Нұр-Сұлтанның мобильді топтары кәсіпкерлік субъектілерінің карантин режимін бұзғанын анықтау және жолын кесу бойынша күшейтілген жұмыс жүргізуде. Өткен түнде шектеу шараларын сақтамаған тағы 4 мекеме жауапқа тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Коронавирустық инфекцияның алдын алу, таралу және жұқтыру қаупіне қарамастан, кейбір мекемелер карантиндік шектеулерді жүйелі түрде бұзып келеді.
14 сәуірде түнгі уақытта Есіл ауданында орналасқан «Coffee Vista» кофеханасы белгіленген жұмыс режимін сақтамай келушілерді қабылдады.
Осыған ұқсас жағдай Сарыарқа ауданындағы «Karima» кафесі мен «Панаехали» атмосфералық барында да орын алды.
Байқоңыр ауданында жұмыс істеуіне тыйым салынғанына қарамастан Respawn ойын клубы келушілерді қабылдады.
Жиналған материалдың бәрі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шара қолдану және құқық бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тапсырылды.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша қызыл аймаққа енгеніне бір айдан асты. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз болып отыр. Елорда тұрғындары мен қонақтары сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері карантиндік шаралар мен санитарлық нормаларды толықтай сақтауы тиіс, бұл қауіпті вирустың таралу қаупін азайтады.
Сондай-ақ елордада халықты КВИ-ге қарсы вакцинациялау бойынша жаппай науқан жүргізілуде. Бұл ұжымдық иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді және өмірдің қалыпты жағдайына оралуға көмектеседі.