• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2010

ІЗГІЛІКТІ ҚЫЗМЕТІНЕ ТАБЫС ТІЛЕДІ

601 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов “Еуразия диалогы” халықаралық қоғамдық қорының президенті Салих Ақшайды оның өтініші бойынша қабылдады, деп хабарлады осы палатаның  баспасөз қызметі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың Еуразиялық идеясы кездесудің басты тақырыбына айналды. Мә­жі­ліс Төрағасы ХХІ ғасырда өрке­ниет­ке бастаған елдердің арасын­дағы мәдени байланыстарды да­мы­ту, Біріккен Ұлттар Ұйымы және әлемдік қоғамдастықтың қолдауына ие болған Қазақстанның тәжірибесі мен Мемлекет басшысының баста­маларына тоқталып өтті. Бүгінгі таңда ядролық қарудан бі­рінші болып бас тартқан ел ретін­де Қазақстанның беделі артып ке­леді. Жаһандық даму кезінде ынты­мақтастық пен өзара түсіністік қа­лыптасқан жағдайда халықтардың рухани байлық арқылы жақын­да­суына мүмкіндік туатыны анық. Мейман “Еуразия диалогы” тұғыр­намасының бүгінгі атқарып отырған қызметі туралы баяндады. Айта кету керек, 1998 жылы Ыс­там­бұл қаласында өткен Еуразия жазушылары мен журналистері ас­социациясының алғашқы кезде­суін­де еркін, табыс табуды көз­де­мейтін, мемлекеттердің саяси іс-әрекетіне араласпайтын халықара­лық “Еуразия диалогы” тұғырна­ма­сын құру туралы ой туындаған. Атал­ған ұйым осылай дүниеге келген. Кездесу соңында Мәжіліс Төр­ағасы мейманның ізгілік жолын­дағы қызметіне табыс тіледі. МӘЖІЛІС БЮРОСЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палата Бюросының отырысында Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Депутаттардың талқысына “Қа­зақстан  Республикасының  Үкіметі  мен Ресей Федерация­сының Үкі­меті арасындағы Ресей Феде­ра­циясының “Байқоңыр” кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғын­да­ры­на медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімді ратифи­ка­циялау туралы” заң жобасы ұсы­нылатын болды. Сонымен қатар, “1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі, ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы” заң жобасын талқыға салу көзделіп отыр. Талқылауға “Қазақстан Респуб­ли­касы мен Испания Корольдігі ара­сын­дағы Стратегиялық әріп­тес­тік туралы шартты ратификациялау туралы”  заң жобасы да шығары­латын болады.