп. Ауыл шараушылығының да туризмнің де дамуы үшін барлық шараларды қолға алып жатырмыз. Індеттен кейін туризмге сұраныс артуы мүмкін. Осыған байланысты агротуризм, экотуризм сынды жаңа бағыттарды дамыту ойда бар», дейді Грузияның экономика министрі Натия Турнава.
Бірақ қазір Грузияда жағдай қиын. Елдің барлық аймағында вирус жұқтырғандар қарасы артқан. Үкімет мамыр айындағы демалыс түрін, адамдардың жүрісін шектеу жолдарын талқылап жатыр.