Биыл 30-шы мәрте ұйымдастырылып жатқан футболдан Қазақстан чемпионатының 5-тур ойындары өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған доп додасының кезекті тур матчтарынан кейін турнир кестесінде бір емес, төрт команда көш бастады.
Турдың шымылдық ашар кездесуі ел чемпионатында жеңілістің не екенін білмей келе жатқан «Қызылжар» мен биыл қайтадан жоғары лигаға оралған «Ақтөбе» клубтары арасында өтті. Петропавлдағы «Қарасай» стадионында ұйымдастырылған матчта алаң қожайындары қоржында тұрған үш ұпайынан айырылып қалды. «Қызылжар» ойыншылары кездесудің 90-минутына дейін 1:0 нәтижесімен алда тұрған. Алайда төреші қосқан қосымша 4 минуттың ішінде қақпаларына екі гол өткізіп алып, чемпионаттағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. «Ақтөбе» сапынан 90-минутта қосалқы құрамнан алаңға шыққан Дидар Жалмұқан таразы басын теңестірсе, 94-минутта Рифат Нұрмұғамет өз командасына жеңіс сыйлады. Бір қызығы, Рифат соңғы үш матч бойы алаңға қосалқы құрамнан шығып гол соғып келеді. «Ақтөбе» өткен турда «Ордабасымен» болған матчта соңғы минутта тең есепке қол жеткізсе, бұл жолы есепті теңестіріп қана қоймай, тамаша камбэк жасады.
Алғашқы турда ғана жеңіске жетіп, кейінгі ойындарда қарсыластарына ұпай «сыйлап» келе жатқан Қарағандының «Шахтері» бұл жолы да жеңіліс тапты. «Астана Арена» стадионында Оралдың «Ақжайық» клубымен кездескен «кеншілер» ұжымы 2:1 есебімен жеңіліп қалды. 4-турда «Тараздан» 4:0 есебімен жеңілгеннен кейін «Шахтердің» бас бапкері Әли Әлиев қызметінен кеткен соң, команда тізгінін уақытша Андрей Финонченко ұстаған-ды. Өкінішке қарай, клубтың аңыз ойыншысы болған Финонченко да жанкүйерлерін жеңіспен қуанта алмады.
5-турдың орталық әрі ең нәтижелі матчы Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтті. Жергілікті «Ордабасы» өз алаңында елорданың «Астана» клубын қабылдап, 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Ойынның алғашқы таймында екі команда да бір-бір гол соғып, үзіліске тең нәтижемен тарқасқан еді. Бірінші таймда алаң иелерінен Еркебұлан Тұңғышбаев көзге түссе, қонақтар сапынан Абат Айымбетов мергендік танытты.
Екінші таймда қонақтардың қарқыны күшті болды. 52-минутта Тигран Барсегян пенальтиді сәтті орындап, командасын алға шығарса, 60-минутта Абат Айымбетов дубльдің авторы атанды. Матчтың нүктесін 78-минутта Марин Томасов қойды. Осылайша, «Ордабасы» клубы да чемпионатта алғаш рет жеңіліп, турнир кестесіндегі нәтижесін нашарлатып алды.
Турдың тағы бір тартысты ойыны «Каспий» мен былтырғы ел чемпионы Алматының «Қайраты» арасында болды. Ақтаудағы «Жас Қыран» стадионындағы матчта қонақтар 10 ойыншымен қалса да, тең нәтижеге (1:1) қол жеткізді. Кездесудің есебін 32-минутта «Каспий» клубының жартылай қорғаушысы Руслан Мингазов ашты. Ал 37-минутта екінші сары қағазын алған Айбол Әбікен алаңнан қуылып, командасын қиын жағдайға қалдырып кетті. Дегенмен араға төрт минут салып, «Қайраттың» қорғаушысы Денис Поляков таразы басын теңестірді. 1:1 есебі ойын соңына дейін өзгерген жоқ. Алғашқы бес турда «Қайрат» осымен екінші мәрте қарсыласымен ұпай бөлісуге мәжбүр болды.
Мамандар тарапынан биылғы чемпионаттың бас жүлдесінен негізгі үміткер деп бағаланған Қостанайдың «Тобылы» бұл турда Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады. «Тобыл Аренада» өткен кездесуде алаң иелері ойынның екінші минутында Тони Сильваның соққан голының нәтижесінде 1:0 есебімен басым түсіп, қажетті үш ұпайына қол жеткізді. «Тобыл» ойыншыларында «Қайсарды» ірі есеппен жеңетіндей мүмкіндіктер болған еді. Алайда 74-минутта Қызылорда командасының қорғаушысы Кларенс Битанг алаңнан қуылып, «Қайсар» 10 футболшымен қалса да қорғаныста сауатты өнер көрсетті.
Биыл жоғары лигаға оралған Атыраудың «Атырау» клубы бесінші турда алғашқы ұпайына қол жеткізді. «Мұнайшы» стадионында Талдықорғанның «Жетісу» клубымен өткен ойында алаң иелері 10 ойыншымен 2:0 есебімен жеңіліп жатып, матч соңындағы жігерлі ойынының арқасында таразы басын теңестіріп кетті – 2:2.
Турдың соңғы матчында чемпионаттың дебютанты «Тұран» «Түркістан Аренада» біріншілікте тәп-тәуір ойын көрсетіп жүрген Тараздың «Тараз» командасын қабылдады. Тең дәрежеде өткен кездесуде қонақ команда 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды «Тараз» сапынан матчтың 79-минутында Педро Эуженио салды.
18-19 сәуірде өтетін 6-турда (жексенбі күні) «Тараз» – «Ақжайық», «Астана» – «Қызылжар», «Қайсар» – «Атырау» клубтары кездессе, дүйсенбі күні «Ақтөбе» – «Шахтер», «Қайрат» – «Тобыл», «Тұран» – «Каспий» және «Жетісу» – «Ордабасы» командалары ойнайды.
Турнир кестесі
№
Клуб
О
Ж
Т
Ұ
Доп
айырмасы
Ұпай
1
«Астана»
5
3
2
0
15-6
11
2
«Қайрат»
5
3
2
0
13-4
11
3
«Тараз»
5
3
2
0
10-4
11
4
«Тобыл»
5
3
2
0
7-2
11
5
«Ақтөбе»
5
2
3
0
11-8
9
6
«Қызылжар»
4
2
1
1
4-2
7
7
«Ордабасы»
4
2
1
1
9-9
7
8
«Ақжайық»
5
2
0
3
4-6
6
9
«Каспий»
5
1
2
2
5-6
5
10
«Қайсар»
5
1
1
3
5-9
4
11
«Тұран»
5
0
2
3
4-12
2
12
«Жетісу»
5
1
1
3
5-8
1
13
«Атырау»
5
0
1
4
5-13
1
14
«Шахтер»
5
1
0
4
2-10
0